300 орындық жаңа мектеп ашылды

157 Views

«Жайлы мектеп» жобасы мектептердегі орын тапшылығын болдырмауға, апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселесін толығымен шешуге арналған ауқымды бағдарлама. Бұл жоба ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылған еді. Ресми ақпаратқа сүйенсек, жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 2,6 триллион бөлініп, 2023-2025 жылдары елімізде 401 жайлы мектеп салу жоспарланып отыр.
Қуантатыны сол, «Жайлы мектеп» жобасы бойынша біздің ауданда да жаңа білім ошағы салынып, өткен аптада пайдалануға берілді. Және осы қуанышты сәт ауданымыздың 85 жылдығына тұспа-тұс келіп отыр. Құлан ауылындағы «Арай» тұрғын үй алқабынан бой көтерген жаңа мектептің ашылу рәсіміне облыс әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы келіп қатысты. Ербол Шырақпайұлы жиылған жұрттың алдында сөз сөйлеп, ұстаздар мен оқушыларға ізгі тілегін арнады. Аймақ басшысы:
– Білім – адам мен өркениетті жалғайтын алтын көпір. Сол сапалы білімді игеретін жас ұрпақ – ертеңгі мемлекет тұтқасын ұстайтын азамат. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы білім сапасына, мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөліп отыр. Сондықтан білім беру инфрақұрылымын дамыту – біздің алға қойған басты міндеттеріміздің бірі. Бүгінде облыс мектептерінің материалдық-техникалық базасы нығайып, жаңа мектептер салынып, апатты, үш ауысымды, орын тапшылығы бар мектептердің мәселесі рет-ретімен шешімін тауып келеді. Бұл өз кезегінде білім сапасының айтарлықтай жетілуіне септігін тигізуде. Ағымдағы жылы білім беру жүйесіне 248,8 миллиард теңге қаржы бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда 18 пайызға артты. Бұдан бөлек, биыл 25 білім нысанының құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін 9 мектеп пен 5 мектептің жапсарлас құрылысы пайдалануға берілетін болады. Біз бұл бағытта әлі де жұмыс жасаймыз. Елімізде әрдайым береке мен бейбітшілік болсын – деп, өзінің кәде-сыйын тарту етті. Содан соң аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов ақжарма тілегін жеткізіп:
– Халқыма көп-көп қылып бала берсін,
Балаға таудай талап сана сана берсін.
Саналы, тәрбиелі білім алып,
Бақыты балалардың жана берсін, – деп бата берді. Одан кейін құрылыс жұмыстарын жүргізген «ҚазМұнай Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі № 6 мектеп-гимназиясының «Символикалық кілтін» директордың міндетін атқарушы Мұратжан Мейманхановқа табыс етті. Содан соң аймақ басшысы Ербол Қарашөкев пен аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Шорабек Атабаев жаңа мектеп ғимаратының лентасын салтанатты түрде қиды.

Ағымдағы жылы білім беру жүйесіне 248,8 миллиард теңге қаржы бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда 18 пайызға артты. Бұдан бөлек, биыл 25 білім нысанының құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін 9 мектеп пен 5 мектептің жапсарлас құрылысы пайдалануға берілетін болады.

– Мектебіміз пилоттық режимде жаңа модель бойынша салынды. Мердігері – «ҚазМұнайҚұрылыс» ЖШС, келісімшарт құны – 1 миллиард 793 миллион теңге көлемінде. Материалдық-техникалық жағдайына келер болсам, 12 оқу бөлмесі, 106 орынға арналған мәжіліс залы, 96 оқушы сыятын асхана, спортзал, 2 лингафон кабинеті, химия, физика, биология, информатика кабинеттері үшін 3 зертхана, 15 орынды оқу залы бар кітапхана қарастырылған. Жалпы мұнда 1-8-сынып аралығында барлығы 113 оқушы білім алады. Оның ішінде 1-4-сыныпқа – 56, 5-8-сыныпқа 46 оқушы қабылданған. Қазіргі уақытта ұжымда 25 мұғалім қызмет атқаруда. Тарқатып айтсақ, 1-4-сыныпқа 3 мұғалім сабақ берсе, 1 мұғалім ауысу тәртібімен жұмыс істейді. 5-8-сыныптарға 22 мұғалім бекітілген. Конкурс нәтижесінде 23 педагог жұмысқа қабылданды, – дейді Мұратжан Құрманжанұлы.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: