Қара қағаз

169 Views

Журналистің жеке жазбасынан

Адалдық. Кішілік. Кәсіби шеберлік. Осының бәрі журналистің болмысында болу керек. Біздің Жәнібектің адами болмысында да, жазу шеберлігінде де бұл дағды бар. Жазу үшін алдымен білім керек. Сөзсіз келісеміз бұған. бірақ, біздіңше білімнен бұрын ішкі жан-дүниеңде жазуға деген ынта болмаса, бәрі бекершілік. Біздің жәнібектің өз-өзіне талап қоюы, жазуға деген ынта-жігері өте биік деңгейде. Сондықтан да ол – жақсы журналист. Сол жақсы журналистің жеке шығармашылығынан әңгімелер ұсынып отырмыз.

Соңғы хат

 

Төрт көріністі сахналық қойылым-триптих)
Рөлдерде:
Анасы – Сәуле
Әкесі – Еркін
Қызы – Шолпан
Милиция қызметкерлері
Алаңдағы жастар

1-көрініс. Ана мен қыз
1998 жылдың көктемі болатын. Көп қабатта үйде орналасқан кішігірім екі бөлмелі пәтерде анасы мен қызы ғана тұрушы еді. Анасы сыртта кір жайып жүрген. Кенет анасының өтінішімен үй жинап жүрген Шолпан ентігіп, анасының жанына келді. Ентігін баса алмаған Шолпан:
– Анашым, мен үй жинастырып жүріп шкафтың артынан мына бір хатты тауып алдым. Бұл кімнің хаты? Өзі де ескіріп кетіпті, – деді тез білгісі келіп.
Шошып, таңырқап, ойланып қалған анасы (баяу әуен естіледі).
– Шолпан! Қызым, бұл хат… бұл хат кешегі аяусыз, ызғарлы күннің, тарихтан мәңгі өшпейтін, көкейден ешқашан кетпейтін күннің – айғағы. Жұдырықтай жүрегі «елім» деп соққан әрбір жастың жан айқайы! – деді Сәуле көзіне жас алып. (Анасы осы сөзді айтады да қызынан кішкене алшақтап сахнаның ортасына келеді).
Анасын құшақтай кеткен қызы:
– Анашым, кешірші мені! Кешірші! Бұл сонда «Желтоқсан» оқиғасына қатысқан менің әкемнің хаты ма? – дейді қызы тебірене.
– Иә, құлыным! Бұл сенің ержүрек, қайсар да, қайратты әкеңнің қолымен жазылған хат. (Құшақтасқан күйде екеуі де, бірі әкесін, бірі тағдыр қосқан жарын еске алысады). Жарайды қызым! Болды сабыр сақта, мен саған әкең жайлы бәрін айтып берейін. Әкең жасаған ерлікті біле жүргенің абзал. Біз әкең екеуіміз Алматы қаласына шалғай ауылдан келіп, оқуға бірге түскен болатынбыз. Бұл біздің бала кезіміздегі арманымыз еді. Екеуміз бір-бірімізді бір көргеннен ұнаттық. Оқу бітіріп, мен әкеңнің қара шаңырағына келін боп түстім. Ауылда бірнеше ай тұрдық. Бірақ, Алматы қаласына оқуға түсу үшін қайта келген болатынбыз. Бір күні таза ауамен тыныстап келу үшін әкең екеуміз саябаққа қыдырып шықтық. Қызым, жүре ғой, қалғанын саған шәй ішіп отырып айтып берейін, – деді де ас бөлмеге шығып кетеді. (Анасы мен қызы сахна сыртына беттейді).
2-көрініс. ПАРКТЕ
(«Махаббат бекеті» әні орындалып тұрады. Парк. Қол ұстасқан өрімдей екі жас келе жатады. Екеуі де бақыт құшағында).
Еркін :
– Сәуле, білесің бе? Мен тек сенің жаныңда ғана бақыттымын! Мұны бар әлемге айқайлап, жар салып айтқым келеді. Сенесің бе, алтыным?…
– Сенемін-сенемін, ақымағым! Мен де тек сенімен ғана бақыттымын! Еркін, менің саған айтар жақсы жаңалығым бар.
– Иә, құлағым сенде, айта ғой.
– Жақында сен… жақында сен… әлемдегі ең мейірбан, бақытты әке атанасың!
– Не дейсің?! «Әке» дейсің бе? Ала…а…қа…а…ай! Алақай! Мен әке атанам ба? Сәуле… Сәулешім… Егер бізде ұл болатын болса, атын «Еламан» деп қойсақ қайтеді?! Еліміз әрдайым аман болсын деген ниетім ғой. Ал, егер де… егер қыз болатын болса, есімін «Шолпан» деп қоямыз. Жарай ма?
– Ақымағым-ау! Неге Шолпан?
– Себебі, менің қызым жұлдыздай жарқыраған бұл ғаламшардағы ең сұлу қыздың бірі болады.
– Менен де сұлу ма?
– Иә сенен де сұлу. (Олар қуаныштарын жасыра алмай құшақтасып көп тұрады. Қуаныштарын жасыра алмай ада-күде ойда тұрады)
Кенет…Иә, кенет олардың қасынан Брежнев алаңына қарай бет алған бір топ жастар «Колбина далой!», «Қазақ жерін, қазақ азаматы басқарсын!» «Біз демократияны қалаймыз!» деп ұрандатып кетіп бара жатады. Сонда жөн сұраған Еркін:
– Жігіттер-жігіттер! Тоқтаңдаршы! Қайда бара жатырсыңдар? – дейді алқынып.
– Бауырым, әлі естімегенсің бе? Газет оқымаған екенсің ғой. Міне, қара:
«Орталық Комитеттің хатшысы Дінмұхамед Қонаевты алып, оның орнына Колбинді тағайындады» деп жазылған газетті көрсетіп жатты.
– Колбин?! Құдай-ау, Колбин деген кім? Ол қайдан келген?
– Колбин Ульяновскіден, яғни Ресейден келген. Таңертеңгілік сағат 10.00 да бар жоғы 18 минутта 26 жыл елді үздіксіз басқарып келген Д.А.Қонаев түсіріліп, орнына Г.Колбин ешкімнің пікірінсіз-ақ ұсынылыпты. Бұл барып тұрған опасыздық, әділетсіздік емес пе? Осы әділетсіздікке қарсы болған жастарды ұрып-соғып жатыр деп естідік. Біз соған қосымша күш ретінде қолдауға бара жатырмыз. Егер қаның «қазақ» болса, бізге қосыл бауырым. Қазақстанды өзіміздің қазақстандық азамат басқаруы керек қой. Біз демократияны талап етеміз, – деді топ ішіндегі ашу-ызаға булыққан жастардың бірі қолындағы транспорантты жоғары көтеріп.
– Қане жүріңдер, қыз-жігіттер алаңға барайық! – деді топ құрамындағы жастар даурығысып.
– Сәуле, сенің үйге барғаның жөн. Құрсағыңдағы сәбиімізді ойлағайсың.
– Жо…о…оқ, Еркін! Мен сенімен бірге барамын.
– Бұл мүмкін емес, болмайды… саған, онда баруға. Үйге қайт, өтінем, – деді де Еркін ереуілшілердің соңынан жүгірді.
Тұңғиық ойға батқан Сәуле не істерін білмей, абдырап қалған еді:
– Жоқ мен де олардың артынан баруым керек. Егер де Еркінге бір нәрсе бола қалса ше?! Мен өзімді ешқашан кешірмеймін, – деді де Сәуле де алаңға қарай беттеді.
3-көрініс. Алаңда
Брежнев алаңы жастарға толы еді. Алаңға шығып өз ойларын айтуға тырысқан қазақтың өрімдей, қарусыз жастарына солдаттар мен милиция қызметкерлері қарсы лап қойды. Қыз-жігіттерді аяусыз таяқтап, дойырмен дүрелеп, бас-көзге қарамай ұрып жатыр. Жерден еңкейіп, тас алу үшін топ артында қалып қойған Еркінді милиция қызметкерлері ұстап алып, аямай соққыға жықты.
Милиция:
– Ұстаңдар, бұзақыны! Аямаңдар, опасыз сатқындарды… (Милиционер Еркіннің ішінен аямай теуіп жіберіп, шашынан ұстап алып сүйрей жөнеледі) Мен сені түрмеде шірітіп өлтіремін. Түсіндің бе, оңбаған?
– Сатқын мен емес, мына сендерсіңдер, өңкей сүмелек иттер! Алла жазаларыңды берсін! Сендердің орындарың тозақта!
