Аудандық музейде зағип азаматтарға арналған бұрыш ашылды

362 Views

Жамбыл облысы әкімдігінің мәде­ниет, архивтер және құжаттама бас­қармасының қолдауымен облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы игі бастаманы іске асырды. Олар республика бойынша бірінші болып арнайы зағип жандар үшін Т.Рысқұлов аудандық музейінде «Тифломузей» жобасы аясында «Қолмен ұстап, жүрекпен сезін!» «Тари­хи жәдігерлер заманауи үлгіде»! атты іс-шара өткізді. Осылайша, QR-код арқылы тарихи жәдігерлерді қолмен ұстап, смартфонның көмегімен тарихын тыңдауға ауданымыздың зағип аза­маттары мүмкіндік алды. Арнайы бұрышта замануи үлгідегі QR-код қойылған экспозиция, мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға смартфонға жәдігердің кодын енгізу арқылы Орта ғасырлық және совет одағы кезеңіндегі көне жәдігерлерге саяхат жасауға мүмкіндігін арттырды.
Айта кетейік, бұл жобаның мақсаты – зағип аза­маттардың қоғамда дені сау азамат­тармен тең дәрежеде мәдениетті тануы­на мүмкіндіктер ашу, өлке тарихымен танысуға келген әрбір зағип музей қо­на­ғына, халқымыздың ұлттық тари­хи-мәдени құндылықтарын және тари­хын терең әрі жан-жақты түсіндіру. Кітаптан оқыған, құлақпен естіген мағ­лұматты қолмен ұстап сезінуге, ой өрісін дамытуға жол ашу. Музей экспозициясына еркін қол жеткізуге жағдай жасау. «Бүгінгі күні QR-код 20-дан аса жәдігерге қойылса, келесі кезекте тоқсан сайын тас дәуірі жәді­герлерінен қазіргі заман тарихына дейін қамтылып, жоба жалғасы Сурет әлемі мен ұлттық қолөнеріміздің қыр-сырымен таныстырумен жалғасады» дейді облыстық арнайы кітапхана мамандары.

Ж.Сұлтан.

Поделиться ссылкой: