Жүйелі жұмыстың нәтижесі жетістікке жетелейді
Сәрсенбі күні аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Шорабек Атабаевтың төрағалығымен аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Отырысқа Қоғамдық кеңестің мүшелерімен қатар ауыл әкімдері, мекеме басшылары қатысты. Жиында 3 мәселе қаралды. Әуелі Луговой ауылдық округінің әкімі Мұратбек Свановтың 2022-2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебі баяндалса, содан соң аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айхан Назарбековтің, сондай-ақ, Құлан ауылдық округінің әкімі Еркін Сейтжапаровтың өткен және осы жылы атқарылған жұмыстары тыңдалды.
Ең бірінші болып баяндама жасаған Мұратбек Айтымбетұлы Луговой ауылының әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму перспективасы, сондай-ақ, ауылда мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы жөнінде кеңінен баяндап берді.
Рас, Луговой ауылында атқарылып жатқан жұмыстарға көңіл толады. Былтыр бұл ауылда спорт кешені салынып, пайдалануға берілді. Биыл 2003 жылдан бері жөндеу көрмеген ауылдық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша да Луговойдың өзге ауылдардан бәсі жоғары. Бұл ауылдағы көп сөз болатын мәселе Түрксіб теміржолының алдын абаттандыру жұмыстары.
Отырыста қоғамдық кеңес мүшелері осы мәселені көтерді. Мұратбек Айтымбетұлы қойылған сауалдарға тиісті жұмыстар өз деңгейінде атқарылып жатқандығы туралы дәйекті мысалдармен айтып өтті.
Содан соң баяндама жасаған аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айхан Назарбековтің де атқарылған жұмыс туралы баяндамасы Қоғамдық кеңес мүшелерінің көңіліне жақты.
Одан кейін Құлан ауылдық округінің әкімі Еркін Сейтжапаров трибунаға көтерілді. Ол да өзінің әріптесі Мұратбек Айтымбетұлы секілді өзі басқарып отырған Құлан ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы бағдарлы баяндама жасады.
Құлан ауылдық округінде де жұмыстар жүйелі жүргізіліп жатыр десек болады. Соның ішінде орталық алаңда ашылған субұрқақты айтсақ та жарар. Аудан орталығы болып есептелетін ауылда да көшелерге жарықшам орнату және асфальттау жұмыстары жүргізілуде. Алайда, Қоғамдық кеңес төрағасы Шорабек Атабаев пен ол төрағалық етіп отырған Қоғамдық кеңес мүшелері Құланның кейбір көшелерінде жарықтың сөніп қала беретіндігін қозғады. Еркін Сейтжапаров бұл мәселеге қатысты ойын еркін жеткізіп, қойылған сауалдарға нақты жауап берді.
Қоғамдық кеңес отырысының негізгі түйінін Шорабек Атабаев қорытындылап, әкімдер мен әртүрлі деңгейдегі мекеме басшылары халықпен бірлесіп, тығыз байланыста жұмыс істейтін болса, тұрғындардың да мемлекеттік қызметшіге не болмаса ел тізгінін ұстап отырған азаматтарға көзқарасы оң болатынын айтты.
М.Диханбай.