– Ей, бұзақы сен не деп тұрсың?! Сен нағыз ұлтшылдың өзі екенсің ғой! Мәә, саған! – деп көкірегінен тебеді.
Сонда Сәуле жүгіріп келіп, жерде жатқан Еркінді құшақтап тұрып:
– Тиіспеңдер! Тиіспеңдер, оған, өтінем! Оның еш жазығы жоқ! Оның жазығы жоқ! Түсінесіңдер ме? Еркін есіңді жишы! (Еңіреп жылап алған Сәуле Еркінді жерге қоя салып) Адам емес, айуандар! Жексұрындар! Сендердің бала-шағаларың, әйелдерің жоқ па, сонда? Мейірім мен жанашырлықты мүлдем білмейтін қатыгездер! – деп қайта ессіз жатқан Еркінді құщақтай алады.
– Әкетіңдер екеуін де… қамап тастаңдар! Көзін құртыңдар бұл жерден! – деді милиция бастығы да екіленіп.
Еркіннің қолын қайырып, Сәулені шашынан сүйреп алып кетеді.
4-көрініс: Абақтыда жазылған хат
Түрменің іші қараңғы түнек. Темір тордың ар жағында Еркін үнсіз отыр. Қасына кезекші милиция келіп:
– Ей, бұзақы! Міне, қағаз бен қалам! Ал да Колбиннің атына кешірім сұрап, арыз жаз! – деді зілді дауыспен бұйыра сөйлеп.
– Керек десең, сенің Колбинің менен кешірім сұрасын. Елімнің тыныштығын, бейбіт өмірін бұзған сол емес пе? – деді Еркін ашуланып.
Кезекші темір тордың арасынан қолын беріп:
– Жарайсың, Еркін! Сенен дәл осындай жауап күтіп ем. Нағыз еркек екенсің. Саған үкім шығып қойғанын білемін! Бірақ сен мойыма, елің үшін күрестің. Сен мені де түсін. Мен әскери адаммын. Бұйрыққа бағынамын. Бірақ сенесің бе, алаңда қазақ жастарынан қанша соққы алсам да, біреуіне де күш қолданбадым. Мұны бәрі білмесе де, сенің білгеніңді қалаймын. Енді қолыңа қағаз бен қалам алып, әйеліңе хат жаз. Мекенжайын айтсаң, поштадан салып жіберейін. Саған деген соңғы көмегім осы болсын, бауырым, – деді кезекші көзіне жас алып.
– Жолдас капитан! Сізге көп рахмет.
– Ал жаза ғой! Бұл жерге әзірше ешкім келмейді, – деп бөлмеден шығып кетеді.
( Еркін хат жаза бастайды) (баяу әуен)
«…Сәлем, Алтыным! Сәуле, сен мені кешірші! Өтінем. Сен мені «Ақымағым» деуші едің ғой! Бұл сөзің маған қатты ұнайтын. Менің сол ақымақтығымнан болған шығар мұның бәрі. Маған үкім де шығып қойды. Енді мен сенің жаныңда бола алмаймын. Кешір мені! Бәрі де өкінішті! Сенімен өмірімнің соңына дейін бірге болам ба деп армандаушы едім. Бұл арман да орындалмады… Білем… Бір айдан соң, Алланың қалауымен менің сәбиімді дүниеге әкелесің. Өтінем, менің сол соңғы арманымды орындашы. Ұл болса «Еламан», егер қыз дүниеге келсе, «Шолпан» деп ат қой. Мен сол сәбиімді көре алмай кететініме ғана өкінемін. Сенесің бе, мен сол күні алаңға барғаныма еш өкінбеймін,тіпті мақтан етем өзімді. Неге десең? Болашақта сендер тәй-тәй басқан еркін, тәуелсіз жас мемлекетте өмір сүретін боласыңдар. Мен бұған кәміл сенемін. Еркіндіктің не екенін осы темір торда жатып түсінетін шығармын деп ойлағам. Бірақ, біздің өміріміздің мына қапастан еш айырмашылығы жоқ. Біз үлкен темір тордың ішінде өмір сүріппіз. Әділетсіздік… айуандық… қасіретті күндер… көргендеріміз осы ғана. Қош бол, жарық Сәулем! Елім, жерім, көре алмай кеткен сәбиім саған аманат. Қош бол! Қош…»

Қара қағаз

1943 жыл. Кеңес әскерлері фашистермен қиян-кескі ұрыстар жүргізіп, жан алысып, жан берісіп жатқан кез. Қару асынған сарбаздың мақсаты – алып мемлекетті жау қолынан қорғап қалу. Қанды шайқастар, түскен жерін бірден опырып жіберетін ауыр снарядтар, дамылсыз атылып жатқан автоматтар, көк аспанды күңірентіп ұшып жүрген ұшақтар, жап-жасыл пәкиза тіршілікті жайпап, жайратып келе жатқан танктер. Осының бәрі майдан даласына ең алғаш рет аяқ басқан жас жауынгердің көзіне сұмдықтай болып көрінді.

Майданда болып жатқан жәйттерді ауыл адам­дары тек орталық алаңда Мәскеу­ден сөйлеп тұрған қара табақшадан ғана естиді. Со­ғыстың бастал­ғанын дүйім жұртқа хабарлаған да осы қара та­бақша. Сондықтан ба, одан шыққан әр жаңалық суық сөз боп жұрттың есін ала­ды. Майдан жаңалықтарын хабарлайтын радиодағы диктор­дың Левитан екенін де жұрт кейін білді. Бірақ, бір өкініштісі, онда көп нәрсе айтыла бермейді. Сондықтан болар, ауылдағы ата-ана соғысқа аттанған баласының жайына алаңдап, жандарын шүберекке түйіп отыратын. Сондай жандардың бірі – Әдепбей ақ­сақал. Жалғыз баласын майданға аттандырып, әлгіндегі ра­дио дикторының дауысын жақын­нан естиін деп, күн сайын орталық алаңға барып, әлгі қара табақшаға құла­ғын тосатын. Сондағы ойы жау жағына кеткен жал­ғызынан жанына жамау бола­тын бір хабар алу еді.
Әдепбайдың жан дегенде жалғыз ұлы бар. Жаратқан бұл әулетке жалғыз ұлды нәсіп етіпті. Есімі – Тұрғынбек. «Артымда қалар ұрпағым көп болсын» деп Әдепбай қария баласын он алты жасында үйлендіріпті. Көрші ауылдың қызын алған Тұрғынбектің Әмина және Әлихан есімді балалары бар. Үйдің қызығы да, шыжығы да осылар. Жалғыз ұлды аялап өсірген шал-кемпір екі немерелеріне деген ыстық ықыласын аямайды. Атасы Әминаны күнде мектепке апарса, Әлихан әжесінің арқасынан түспейді.
Күйбең тіршілікпен күндер зулап өтіп жатты. Алайда, дәл бүгін күн ұясына алаулап, қызарып батып бара жатқан еді. Әдепбай ақсақал өрістен келетін малын күтіп алуға кетсе, кемпірі Әлиханды арқасына салып алып, әдеттегідей көрші-қолаңды аралап кеткен. Ал, келіні жұмысынан әлі келе қойған жоқ еді. Әмина болса есік алдында алаңсыз ойнап жүр. Есіл-дерті ойынға ауған қызды кенеттен: «Балақай, үйде кім бар?» деген үлкен кісінің дауысы тоқтатты. Артына қараса сұңғақ, ұзын бойлы, еңгезердей келген, әскери киінген адам тұр. «Әкемнен хат келген болар…» деген оймен Әмина жауынгерді көргенде қатты қуанып кетті. Құдды бір өз әкесін көргендей күйге түсті. Дегенмен, ата-әжесінің тәрбиесімен өскен қыз алдымен «Сәлеметсіз бе?» деп амандасып, үйде үлкендердің жоқ екенін айтты.
Солдат шинелін киген бейтаныс сарбаз:
– Балақай, саған бір зат табыстап кетсем, апаң келгенде бересің бе? – деді.
– Әрине. Тастап кетіңіз. Апам келгенде міндетті түрде табыстайтын боламын, – деп сенімді түрде жауап берді Әмина.
– Жарайды! Ендеше мына қорапты дәл осы қалпында анаңа берерсің.Мен кеттім! – деп жауынгер кері бұрылды.
Әмина бала болса да қорап ішінде әкесі жайында бір хабар бар екенін сезіп тұр. Алайда, атасының: «Аманатқа – қиянат жасамау керек» деген сөзін есіне алды. Бала емес пе? Бір кезде қорапты қызық көріп, оны ашуға бекінді. Асқан ұқыптылықпен ашып, ішіндегі заттарға көз жүгіртті. Қорап ішінде «За отвагу» деген жазуы бар медаль, әскери бас киім, темекі салынатын құты, бірнеше умаждалған хаттар бар екен. Кенет Әминаның назары бір ерекше конвертке түсті. Хаттар арасындағы ең жаңасы да осы болатын. Ал, қалған жазбалардың барлығы әкесіне ауылдан келген ыстық сәлемдер еді. Хатты еппен ашқан қыз енді оны бар зейінімен оқи бастады.
Х а т : «Оспанов Тұрғынбек Әдепбайұлы» деп басталыпты. «О, бұл менің әкем ғой!» деп Әминаның төбесі көкке жетіп қуанып, хатты әрмен қарай оқуын жалғастыра берді: «… №308-ші мотоатқыштар дивизиясы, 9-шы ротасының взвод командирі қызметін атқарған. 1943 жылдың 6-шы маусымында Сталинград түбіндегі шайқаста ерлікпен қаза тапты…» деген сөздерді оқып тұрып, қаршадай қыз үнін шығара алмай қатты да қалды. Енді жәймен, дыбысын әрең-әрең шығарып: «қаза тапты» деген жерін қайталап оқыды. Дәл сол сәтте Әминаның санасы сан саққа кетті. Сенерін де, сенбесін де білмей көзіне еріксіз жас алды. Іле-шала әкесінің өмірден озғаны есіне түскен Әмина: «Сонда қазір… сонда қазір менің әкем өмірде жоқ па?» деп бар даусымен айқайлап жіберді. Жаңа ғана есік алдында алаңсыз ойнап жүрген қыздың өңі алай-дүлей болып, бала болса да бір жамандықтың болғанын сезіп, еңіреп жылап жіберді. Өне бойын өксік қысқан ол: «Жоо-жоқ, бұл мүмкін емес, менің әкем маған жазған хатында соғыстан аман-есен оралам деп уәде берген болатын» деп жылай берді, жылай берді… «Әкетай, енді мен кімге еркелеп, кімге қуанам? Мейірімге толы көзіңді, еркелетіп айтқан сөзіңді, жайдарлы жарқын жүзіңді енді қалай көремін әкетай?» деп еңкілдеп жылай берді.
Бір кезде артынан ерген кішкентай Әлиханды есіне алып: «Мені қойшы, артыңнан ерген ұрпағың Әлиханың сенің жарқын жүзіңді көре алмады ғой, асқар тауым әкешім. Анам ше? Анам енді қайтпек? Қартайып қалған атам мен әжем ше? Оларға сенсіз қиын болатын болды-ау, әкетай!» деп өзегін өкініш керней бастады.
Иә, үлкендер айтқандай: «Қыз баланың есі ерте кіреді» деген сөз рас шығар, Әмина есін тез жиып: «Біреудің баласын, біреудің бауырын, енді біреудің әкесін алып кеткен, құрып кеткір сұм соғыс!» деп бар дауысымен айқайлап жіберді. Сол сәтте ол сабырға келіп: «Жоқ мен жыламауым керек. Атам мен әжем болса қартайып қалды. Анам болса, жалғыз сүйенішінен айырылды. Артымнан ерген кішкентай ғана інім бар. Мен әкеме берген уәдемді орындап, анама көмектесуім қажет. Ал, әкеме келер болсам, ол мен үшін – қаһарман!» деп анасына қарай қара қағазды ұстап жүгіріп келе жатып «кілт» тоқтады. «Осы хатты көрсетпей-ақ, қойсам қайтеді…мұны оқыса қайғысына қайғы жамап алады ғой» деді де әлгі жан дүниесін жай оғындай жайпап өткен хабарды енді қара жерге көме бастады.
Содан бері міне сексен күз өтті. Әжесі байқұс: «Ұлым келеді» деп, оған қаншама жолы сәлем-сауқат дайындады. Бірақ, бәрі де бекер. Анасының да үміті үзілмей «о» дүниеге кетті. Атасы да жар дегенде «жалғыз ұлым келеді» деп, жота күзетіп жүріп ол да өмірден өтті.
Әмина жасырған сол бір «қара қағаздың» сырын енді ашып отырмыз, алдияр оқырман!

Поделиться ссылкой: