Жемқорлық індет – жою міндет

862 Views

Жемқорлық індет – жою міндет

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің 2018 жылға арналған кешенді жоспарын іске асыру шеңберінде ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап, облыс аумағында «Адал жол» атты марафон-эстафетасы өткізіліп келе жатқаны баршамызға белгілі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша азаматтық бастамашылық Конгресінен бастау алған аталмыш акцияның мақсаты -жазиралы Жамбыл өңірінде жоғары моральдық-этикалық нормалар мен құндылықтарды ілгері дамыта отырып, сыбайластыққа жол бермеу. Сондай-ақ, жастарды адамгершілік қасиетке баулу арқылы еліміздің игілігі үшін адал қызмет көрсету қағидаларын іске асыру.

Жуырда Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде «Адал жол» атты сыбайлас жемқорлыққа қарсы марафон-эстафетасының қорытынды жиыны өтті. Жиында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Бейсенбек Әлпейісов:

– Өткен айда «Адал жол» атты сыбайлас жемқорлыққа қарсы марафон-эстафетасын біздің ауданнан барған арнайы делегация өкілдері қазыналы  Қордай ауданынан қабылдап алған еді. Сол уақыттан бері аталмыш акция аясында аудан аумағында әр түрлі деңгейдегі іс-шаралар легі ұйымдастырылды. Нақты айтар болсақ, 50-ге жуық ілкімді шара өтіп, оған 2100-ден астам адам қатысты, -деді. Ал өз кезегінде облыс бойынша дәл осы акция шеңберінде 500-ге жуық шара өтіп, оған 80 мың адам тартылғанын тілге тиек еткен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Дәурен Каипов жаһанды жаулаған жемқорлықпен тұтас ұлт болып күресу керектігін сөз етті. Шара барысында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары бүгінгі күннің өзекті мәселесі төңірегінде ой салатын көрініс қойып, патриоттық әндер шырқады. Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары Бейсенбек Әшімәліұлы кезекті Байзақ ауданына жолдап, аудан әкімі аппаратының басшысы Бахтияр Ақпаевқа «Жемқорлыққа жол жоқ!» деген ұранмен марафонның өту үлгісі бойынша дайындалған эстафеталық кітапты табыс етті.

Марат ДИХАНБАЙ.

Поделиться ссылкой: