Жолдауға қолдау

762 Views

Сенім жүгін арқалатады

 Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың күні кешегі «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын ел ынтыға күтті және еңбек еткен әр жанға тың серпін берді. Елбасы Жолдауын ерекше форматта – интерактивті режімде жариялай отырып, маңызды саяси ойларымен, арынды мақсаттарымен бөлісіп, толағай табыстарға айқын жол көрсетті.

Жолдауда халық табысының өсуі, тұрмыс сапасын көтеру, азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппаратты жасау және әрбір қазақстандықтың еліміздегі өзгерістер үдерісіне атсалысуы сияқты ауқымды мәселелер қарастырылғаны да белгілі. Халыққа керегі де осы болатын.Әсіресе, табыстың өсуі, Жалпыға ортақ еңбек қоғамының құрылуы,келесі жылдың қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 28 мыңнан 42 мыңға дейін еселенетіні бәрімізді бір серпілтіп тастады. Әрине, таң атқаннан күн батқанға дейін аянбай еңбек ететін еңбеккерлерге еңбектерінің бағаланғаны үлкен сенім жүгін арқалатады.

«Осы мақсаттарға 2019-2021 жылдарда республикалық бюджеттен жыл сайын 96 миллиард теңге бөлу керек.Осыған орай, енді, ең төменгі жалақы ең төменгі күнкөріс шегіне байланысты болмайды. Ең төменгі жалақының жаңа мөлшері бүкіл экономика ауқымындағы еңбекақы өсімінің катализаторына айналады.

Төмен жалақы алатын қызметкерлердің еңбекақысын көтеруге қатысты бұл бастаманы ірі компаниялар қолдайды деп сенемін» -деп Елбасы нықтап, нақты айтты.

Әр адам еңбекқор болса, қалталы болары да сөзсіз. Мемлекет басшысының қай Жолдауында да айтылатын жеке кәсіппен айналысу ісі – қолға алатын басты міндет. Ал, мемлекет пен еңбек адамы күш біріктірсе, еңбек қоғамының жарқын бастамалары жүзеге асатыны баршамызға мәлім.

Елбасының барша қазақстандықтарға сенім арта отырып жеткізген бұл Жолдауы осындай жасампаздығымен ерекшеленеді. Сондықтан, өресі биік еліміздің әрбір азаматы бар күш-жігерін мемлекет экономикасын қалыптастыруға, мемлекетіміздің еңселі де қуатты болуына жұмсауы керек және Елбасының бастамаларын қолдап, нәтижелі істің ірі жетістіктерін көрсететініне сенім білдіремін.

 Б. МҰХТАРОВА,

аудандық Әділет басқармасының

 бас маманы.

Поделиться ссылкой: