Арманымен ер сұлу, орманымен ел сұлу

240 Views

Ауданда абаттандыру һәм көгалдандыру жұмыстары дұрыс жолға қойылып келеді. Сенбіліктерден бөлек тал-дарақтарды отырғызу, саябақтардың санын ұлғайту және көрнекілік дүниелерді көбейту жұмыстары ұдайы қолға алынуда. Соның бір мысалы ретінде Қарақат ауылын келтіруге болады.
Аталмыш ауылда өткен аптада «Жасыл белдеу» мемлекеттік бағдарламасы аясында үлкен іс-шара өткізілді. Шарапаты мол шараға аудан әкімі Ернар Есіркепов, Қожайхан Бижанов бастаған ақсақалдар мен аудандық мәслихат депутаты Талғат Тәттіқожаев қостаған белсенді ауыл азаматтары қатысып, көріктендіру жұмыстарына бей-жай қарамайтындықтарын көрсетті. Қарақатқа апаратын жол бойына 1400 түп тал егілді. Оның 1200-і аққайың болса, 200-і шырша талдары.
Жалпы соңғы кездері қарақаттықтар ауыл аумағын абаттандыру бағытында ерекше белсенділік танытуда. Жуырда ғана депутат Талғат Тәттіқожаев бастаған белсенді тұрғындар демеушілік жасап, ауыл атауын кіреберіс тұсқа орнатыпты. Меніңше, бұл – өзге ауылдарға үлгі боларлық игілікті іс.
«Жасыл белдеу» атты мемлекеттік бағдарлама тек Қарақатта ғана емес, Жаңатұрмыс, Көкдөнен ауылдарында да өткізілді. Нәтижесінде аудан аумағы жалпы саны 3000 тал-дарақпен толықты. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: