Әлхамдулиллах 20 миллионға жеттік!

175 Views

1913 жылы Алаш арыстарының көсемі Ахмет Байтұрсынұлы «Әлхамдулилла, 6 миллион қазақпыз!» деп жар салған екен. Араға ғасырдан астам уақыт салып жиырма миллиондық ел болдық. Шүкір! Қырында киік ойнаған дархан даламызды қалай толтырсақ та жарасар еді. Бүгінде жер көлемі жағынан әлемде 9-шы территория болып табылатын Қазақстан халқының саны бойынша жаһанның 63-ші елі болып тұр. Осы деректердің өзі бізге қарқынды түрде көбею керектігін көрсетеді.
Бұған дейінгі бұлғақ кезеңде біз не көрмедік?! Ақ пен қызыл айқасқан азамат соғысы жылдарында, одан кейінгі большевиктік-кеңестік биліктен қашып, шет жаққа ауа көшкен жұртымыздың есебінен қазақтың саны жартысына қысқарып, бар-жоғы 3 627 612 адам болып қалған еді. Көрші өзбек халқы сол 1926 жылғы санақта 3 383 812-ге жетіп, бізбен шамалас жұрт болған. Қазір қазақ ұлты 14 миллионнан енді ғана ассақ, олар 32 миллионға жетті. Осының өзі-ақ қазақ көрген қасіреттің, азаптың айғағы емес пе? Ол аздай 30-шы жылдардың басы мен орта тұсындағы қолдан жасалған аштық пен саяси қуғын-сүргіннің кесірінен 1939 жылы халқымыздың қарасы 3 миллионға да жетпей қалды.
Алаш болып қуанған, алақан соғып алақайлаған 6 миллиондық деңгейге тек араға 76 жыл салып қана қайта жете алғанымызды қалай жасырамыз?!
Белгілі демограф, марқұм Мақаш Тәтімов ағамыздың: «Егер аштық болмағанда, біздің санымыз қазір 32-35 миллионнан асып, оның 28-30 миллионы Қазақстанда тұратын еді…» деген өкініші де есімізде. Иә, сөйтіп, екінші дүниежүзілік соғыстың салдары мен тың игеру жылдарындағы қиындықтар қазаққа үлкен қасірет әкелді. Тәуелсіздік бізді осы бір ғасыр бойы бастан өткерген қиындықтардан құтқарды. Енді аянып қалатын жағдай да, сылтау да жоқ.
Статистикаға сенсек, Қазақстанның халқы 1950-1970 жылдар аралығында айтарлықтай серпінмен өскен. Атап айтқанда, 1950 жылы 6 591 600 адамды құраған бұл көрсеткіш, 1959 жылы – 10 137 900, 1970 жылы 13 660 600 адамға жеткен. 1970-1979 жылдар аралығындағы өсім 1,5 миллионнан сәл ғана асып, 1991 жылы Тәуелсіздік қарсаңында халық саны 16 400 000 адам болған. Соның 6,6 миллионы ғана қазақтар болды. Алайда, одан кейінгі 10 жылда, яғни 2000 жылдары республика халқының саны 14 900 000-ға түскен. Бұл енді өзге ұлт өкілдерінің тарихи отандарына кетуімен тығыз байланысты болған.
Сондықтан тәуелсіздік жылдарынан бергі аралықты қамтығанда 3 600 000 адамға артқан боп шығамыз. Бұған да тәуба!
Күні кеше ақ түйенің қарны жарылып, Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетті! Сүйіншіні Мемлекет басшысының өзі сұрады. «Баршаңызды ақжолтай жаңалықпен құттықтаймын! Бақытты отбасы – бақуатты елдің негізі» – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
14 қараша күні таңғы сағат 8:10-да өмірге келген бес сәби халқымыздың ерекше қуанышына өз үлесін қосты. Жан басын жиырма миллионға жеткізген жандар Ұлытау, Атырау, Ақмола, Жетісу облыстарында дүниеге келді. Оларға ерекше сый-сияпаттар жасалынып, Отбасы банкінің атынан 2 миллиондық сертификаттар берілді.
Сөзімізді ұлт ұстазының заманында айтқан сөзімен сабақтасақ: «Ұлт жұмысы – үлкен жұмыс, үлкен жұмысқа көп жұмысшы керек. Алты миллион қазаққа алты ат жегіп, тарта алмады деп өкпелеу жөн бе?». Шынында да Ертіс пен Еділдің, Арқа мен Алатаудың арасын алып жатқан ұлан-ғайыр атырапқа 20 миллион меже болмауы керек.
Демографияға дем берілді, дегенмен демеу әлі де керек.
Алты алаштың алтын бесігі тербетіле берсін!

Гүлжан РАХМАН.

Поделиться ссылкой: