154 Views
Ата-бабаларымыз өскелең ұрпағына «Еңбекке икемді болсаң, еліңе сүйкімді боласың» деген даналық сөз қалдырған. Бұл өмір тәжірибесінен алынған пәлсапа. Күнделікті күйбең тіршіліктен бір сәт босап, жан-жағыңа зер салып, көз жіберетін болсаң, айналаңда еселі еңбегімен ел құрметіне бөленіп, өсиетте айтылғандай көпшіліктің сүйкімдісіне айналған жандар көптеп саналады. Солардың бірі – бар саналы ғұмырын салық қызметі саласына арнап, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған жаны жайсаң әріптесіміз Шахизада Жаңылбекқызы Егембердиева.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының бастамасымен өткен «ҚР Құрметті азаматы» атты Республикалық байқауда салық қызметінің ардагері, сала саңлағы, ұзақ жылдар қызметтес болған әріптесіміз, бүгінгі зейнеткер Шахизада Егембердиева салық қызметі саласының үздігі атанып, байқаудың шарты бойынша «ҚР Құрметті азаматы» және «ҚР еңбек сіңірген қызметкері» деп танылып, қос бірдей төсбелгімен наградталып, арнайы дипломмен марапатталғандығын естігенде шын жүрегімізбен қуандық. Шахизада шын мәнінде мұндай құрметке нағыз лайықты жан.
Жоғары оқу орынын экономист мамандығы бойынша тәмамдаған соң, Шәкең алғашқы еңбек жолын Қазақстан Республикасының қаржы министрлігінде бастады. Институт қабырғасында алған білімін тәжірибемен ұштастырған білікті маман бұдан соң Жамбыл облыстық Қаржы Басқармасында еңбек етіп, жақсы қырынан таныла білді.
Әлі есімде, 1990 жылдың шілде айы болатын. Шахизада Егембердиева қаржы саласынан салық қызметіне ауысып келді. Білікті маман, талапшыл жан алғашқы күннен аудандық бюджетті салықтан түсетін қаржымен толықтыру жолында бел жазбай еңбек етті. Салық қызметінің қай бөлімінде еңбек етпесін өзінің бұл саланы жетік білетіндігімен көзге түсті. Әсіресе, ол кіммен болса да тіл табыса білетін өзгеше қасиетімен көзге ілінді. Соның нәтижесінде білікті маман жетекшілік ететін бөлімдер әрқашан алдыңғы орыннан көрінді.
Шахизада Жаңылбекқызы қайсыбір лауазымда еңбек етпесін, бюджеттің кіріс бөлімінің нығаюына, салық қоржынының қомақты болуына бар күш-жігерін жұмсап, ауданның әлеуметтік-экономикалық деңгейінің алға басуына мол үлес қосты.
Салық саласы саңлағының еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Ол аудандық, облыстық деңгейдегі барлық марапаттарға ие болды. Салық комитетінің мақтау қағаздарын алды. Ал күні кеше берілген қос бірдей атақ Шахизада Жаңылбекқызының көп жылғы еңбегіне берілген әділ баға, зор құрмет. Бүгінде Шәкең ұлдары мен қыздарына және немерелеріне өсиет айтып отырған бақытты әже. Белсенді жан. Аудандық «Әйелдер» кеңесінің мүшесі ретінде де қоғамдық жұмыстарға етене араласып, қыруар іс тындырып, көпшіліктің алғысына бөленуде.
Бейсехан Исабеков,
салық қызметінің ардагері.
Поделиться ссылкой: