Жаңа фельдшерлік- амбулаториялық пункт ашылды
26 ViewsРахым Сәбденов ауылында жаңа фельдшерлік-амбулаториялық пункттің ашылуы – жергілікті тұрғындар үшін үлкен қуаныш. Нысан 15 келушіге арналған. Жобаның жалпы құны 298 миллион теңгені құрайды.…
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда ғана Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында көптеген бастамалар көтеріп, жергілікті атқарушы билікке бірқатар тапсырмалар жүктеген болатын. Соның ішіндегі ең маңыздысы – өнеркәсіп саласын дамыту. Президент өз Жолдауында қазір әлемде геосаяси ахуал ушығып тұрғанын айтып, бірақ соған қарамастан, ел экономикасының негізгі бағыттары бойынша көрсеткіштер ауыз толтырып айтарлықтай деңгейге өскенін мәлімдеді.
Расымен де, өткен жылы еліміздің жалпы ішкі өнімі 104 триллион теңгені құраған. Ал тікелей шетел инвестициясы ретінде тартылған қаржы көлемі 28 миллиард долларға пара-пар. Мойындауымыз керек, бұл – рекордтық көрсеткіш. Сондай-ақ, сыртқы сауда-саттық бұрын болмаған деңгейге көтеріліп, 136 миллиард долларға жеткен. Ойлап қараңызшы, оның 84 миллиарды – экспорт. Осылайша еліміздің сыртқы қоры 100 миллиард долларға жуықтаған.
Әрине, жоғарыда келтірілген статистикалық деректер экономикалық тұрақтылығымыздың аса маңызды кепілі екендігі сөзсіз. Бірақ, біз бір жайтты жақсы түсінуіміз қажет. Аса қадірлі, оқырман! Еліміз дамып жатқанда өзгелер де қарап отырған жоқ. Олар да алға қарай ұмтылып, заман талабынан қалыс қалмай, дамылсыз даму үстінде. Бұл туралы Мемлекет басшысы да өз Жолдауында айтып, жаһандық экономика және халықаралық еңбек нарығы түбегейлі өзгергенін, технологиялық бәсеке қызып тұрғанын, барлық жерде ресурстар үшін талас жүріп жатқандығын жасырмады. Тіпті, климаттың өзгеруі салдарынан, азық-түлік қауіпсіздігі мен демографиялық тұрғыдан орнықты даму ең өзекті мәселеге айналғанын жеткізді. «Адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер мен түбегейлі өзгерістер дәуірі басталды. Осындай аса маңызды шақта зор экономикалық серпіліс жасауға еліміздің толық мүмкіндігі бар. Ол үшін біз біртіндеп жаңа экономикалық үлгіге өтуіміз керек. Бұл жұмысты батыл жүргізуіміз қажет. Басты мақсат – қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болуға тиіс. Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету. Бұл ретте металды терең өңдеу, мұнай-газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автобөлшектер және тыңайтқыштар шығару сияқты бағыттарға айрықша назар аударған жөн. Басқаша айтсақ, жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құру керек» деген болатын. Біз мұны не үшін сөз еттік?! Айтайық…
Сәрсенбі күні аудан әкімі Ернар Есіркепов Мемлекет басшысының 2022 жылдың 3 наурызында қабылданған №826 Жарлығына сәйкес, Қайыңды және Тереңөзек ауылдық округтерінде тұрғындармен кездесу өткізді. Айта кетейік, аталмыш жиындарға аудандық мәслихат төрағасы Ербол Әбутәліпов, аудан әкімінің орынбасары Ерғазы Еспенов және бірқатар бөлім басшылары қатысты. Ернар Серікәліұлы ең алдымен қайыңдылықтармен ауылдың мәдениет үйінде кездесіп, аудан аумағында атқарылып жатқан жұмыстарды тізбектеп берді.
– Соңғы кездері ауданда құрылыс жұмыстарының қарқыны күшейіп келеді. Қазіргі таңның өзінде Р.Сәбденов, Ақыртөбе, Жаңатұрмыс ауылдық округтерінде үш бірдей спорт кешенінің құрылысы жүруде. Көгершіндегі нысан тамыз айының соңында ел игілігіне беріліп те үлгерді. Сондай-ақ, ауданда екі мәдени ошақ бой көтермек. Оның бірі – Көгершінде, екіншісі – Ақыртөбеде. Білім саласына да көп көңіл бөлінуде. Құландағы «Арай» тұрғын үй алқабынан жаңа мектеп салудамыз. Алла қаласа заманауи білім ордасы жаңа оқу жылының ІІ тоқсанында қолданысқа берілмек. Жол жөндеу жұмыстары да басты назарда тұр. Биыл оған 1 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Дәл қазіргі таңда өздеріңіздің өтініш-тілектеріңіздің негізінде «Қайыңды – Тереңөзек – Ақыртөбе» бағытындағы жол толық жөндеуден өтуде. Сонымен қатар, тізімде тұрған 1500-нан астам тұрғынды баспанамен қамту, көше жарығын орнату сынды жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізілуде, – деп ауыл шаруашылығы, ағын және ауыз су, қоғамдық көлік секілді мәселелерге тоқталды. Тіпті алдағы уақытта алты бағытта қоғамдық көлік қатынайтынын айтып, оның бірі Қайыңдыдан бастау алатынын жеткізіп, жергілікті жұртты қуантты.
Жалпы Қайыңды да шешімін күтіп тұрған мәселелер көп. Дегенмен, жергілікті билік ауылға бөлінетін қаржы көлемін біршама ұлғайтып, Маметова және Дәулет көшелеріне жол салыпты. Сапасына тұрғындар дән риза. Енді қайыңдылықтар «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автодәлізіне дейін апаратын, теміржол жолағы кесіп тұрған жол мен ауыл орталығы және Жолшыбек көшесін жөнделуін қалайды екен. Оны алқалы жиында Қайыңдының қадірлі қариясы Мейірқұл Скендеров баяндап, осы істі соңына дейін жеткізуді өтінді.
– Айналайын Ернар балам, жасап жатқан әр жұмысыңа дән ризамыз. Баяндамаңды естіп, қуанып отырмыз. Атқарылып жатқан жұмыстар өте көп. Оны осындай кездесулерде өзіңнен естіп, ауданның айнасына айналған «Құлан таңы» газетінен де оқып-біліп отырамыз. Жұмысыңа тек қана табыс тілейміз. Жалпы Қайыңды ауылы кезінде керемет ауыл болған-тұғын. Сол уақыттарда үш бірдей диірмен жұмыс істеді. Ауыз және ағын судан таршылық көрген емеспіз. Неге екені белгісіз, соңғы кездері осы тіршілік нәрі мәнді мәселеге айналып келеді. Менің өтінішім – тау басынан су тоспасы салынса екен деймін, – деп Ернар Серікәліұлына өтінішін жеткізді. Аудан басшысы жол мәселесі алдағы уақытта өз шешімін табатынын, ал тоспа бойынша жаңадан құрылған министрлікпен бірге ауқымды жоспарлар құрылатынын жеткізді.
Жиын барысында көше бойындағы электр бағаналарын ретке келтіру, Мамайқайыңды ауылындағы интернет желісінің жылдамдылығын арттыру сынды мәселелер көтерілді. Ернар Серікәліұлы бағаналарды ауыстыру жұмыстары жуық арада Көгершінде жүргізілгенін айтып, аталмыш бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен өзге ауылдарда да жүзеге асатынын айтты. Ал интернет бойынша атқарылатын жұмысты өз бақылауына алатынын, тіпті қажет болған жағдайда облыстық басқармаларды да құлақдар ететінін айтты.
Бағаналарды ретке келтіру Тереңөзекте де ауқымды мәселеге айналған. Бірақ онда электр емес, көгілдір отын құбырының тіреуіштерін ретке келтіру қажет. Бұл туралы аудан әкіміне Тереңөзек ауылында өткен кездесуде Абай көшесінің тұрғыны мәлімдеді. Өтінішті қабыл алған аудан басшысы газға жауапты басшыға жиыннан кейін аталмыш көшеге барып, мән-жаймен жақын танысуды тапсырды.
Жиында ауыл тұрғындары спорт кешенін салу, жұмыссыздықты жою, ағын су мәселесін реттеу және жаңа жасалып жатқан игіліктердің, жақсы бастамалардың сапасына үлкен мән берілсе деген өтініштерін жеткізді. Аталмыш өтініштерді бұл жолы әдеттегідей ауыл ақсақалдары емес, жастар жолдады. Сондай-ақ, жастар қандай да бір іс ауыл әкімшілігінің тарапынан қолға алынса, ақылдасуға, ортақ пікір алмасуға салынбайтынын айтып, жуырда ғана мектеп маңына орнатылған стрит-воркаутты мысал ретінде келтірді. Аудан әкімі де жиын аяқтала салысымен аталмыш жаттығу алаңын өз көзімен көретінін айтты.
– Қандай да бір іс басталмас бұрын ортақ талқылауға салынуы керек. Онсыз болмайды. Оған ауыл ақсақалдары мен жастар да қамтылуы тиіс. Сіздердің ауылдарыңызға салынатын спорт кешенінің орналасатын жері де осындай талқылаудан өткені жөн. Бұл – бір. Екіншіден, қадірлі ағайын! Біз өнеркәсіп саласын дамытуға баса мән беру керекпіз. Оны Мемлекет басшысы кешегі Жолдауында да сөз етті. Мәселен, сіздерге келетін инвестициялық жобаның ауқымы кең. Ол біріншіден өздеріңіз сұрап отырған жұмыссыздықты жоя алады. Инвестор 2000-ға жуық адамды жұмыспен қамтуға ниетті. Екіншіден, бұл жоба ауыл аумағында шағын және орта бизнесті дамытуға тың серпін бермек. Ауыл тұрғындарының бірі азық-түлік дүкенін ашса, екіншісі техника бөлшектерін саудаласа болады. Үшіншіден, ауыл тұрғындарына асхана, монша, шаштараз сынды бизнес түрлерін де жүргізуге болады. Бұл бір жағынан ел экономикасын тұрақтандыруға бағытталса, екіншіден, ауылдың әлеуетін көтеріп, тұрғындардың тұрмысын тіктеуге таптырмас мүмкіндік, – деп кез келген мәселені ақылға салып шешуге, бірлік пен ынтымақтастықта өмір сүруге шақырды. Тіпті инвестор тарапынан ауыл тұрғындарына көптеген көмектер көрсетілетінін айтып, кәсіпкер жыл сайын 10 дарынды баланың оқуын, 10 ардагердің қажылық саяхатын өтеп беруге ниетті екенін жеткізді.
Жиын соңында аудан басшысы бірнеше тұрғындарды жеке де қабылдап, өтініш-тілектерге құлақ түрді. Содан соң өзі сөз бергендей мектеп маңына салынған стрит-воркаутты да көріп, мәселенің шешу жолын айқындап берді.
Жәнібек СҰЛТАН.