Қарт ананы құттықтады
27 ViewsЖурналистика – жүрекке салмақ салатын мамандық. Неше түрлі кейіпкерлермен тілдесесің. Бірінде қуанасың, енді бірінде кейбір адамдарға қолдың қысқалығынан көмектесе алмай, «өзіңді-өзің жейтін» сәттер көп…
АУДАН ӘКІМІНІҢ КУБОГІ ҚҰЛАНДЫҚТАРДЫҢ
ҚАНЖЫҒАСЫНА БАЙЛАНДЫ
Күні кеше кәрі құрлықтың басты додасына іріктеу ойындары өтті. Футболдан еліміздің бас командасы алғашында финдермен кездессе, қыркүйектің 10-ыншы жұлдызында Солтүстік Ирландия құрамасымен күш сынасып көрді. Алғашқы финдермен өткен кездесуде біздің жігіттер минималды есеппен есе жіберсе, екінші ойында керісінше 1:0 есебімен жеңіске жетті. Осылайша ұлттық құрама қосымша үш ұпайға қол жеткізіп, турнирлік кестедегі жағдайын түзеп алды. Бұл – республика деңгейінде атқарылып жатқан жұмыстар. Ал ауданда ше?
Аудан аумағында да бұқаралық спортты дамытуға ерекше ден қойылған. Әсіресе, ауданда ала допты өзіне серік еткендердің саны өте көп. Оны біз өткен аптаның демалыс күндерінде ұйымдастырылған «Аудан әкімінің кубогі – 2023» турнирінде анық ағардық. Басынан бастап баяндайық…
Футбол – миллиондаған жанкүйері бар әлемдегі ең бірінші спорт түрі. Бұл ойын түріне еңкейген қариядан бастап, кішкентай балаға дейін қызығатынын айтпасақ та өздеріңізге белгілі. Бағзы заманнан бері ат үстінде өскен қазаққа аталмыш ойын тансық болып келген. Соңғы кездері бұл жағдай жақсы жаққа түзелгендей көрінеді. Оған ұлттық құраманың ойынын айқын дәлел ретінде келтіруге болады.
Луговой ауылдық округінде өткен тартысты турнир екі күнге жалғасты. 18 команда қатысқан доданың ашылу салтанатына аудан әкімі Ернар Есіркепов, аудан әкімінің орынбасарлары Әлібек Терлікбаев пен Бауыржан Есеев, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерлік Шабеев, ішкі саясат бөлімінің басшысы Рүстем Қырықбаев, Құлан және Луговой ауылдық округінің әкімдері Еркін Сейтжапаров пен Мұратбек Сванов қатысты. Сондай-ақ, шарапаты мол іс-шарада Ұланбек Омарбеков бастаған спорт ардагерлері мен жас спортшылар да төбе көрсетті. Олардың қатарында жуырда ғана Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен байрақты бәсекеде өзгелерден оқ бойы озып, мінбе биігінен көрінген Ерсін Станбек те болды.
Салтанатты шарада алғашқы сөз аудан әкіміне беріліп, Ернар Серікәліұлы аталмыш салада атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталды.
– Соңғы кездері аудан аумағында спорт саласына ауыз толтырып айтарлықтай көңіл бөлініп келеді. Биылдың өзінде үш бірдей спорт нысанын пайдалануға береміз. Көгершіндегі алғашқы нысан халық игілігіне беріліп те қойды. Бұл – бір. Екіншіден, жас спортшыларымызға да қолдау көрсетуді күшейтудеміз. Соның нәтижесі болар, Ермахан, Ислам, Ақжүрек, Елдос сынды даңқты жерлестеріміздің жолын жастарымыз лайықты түрде жалғастырып келеді. Солардың бірі – арамызда тұрған Ерсін Станбек. Көкдөнендік бауырымыз жуырда ғана Дубайда өткен жарыста қола жүлдегер атанды, — деп, Ерсін Станбекке өзінің және аудан тұрғындарының атынан сый-сияпатын ұсынды. Сөз соңында аудан басшысы турнирдің тартысты өтетініне сенім білдіріп, барша қатысушыларға сәттілік тіледі. Спортшыларға сәттілік тілеушілердің қатарына сала ардагері Ұланбек Омарбеков те қосылып, ақжарма тілегін арнады. Ізінен қатысушы командаларға ойынның жалпы ережесі таныстырылып, әр округтен келген 18 құрама топ-топқа бөлінді.
Расымен де, турнир тартысты өтті. Жартылай финалға Көгершін, Көкдөнен және Құланның қос командасы шықты. Жартылай финалдың алғашқы ойынында Құлан мен Көгершін командасы шығып, ақтық мәреде ойнау мүмкіндігін сарапқа салды. Ойын 2:0 есебімен аяқталып, осылайша құландықтар көгершіндіктерден басым түсті. Ал екінші ойынға «Құлан – 96» командасы мен Көкдөнен құрамасы шығып, бір-бірін ала алмады. Ойын соңы 0:0 есебімен аяқталып, қос тарап финалға шығу мүмкіндігін пенальти арқылы шешуге уағдаласты. Осылайша 2:3 есебімен көкдөнендіктер басым түсіп, финалға шықты.
Үшінші орынға таласта «Құлан – 96» командасы көгершіндіктерден басым түсті. Ойын нәтижесі 1:1 болып аяқталып, пенальти тебу кезеңінде 3:1 есебімен құландықтар дес бермей, жиылған жұртқа өз шеберліктерін паш етті. Ал финалда Құланның екінші құрамасы Көкдөнен командасын 2:0 есебімен ұтып, кубок иегері атанды.
Сонымен, турнир нәтижесі бойынша Саятжан Нұралиев «Ардагер спортшы», Асхат Құрымбай «Үздік ойыншы», Айсерік Досымбеков «Үздік қақпашы» номинациялары бойынша марапатталса, жарыстың «Үздік шабуылшысы» атағына Елжан Сайлау лайық деп танылды. Жеңімпаздарға кубокпен бірге ақшалай сыйлық та табыс етілді. Мәселен, төртінші орынға табан тіреген Көгершін командасы 30 000 теңге, ІІІ орынды иеленген «Құлан – 96» құрамасына 50 000 теңге, күміс жүлдені қанжығасына байлаған көкдөнендіктерге 100 000 теңге, ал бас жүлде иегерлері Құлан командасына 180 000 теңге табысталды.
Айта кетейік, турнирдің жоғары деңгейде өтуіне «Құлан жолдары» ЖШС-інің директоры Руслан Оразхан қаржылай қолдау жасап, демеушілік көрсетті.
Жәнібек СҰЛТАН.