Киелі Түркістан ардагерлердің көңілдерін тербеді

239 Views

Төскейі төрт түлік малға, етегі егінге толы, үлкені айтса кішісі сөзге жығылатын ынтымағы мен бірлігі жарасқан, дархан жүректі, кең пейілді халқы бар облысымыздағы іргелі өңірлердің бірі – Т.Рысқұлов ауданының құрылғанына биыл 85 жыл толып отыр. Халқымыздың біртуар перзенті, еліміздің еркіндігі жолында мерт болған Тұрар Рысқұловтың есімін иеленген аудан жұртшылығы осы жылдар ішінде еліміздің өркендеуіне және республикамыздың гүлденуіне барынша мол үлес қосып келеді. Аудан халқы 85 жылдық мерейтойды да лайықты қарсы алып отыр. Көптеген игі іс-шаралар ұйымдастырылып, аудан тарихын айшықтайтын түрлі кездесулер мен туристік іссапарлар жыл бойы жалғасып келеді. Бұған дәлел ретінде шаңырақ көтерген жылдардан бастап ауданның қалыптасуына, оның өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан, бүгінгі күнде қазыналы қарттарымызға айналып отырған 50 еңбек ардагерінің қасиетті Түркістан жеріне саяхаттап қайтқанын айтсақ та болады.
Мерейтойды өткізу жөніндегі іс-шаралар жос­парын жаса­ған кезде өңір тарихына елеулі үлес қос­қан қариялардың киелі Түркістан жеріне саяхат-сапарын ұйым­дас­тыру да жоспарға енгізілген болатын. Осы­ған сәйкес аудан әкімі­нің бастамасы­мен жергілікті бюджеттен ар­найы қара­­жат қарастырылып, тен­­дер ойнатыл­ған еді. Қызмет көр­сету­дің бұл түрін заңды түрде жеңіп ал­ған облысы­мыз­да­ғы Абзал Әбделханұлы Мұқатаев жетекшілік ететін «KOMEK DEMEU.KZ» қоғамдық қоры күні кеше қариялардың саяхат сапарын ұйымдастырып, оларға көне Түріктің бесігі атанған киелі Түркістанның тарихи жерлерін аралатып қайтты.
Таңертеңгі сағат 07-30 да аудан орталығындағы Т.Рысқұловтың ескерткіші алдына жиналып жатқан, самайын ақ қырау шалған ардагерлерді аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев пен ішкі саясат бөлімінің басшысы Рүстем Қырықбаев құшақ жая қарсы алып отырды. Аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов бастаған барлық ауылдардан келген қазыналы қарттар түгел бас қосқан соң, аудан әкімі Ернар Серікәліұлы Есіркепов келіп құттықтап, өңір тарихында ерекше орын алатын қарттарды ақжол тілеп шығарып салды.
Қапталында ауданның эмблемасы белгіленген жайлы да жұмсақ «Икарус» автобусы Түркістанды бетке алып жолға шықты. Жол-жөнекей ардагерлерге мінсіз қызмет көрсетіп отырған қор өкілдеріне, медбикеге және еріктілерге қариялар ақ батасын беріп, ерекше ризашылықтарын білдірді.
Ал, автобустан сүт пісірім уақыт алда жүріп отырған аудан­дық әкімдіктің өкілдері, М.Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің деректоры Нұрдос Базарқұлов пен әнші Нұрлан Әмірбетов ат басын шалдыратын жерлерге бұрын жетіп, қария­лар­дың ас-суын әзір­­леп, жағдайларын жасап отырды.
Киелі Түркістанға жол тартқан қарт саяхатшылардың алғашқы ат басын тіреген жері есімі төрткүл дүниеге мәшһүр, киелі де қасиетті Арыстан баб кесенесі болды. Қарттарды осында қарсы алған жол бастаушы (Гид) жас жігіт өңірдің тарихы жайлы әңгіме қозғап, ықылым заманнан киелі саналатын Арыстан баб әулие туралы жан-жақты дерек беріп отырды. Саяхатшы қарттар кесене ішін аралап көріп, зиярат етті. Ата-бабалар аруағына бағышталып құран оқылып, дұға жасалды. Ардагерлер сонау ХІІ ғасырдан бері жұмыс істеп тұрған қасиетті құдықтың суынан ішті.
Қор қызметкерлері жайған мол дастарханнан кешкі асын ішкен саяхатшылар облыс орталығы мәртебесін алғалы бері күн санап жасарып, жаңарып келе жатқан түнгі Түркістан көрінісін тамашалады. Әсіресе, облыс орталығының қақ төріндегі жасанды су айдынында қалқып жүзген, қызылды, жасылды түске боялған субұрқақтарымен көмкерілген, су бетіндегі театрландырылған көріністер ерекше әсер етті.
Қараңғы түсе жайлы қонақ үйге жайғасып, жақсы тыныққан ардагерлер ертесіне ұлы ғұлама Қожа Ахмет Яссауидың кесенесіне келді. Ұзындығы 60 метр, биіктігі 37,5 метр болатын алып құрылысты кезінде қаһарымен төрткүл дүниеге аты әйгілі болған Ақсақ Темір бабамыз салғызған екен. Кесененің архитектуралық келбеті әсемдігімен ерекше таңғалдырады. Оған қарап тұрып ғасырлар қойнауына барып-қайтқандай боласың. Сол көне заманның өзінде ата-бабаларымыздың архитектураны соншама терең меңгеріп, осындай алып құрылысты ешқандай техниканың көмегінсіз қол күшімен атқарғанына таңданбасқа лажың жоқ.
Ал, жер асты мешітін көру ерекше әсерге бөледі. Ондағы құрылыс ерекшеліктерін, бөлмелердің орналасу ретінің соншалықты білгірлікпен жасалынғанын тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Қожа Ахмет Яссауи бабамыз 63 жасқа келген соң қалған 62 жыл өмірін осы жер асты мешітіндегі үңгірде өткізіп, өзінің ғұлама еңбектерін осында жазған­­дығын білгенде таңқалмасқа лажың қал­майды. Ілім мен білімге жан-тәнімен беріл­ген бабамызға ерекше тәнті боласың.
Саяхат сапар барысын­да бұдан басқа да тарихи-мәдени орындарды аралап, ерек­ше әсер­ге бөленген ар­дагер­­­лер ұйым­­дастырушыларға ақ тілекті алғыс­тарын жау­дырып, ауылға оралды.

Тұрсынхан Жаманбаев,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.

Поделиться ссылкой: