«Мектепке жол» акциясына депутаттар да дем беруде

65 Views

Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен 1 тамыз бен
30 қыркүйек аралығында еліміздің барлық өңірлерінде «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы басталған болатын. 2008 жылдан бері дәстүрге айналған бұл жоба биыл «Жақсылық жаса» ұранымен жалғасын тауып отыр. Айта кетейік, аталмыш жоба аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан сондай-ақ, асыраушысынан айырылған ерекше білім беруді қажет ететін балаларға әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған.

Аты аталған министрлік ағымдағы жылы «Мектепке жол» акциясы аясында демеушілер мен меценаттардың көмегімен 200 мыңнан астам оқушыға көмек көрсетуді, оған 3 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсауды көздеп отыр. Министрлік көздеген бұл меже қаншалықты орындалып жатқанын білмейміз. Бір білеріміз, аудан аумағында аталмыш жақсылық жасау эстафетасына үн қосып жатқан жомарт жандар жетерлік. Оған газетіміздің алдыңғы сандарында жарыққа шыққан мақалаларды айқын дәлел ретінде келтіре аламыз. Ал бүгін біз қасиет қонған Қарақат жұртшылығының жасаған жақсылықтары туралы сөз қозғауды жөн көрдік.
Бүгінде №2 шағын орталықты орта мектебінде 150-ден астам оқушы бар. Оның ішінде биыл «Мектепке жол» акциясына 9 оқушы таңдап алынған. Оларды мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін ардагер ұстаздар, мұғалімдер мен кәсіпкерлер барынша тартылған. Атап айтар болсақ, аталмыш акцияға үн қосқандардың тізімінде ардагер ұстаздар Алшакүл Жанасова мен Бейсекүл Төлеуішова және ақ жаулықты аналар Рәткүл Ниязбаева, Бейсекүл Шарғынқызы секілді қадірлі қарттар да бар. Сондай-ақ, ауыл ісіне ұдайы белсенді түрде араласатын Смайл Гериков пен Елжан Күзербай сынды жеке кәсіпкерлерді де ерекше атап өткеніміз жөн болар. Сонымен қатар, қайырылымдық акциясына аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Есеев бастаған әкімдік қызметкерлері де қатысып, белсенділік танытты.
Бір қуантарлығы, жақсылық жасау акциясына аталмыш ауыл тұрғыны, жеке кәсіпкер, аудандық мәслихаттың депутаты Талғат Тәттіқожаев та ауыз толтырып айтарлықтай үн қосқан. Халық қалаулысы өз жеке қаражатына бірнеше оқушыға қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған сөмкелерді алып, сыйға тартқан. Бұл қадам мәслихат депутатының ауыл ісіне, тыныс-тіршілігіне ұдайы атсалысып тұратындығын анық аңғартады.
Журналист әрі әдебиет сыншысы Николай Шелгунов өзінің бір сөзінде «Ерлік әдетте жұмсақ мінезді серік етеді, сондықтан ержүрек адам қайы­рым­дылық жасауға басқадан гөрі қабілетті келеді» деген екен. Аталмыш акцияға атсалысқан әскерилер мен ержүректі ауыл азаматтарының, ел ағаларының және де бұрындары құқық қорғау саласында еңбек етіп, бүгінде ел ісіне етене араласып жүрген Талғат Сайлау­ұлы секілді азаматтардың жасаған қайырымды істеріне қарап, әдебиет сыншысының бұл сөзінде шындық бар екен-ау деген ойда қаласың.
Ардақты ағайын! Акция қыркүйек айының соңына дейін жалғасады. Жоғарыда аты аталған қайырымды жандардың қатарында болғыларыңыз келсе, жақсылық жасаудан мейлінше қалыс қалмаңыз.

Жәнібек Сұлтан.

Поделиться ссылкой: