Еңбегімен Еленген – сыйлы азамат
ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі бақылау және қадағалау комитетінің Тұрар Рысқұлов аудандық инспекциясының бас маманы Аубакиров Сатыбалды Жәмешұлын осында қызметке келгелі бері танимын. Алғаш танысқан күннен бастап, ол маған турашыл, айтқан сөзін екі етпейтін, көпке сыйлы, адал азамат болып көрінді. Кейіннен жақын сөйлесе келе, оның дәл сондай азамат екеніне көзім жетті.
Бір адамдар болады, қанша жыл қызмет етсе де, өзімен-өзі саяқ жүреді. Әріптестері де ол туралы пікір айта алмауы мүмкін. Ал бір адамдар болады, мейлі ол қандай қызмет істесе де, тек жақсы деген атқа лайық болып жүреді. Сатыбалды Жәмешұлының есімін атағанда, осының екінші мысалы оның адамгершілік болмысына дәл келеді. Өзі дүниеге келген Өрнек ауылында да сан мәрте болғанбыз. Кейіпкеріміз туралы ешбірі де «жаман» сөз айтпайды. Бірге қызмет істейтін әріптестері де, әсіресе, кейінгі толқын жастар жағы оның азаматтық келбетін, адамгершілік болмысын өздеріне үлгі-өнеге ретінде көреді, бағалайды.
«Зымыраған уақыт» десеңізші. Сатыбалды ағамен танысқанымызға да 8-9 жылдың көлемі болып қалған екен. Ол әрине, бәзбіреулер секілді «мені жазып, газетке шығаршы інім» демейді. Айтқан да емес. Өзі АЗВИ-ді бітірген. Еңбекқор. Жанашыр. Ағаны – ағадай, ініні – інідей сыйлай біледі. Нағыз өз ісінің маманы десек болады.
Жақында Сатыбалды және Сымбат ағаларымның хал-жағдайын білейін деп ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі бақылау және қадағалау комитетінің Тұрар Рысқұлов аудандық инспекциясына барғанмын. Қазан айының 4-і күні Сатыбалды Жәмешұлының туған күні екенін сонда барып бірақ білдім. Сол күні Сатыбалды Аубакиров 63 жасқа толады екен. Осылайша, біз, газетіміздің «Еңбек адамы» айдарында Сатыбалды Жәмешұлының азаматтық келбеті туралы мақала жазғанды жөн көрдік. Ол осы құрметке әбден лайық. Аудандық аумақтық инспекцияның басшысы Айдар Утембаев та кейіпкеріміздің өз ісіне беріліп жұмыс істейтін нағыз адал азамат екенін айтып берді бізге. Ал, біз өз кезегімізде Сатыбалды Жәмешұлына әрдайым осылай айналасына сыйлы болып, бейнетінің зейнетін көруіне ниеттес екенімізді жеткіздік.
Марат Диханбай.