Ернар Есіркепов: Автодәліз әлеуетін барынша пайдалану керек

173 Views

Шынын айту керек, аудан әкімі Ернар Есіркепов өңір тізгінін қолға алғалы бері көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына жан бітірді. Олай деуге толықтай негіз бар. Мәселен, бюджеттің бір тиынынан шашау шығармай, салық басқармасының артында орналасқан саябақты ретке келтіру идеясы осы сөзімізге айқын дәлел бола алады. Бұл – бір. Екіншіден, аудан аумағында көктемдік әрі күзгі екі айлық тазалық жұмыстары да жоспарға сәйкес өткізіліп, тіпті, аталмыш сенбіліктерге аудан әкімінің өзі де қатысып, қолына тазарту құралдарын алып, еңбекке екпінді түрде араласып жүргенін біз талай рет басылым бетіне жариялаған болатынбыз. Үшіншіден, көп жылдар бойы қараусыз қалып, адам аяғы тимей кеткен «Дендро» саябаққа да қайта сән кіріп, оның толығымен жарықтандырылуы осы аудан әкімінің бастамасы екенін біреу білсе, біреу біле бермейді.

Аудан әкімінің бастамасымен қолға алынған жұмыстар мұнымен толастамайды. Солардың бірқатарын аудан басшысы кеше аралап шықты. Іссапар аудан орталығынан шалғай орналасқан Жаңатұрмыс ауылынан бастау алды.
Алдағы уақытта Ерсайын Қуандық басшылық ететін Жаңатұрмыс ауылдық округінде 6 гектарлық жерге тал-дарақтар егіліп, үлкен саябақ салынбақшы. Ауыл әкімінің сөзіне сенсек, аталмыш саябаққа 10 000 түп тал отырғызу жоспарда бар екен. Оған бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, мемлекеттік тапсырысты ұтып алған мердігер бар жұмысты 5 млн. 700 мың теңгеге атқаруға келісіпті. Аталмыш қаражатқа тал-дарақтың 5 түрі егілетін болады. Бұл туралы аудан басшысына мердігер компанияның өкілі Айбек Артықбай мәлімдеді. Қос тарап ақылдаса келе, тал-дарақтарды отырғызу жұмыстарын алдағы сенбі күніне белгіледі.
– Саябақ – ауыл тұрғындарына аса қажетті орын. Жаңатұрмыстағы демалыс орнын «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автодәлізінің бойына салу – біз үшін де тиімді. Алыс жолдан шаршаған жолаушылар осында сәл дамылдап, бой жазуы керек. Сондықтан да ауыл халқы автодәліздің әлеуетін толық пайдаланып, шағын және орта бизнесті дамыту бағытында үлкен іс атқаруына болады, – деді аудан басшысы.
Ернар Серікәліұлы келесі кезекте ат басын Қарақат ауылына бұрды. Мұнда да «Жасыл белбеу» мемлекеттік бағдарламасы аясында көгалдандыру және жасыл аймақ құру бағытында жұмыстар жүргізілуде екен. Ол жұмыстарға ауыл әкімі Еркін Сейтжапаров пен аудандық мәслихаттың депутаты Талғат Тәттіқожаевтың қосқан үлесі орасан зор екенін аңғардық.
Ауылға апаратын жол жақында ғана аудан әкімі Ернар Есіркеповтің бастамасымен жарықтандырылыпты. Онымен қоса жолдың сол жағына бес қатар талдар егілген. Мұны аз десеңіз, Талғат Сайлауұлы бастаған ауыл азаматтары 500 000 теңге көлемінде қаражат жинап, өздігінен жанатын ауыл атауын кіреберіс тұсқа орнатыпты. Шыны керек, дәл осындай бағытта атқарылып жатқан күйбең тіршілікті көріп, шын қуанып та қалдық.
Іссапар барысында аудан басшысы Қарақат ауылындағы мәдениет үйін де көріп, ондағы жағдаймен танысып шықты. Мекеме маңын абаттандыру, ойын алаңдарын орнату бағытындағы жұмыстарды жүргізу үшін ауыл әкіміне бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: