Аудандық қоғамдық кеңестің көшпелі отырысынан

799 Views

Жақсылықтағы жиында жер мен судың мәселесі талқыланды

  Қоғамдық кеңестердің мәртебесі мен өкілеттілігін анықтайтын «Қоғамдық кеңестер туралы» Заң қабылданғанына да үш жылдан асты. Халықтың әлеуметтік мәселелерін жергілікті билік өкілдеріне жеткізіп, олардың оң шешім шығаруына ықпал ететін бұл Қоғамдық кеңестің жұмысына қарапайым халықтың кез-келген өкілі қайырылып, мұң-мұқтаждарын жеткізе алады. Соның бір мысалы аудандық Қоғамдық кеңеске жуырда Жақсылық ауылының тұрғындары өз арыз-шағымдарымен келген еді. Мәселенің мәнісін, анық-қанығын анықтау мақсатында ауыл тұрғындарымен кездесіп, түйткілдің түйінін ел ішінде тарқатуды көздеген Қоғамдық кеңестің төрағасы Шорабек Атабаев өткен аптада көшпелі отырыс жасады. Қызылпан Сұлтанбеков атындағы орта мектептің акт залында өткен көшпелі отырысқа Қоғамдық кеңестің барлық дерлік мүшелері қатысты. Сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасары Манарбек Тлепов бастаған жергілікті биліктің бірқатар басшылары мен ауылдық округ әкімдері де тұрғындардың талап-тілегіне құлақ түрді.

«Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, ауыл жұрты – тау суының ала жаздай ауылға келмегеніне наразы. Жиын барысында тау етегінен жайылымдық жер алып, оның нысаналы мақсатын өзгертпестен жоңышқа еккен, алма бақтарын отырғызып, оларды суғаруы салдарынан ауылға су келмегені анықталды. Қоғамдық кеңестің тұрақты комиссиясының төрағасы Мұратхан Стыбаев аталған кемшіліктердің орын алуына жайылымдық жерді жалға алған кәсіпкерлермен қатар, жергілікті атқарушы органдардың да қатысы барын ашып айтты. Расында да, ауылдық округ әкімдігі өз құзыреті шегінде ел ішіндегі кез-келген мәселеге бей-жай қарамауы керек қой. Елді мекенді сумен жабдықтауды ұйымдастырып, су пайдалану реттілігін бірінші кезекке қойса, мұндай мәселе болмас еді. Сондай-ақ, аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің де кемшілігі көзге ұрып тұр. Олар мемлекеттік қызметтік ережелерінде көрсетілген міндеттемелерін дұрыс орындап отырған жоқ. Атқарушы орган жер учаскелерін беру және олардың нысаналы мақсатын өзгерту жөніндегі жұмыстарына жеткілікті дәрежеде қарамағандықтан жер иеленушілер өз беттерінше «Билік ету» арқылы заңсыздыққа жол берген.

    Халықтың талабы орынды екенін айтқан Шорабек Атабаев кемшілікке көз жұма қараған ауылдық округ әкімі Төлеген Атабаевты және жер қатынастары бөлімінің басшысы Доcмұханбет Жанәділов пен «Қаз Су Шар» РМК Құлан өндірістік бөлімінің басшысы Айдын Сансызбаевты халық алдына шығарып, жауаптарын тыңдады. Ауыл әкімі де, жер қатынастары бөлімінің басшысы да кеткен кемшіліктерді мойындағанымен қызметке келгендеріне көп болмағанын, алдағы уақытта олқылықтардың орнын толтырып, жұмыла жұмыс істейтіндіктерін жеткізді. Алайда, «Қаз Су Шар» РМК Құлан өндірістік бөлімі басшысының уәжіне қанағаттанбаған төраға оның сөзін бөліп, сөзден іске көшуге шақырды. Ал, жарыссөзге шыққан аудандық мәслихат депутаты Сәтжан Мамырбаевтың «Тау суының ауылға молынан келуі үшін латок қою керек» деген ұсынысын қолдап, қажетті құжаттарын дайындап, тиісті орындарға тапсыруға кеңес берді.

Көшпелі отырыста ауыл ардагері Боқай Әсемқұлов тұрғындар атынан аудандық қоғамдық кеңеске ризашылығын білдіріп, жіберілген кемшілікті біріге отырып шешу керектігін айтса, Әмзе Тәжіков өз сөзінде «Жақсылық ауылына келіп көшпелі отырыс өткізген қоғамдық кеңестің төрағасы мен мүшелеріне алғысымды жеткізгім келеді» дей келе, өзінің де жайылымдық жеріне жоңышқа еккенін, ауылға су келмеген соң лажсыздан барғанын, тау суы келсе өз үйінің жанындағы жерді пайдаланатынын айтып, осыған ауыл тұрғындарын да шақырды.

Аудандық қоғамдық кеңес отырыста жергілікті атқарушы органдар мен Жақсылық ауылының әкіміне, сондай-ақ, барлық ауылдық округ әкімдеріне көрсетілген кемшіліктерді жою және алдағы уақытта болдырмау жөнінде ұсыным берді.

Қ.ҚОЙШЫМАНОВ, аудандық Қоғамдық

кеңестің хатшысы.

 

Поделиться ссылкой: