Алғыс айтамын!

122 Views

Қазір жұрттың көбі дәрігерлерге сенім артпайды. Анау дейді, мынау дейді, әйтеуір, өкпелері қара қазандай. Дегенмен, өз басым қазақтың меди­цинасына, ақ халатты абзал жанды дәрігерлеріне сенемін және қолдаймын. Неге десеңіз, өзім де науқас жандардың қатарында болдым.
Қазір «эпилепсияны емдеу мүмкін емес» деген түсінік қалыптасып қал­ған. Ол сөз бекер дер едім. Өз-өзіңді жоғалтпай, дәрігер нұсқауымен ем алсаң, ол дертті де жеңуге болады екен. Оның мысалы ретінде мына өзімді де айтсам болады.
Жасырып керегі не, анда-санда естен танып қалатын сәттерім де болды. Алайда, әуелі Алланың, содан соң өз ісіне жауапты білікті дәрігер, аудандық орталық аурухананың жүйке жүйе аурулар бөлімінің меңгерушісі Сүлейменова Ләззат Ахмединқызының ем-дом шараларын жасауымен бойды дендеген дерттен айығып отырмын. Құдайдың онысына мың да бір тәубе!
Еңбектің қадірін әрқашан баға­лау керек. Өзімде «Жолаушылар тасы­малдау» кәсіпорнында 35 жыл еңбек еттім. Сондықтан білемін десем де болады. Жақсылықты да айта білу керек. Өз тарапымнан аудандық орталық аурухананың жүйке жүйе аурулар бөлімінің меңгерушісі Сүлейменова Ләззат Ахмединқызына зор алғысымды білдірсем деймін. Ол бір ғана менің емес, талай жанның еміне көмектесіп, алғысын алып жүрген ақ халатты абзал жан. Бұл сөзімді Анар Қуандыққызы деген азаматша да қостайды. Ол да көлік апатына түсіп, 6 ай бойы арбаға таңылып отырған. Оған ақыл-кеңесін беріп, жөн сілтеген осы Ләззат Ахмединқызы болатын. Өз басым білікті дәрігермен сырлас адамдай болып кеттім. «Уатсап» желісінде сөйлесіп те тұрамыз. Осындай халықпен етене жұмыс жасайтын білікті дәрігерлеріміз көп болса, еліміздің медицинасы дами бермек.

Әтіркүл Стыбаева,
Құлан ауылының тұрғыны.

Поделиться ссылкой: