«Құлан медиа ақпараттық орталығы» ашылды

246 Views

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жүзеге асырылған болатын. Көпшілікке бұл тұжырымдаманың әжептеуір пайдасы тиді. Бұрындары әкімдер жылына бір рет қана ел алдына барып, есеп беретін. Қазір мүлде олай емес. Яғни, қазір облыс әкімдері  мен қалалардың, аудан және ауыл әкімдері әр тоқсан сайын халықпен кездесіп, тұрғындар көтерген түйткілді мәселелерге құлақ түріп, олардың жүзеге асырылуына барынша жұмыс жасайды. Жасыратыны жоқ, аудан әкімі Ернар Есіркеповтің бастамасымен ауданымызда  көптеген ілкімді істер атқарылуда. Соның бір дәлелі ретінде осы «Құлан медиа ақпараттық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесін айтсақ болады. Қазір жұрттың көбі әр түрлі әлеуметтік желінің платформаларын қолданады. Әйтеуір, орындысы бар, орынсызы бар, сондағы жұрттың көбісі «әкімді сынағыш» келеді. Енді «Құлан медиа ақпараттық орталығы» аудан әкімінің тұлғалық имиджін қалыптастырып, аудан тұрғындарына барынша шынайы әрі тұшымды ақпарат тарататын болады.

 «Құлан медиа ақпараттық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ҚР «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі  басқару туралы» Заңының 31 бабы,  «Мемлекеттік мүлік туралы» ҚР  Заңының 18 және 124-ші баптарына,  Қазақстан Республикасы Үкіметінің  2021 жылғы 1 қыркүйектегі  № 590 «Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы» және аудан әкімдігінің 2023 жылдың 12 қазанындағы № 259 Қаулысы негізінде аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі жанынан құрылып отыр. Қуанышпен бөлісейік, «Құлан таңы» газетінде 7 жыл жұмыс істеп, өзінің іскерлігін көрсеткен әріптесіміз Жәнібек Базылбеков осы «Құлан медиа ақпараттық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры болып тағайындалды. Әріптесімізді жаңа қызметімен құттықтай отырып, абырой биігінен көрінсін деген тілек айтқымыз келеді.

Кеше «Құлан медиа ақпараттық орталығының» салтанатты ашылу рәсімі өтті. Салтанатты шарада аудан әкімі Ернар Есіркепов, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Шорабек Атабаев сөз сөйлеп, сәт сапар тіледі.

Марат Диаханбай.

 

Поделиться ссылкой: