Көкдөнен мен Көгершінде кезегін күткен мәселе көп

130 Views

Күн өткен сайын ауыз су және ағын сулардың тапшылығы өзекті мәселеге айналып барады. Жер асты суына әрі тау қарына тәуелді біздің аудан үшін аталмыш проблеманың өзекті болуы – заңдылық. Соңғы кездері бір байқағанымыз, қай ауылдық округке барсақ та, осы қос мәселе жиі көтеріліп жатады. Тіршілік нәріне тарыққан тұрғындар жергілікті атқарушы биліктен осы бір мәнді мәселені тез арада шешіп беруді ылғи да сұрайды.

Бірақ, су тапшылығының орын алуы тек біздегі ғана проблема емес. Тіпті, оның ғаламдық мәселеге айналғаны қашан?! Әсіресе, Орта Азия елдері жуық арада су тапшылығымен бетпе-бет келуі бек мүмкін. Бұл туралы экологтар да дабыл қағуда. Алысқа барудың қажеті жоқ. Күні кеше ғана айыр қалпақты көрші ағайын елімізге ендігі әрі су бере алмайтынын, өйткені өздеріне де жетпейтінін айтып, әлеуметтік желіні шулатты. Әрине, бұл шындыққа жанасатын ақпарат.
Апта басында аудан әкімінің орынбасары Ерғазы Еспенов Прези­денттің №826 Жарлығында айтылған тапсырмаларды орындау мақсатында кезекті рет Көгершін және Көкдөнен ауылдық округтеріне барды. Елді ме­кен тұрғындарымен кездесіп, жиын барысында «ең өзекті» деген мәселелерді ортаға салды. Сондай-ақ, атқарылып жатқан тірлікті тізбектеп, алға қойылған жоспарлар мен жұмыстар жайында кеңінен ақпарат берді.
Ең алғашқы кездесу Көгершін ауылында өтті. Аудан әкімінің орынбасары Ерғазы Жұмабекұлы ауылшаруашылығы, құрылыс, бөлшек сауда мен шағын орта бизнестің дамуы, инвестиция тарту және тұрғындарды әлеуметтік қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды мәлімдеп берді.
– Біз бүгін сіздермен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылы 3 наурызда қабылдаған Жарлығы аясында кездесіп отырмыз. Белгілі себептермен аудан әкімі ауыл­дарыңызға бүгін келе алмады. Дейтұрғанмен, жұмыс бекітілген тәртіпке сәйкес жүргізіле береді. Егер де өздеріңізді толғандырған қоғамдық мәселе болса, осы жерде айтыңыздар. Ал, егер де жеке басқа қатысты сұрақ­тарыңыз болса, өздеріңізді жеке қабыл­дауға дайынмын, – деп сөз кезегін тұрғындарға берді.
Көгершін тұрғындары жоғарыда сөз еткен ауыз су мен тау суының жетіспеушілігін, ауылға апаратын жолдың тарлығын және оған жөндеу жұмыстарын жүргізу керектігін, көше жарығы, мал өлексесін тастайтын орынды анықтауды, жайылым жердің аумағын кеңейтуді өтінді. Ерғазы Жұмабекұлы барлық сұрақтарға заң аясында жауап беріп, тұрғындардың құқықтық міндеттерін толығымен түсіндіріп берді.
Түске қарай дәл осындай жиын Көкдөнен ауылдық округінде де жал­ғасты. Аталмыш ауылдық округтің тұрғындарыда ауыз су және ағын су, Көкдөненге спорт зал мен Жақсы­лыққа мәдениет үйін салу, су тас­қыны кезінде бүлінген Қызылпан Сұлтан­беков атындағы мектептің алдын қайта қалпына келтіру, «Нұр-ай» балабақшасы маңына және Көк­дөнен ауылының орталық жолына жылдамдықты бәсеңдеткіш белгілерін орнату, Мэлс Өзбеков атындағы көше тұрғындарының өтінішін қанағат­тандыру және пилоттық жоба төңіре­гінде кездесіп жатқан мәселелер жайын­да сөз қозғады.
Аудан әкімінің орынбасары бұл сұрақтарға да тосылмай жауап беріп, қордаланған мәселелер бойынша атқар­ыл­ған жұмыстарды атап өтіп, шешу жолдарын көрсетті. Ізінен көтерілген мәселелерді хаттамаға тіркеп, жауап­ты сала басшыларына бірқатар тапсыр­малар жүктеді.

Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: