Суретінен ғана таниды…
Басқар Битанов әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген сақа әрі кәсіби журналист. Өкінішке орай, Басқар Битанов 35 жыл ғана ғұмыр кешті. Мына тағдыр дегенді айтсаңызшы! Белгілі сатирик Басқар Битанов қаңтар айының 1-і күні дүниеге келіп, дәл осы қаңтардың 1-інде дүниеден озған екен. Бұл да адамды ойландыратын жағдай.
Тірі кезінде Басқар Битанов Алматы облыстық «Жетісу», «Егемен Қазақстан», ҚР Жоғарғы кеңесінің «Халық кеңесі», Ауылшаруашылығы министрінің «Ауыл» газеттерінде тілші, бөлім редакторы, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары болып, оқырманға адал қызмет етті. Ол бәзбіреулер ұқсап баюдың жолын емес, әркез адамдықтың туын биік ұстаған. Сонау 90-шы жылдары ол жазған очерктер мен фельетондар, сықақ әңгімелер еліміздің барлық басылымдарында үзбей жарияланып, сахналарда қойылып, тіпті, телебағдарламалардан да көрсетілді.
Таңдаулы шығармалары үшін оған Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінің Баубек Бұлқышев атындағы сыйлығы табыс етілген. Біз газетіміздің бүгінгі санында жерлесіміз, атақты сатирик Басқар Битановтың «Шер» өлеңімен «Суретінен ғана таниды» деген шағын ғана әңгімесін оқырман назарына ұсынуды жөн санадық. Түсінген адамға осы екі шығарманың өзі көп нәрсені ұқтырып тұр. Газет ұжымы шығармашылық адамдарын әркез қадірлейді. Бүгінгі оқырман назарына ұсынылған арнайы бет те Басқар Битановқа деген ерекше құрметіміздің нақ көрінісі.
Демалыс сайын ұйқыны басыңқырап жіберетін әдеті. Бүгін де күн арқан бойы көтерілгенде оянған Дәурен көзін уқалай сыртқа шықты. Жанына жайраңдай жүгіріп келген көрші үйдің алты жасар қызы Көзайымды көтеріп алып, шыркөбелек айналды. Өзі осы қызды өзгеден артық көреді де тұрады.
– Дәу аға, Дәу аға, бүгін Досқа барайықшы, – деді қыз күміс күлкісін тиып.
Ауыл шетінде көзге оқшау көрінетін кішігірім төбе бар-тын. Көсіліп жатысына қарай жұрт оны Маңғазтөбе деп атап кеткен. Өткен жылы осы төбеге Көзайымды алғаш алып келгенде Дәурен оған:
– Бұл төбе екеуміз ДОСПЫЗ, — деген.
– Қалай?
– Солай. Мен бұл төбемен сендей бала күнімде достасқанмын.
– Қайтіп?
– О, о, ол ұзақ әңгіме. Одан да сен мынаны айтшы: бізбен достасқың келе ме?
– Иә.
– Міне, біз енді үшеу болдық. Сен, Мен, Төбе – үшеуміз доспыз.
– Ура! Мен төбемен доспын! Біз үшеуміз!..
Содан бері екеуі Маңғазтөбені Дос атап кеткен. …Дәурен көк жүзіне көз жіберді. Аспанның батыс жақ етегі қарақошқылданып қалыпты. Барлай қарады да.
– Түс ауа жауын жауар, сірә. Келесі демалыста барсақ қайтеді, – деді.
Көзайым сәл бұртиып:
– Дәу аға, қараңызшы, Дос бізге өкпелеп жатыр, – деді.
Шынында төбе томсырайып, бүк түсіпті. Ұшар басы төмен тұқырып, шөгіп кеткен тәрізді. Алыстан қарауытып, ауылға телміре қарайтындай. Тіпті, мелшиіп қалыпты.
Дәуреннің кеудесінің әлдебір тұсы удай ашып қоя берді. Бала күнгі серігінің жетімсіреген сұлбасы ет бауырын езіп жіберді.
– Жарайды – деді сосын, – барсақ барайық. Дос бізді сағынған екен. Сен мамаңнан рұқсат сұрап келе ғой.
Көзайым алақайлап үйіне жүгіре жөнелді. Дәурен де аяқ-қолының құрыс-тұрысын жазып алғасын ішке кірді. Сөйтті де шешесі мен келіншегінің:
– Тәйт, түкір әрі!
– Жаңа көрдің бе? – дегендерін елең қылмастан бесікте жатқан бөпесінің бетінен сүйіп-сүйіп алды. Сосын қулана жымиып, шығып бара жатып:
– Апа, Маңғазтөбеге барып, бой жазып келе қояйын, – деді.
– Бүгін ауа райы бұзылыңқырап тұр ғой. Жауын астында қаларсың.
– Жоқ, кешіге қоймаспын…
Төбе мен ауыл арасы екі шақырымдай болатын. Дәурен қызды желкесіне отырғызып алған.
– Сен папаңды жақсы көремісің?
– Иә.
– Мамаңды ше?
– Жақсы көремін.
– Мені ше?
– Сізді де!
– Ой, азамат! Біз де сені жақсы көреміз!
Дәурен Көзайымды басынан асыра көтеріп жүгіре жөнелді. Сақылдай күлісіп ауылдан ұзап барады.
– Дәу аға, – деді қыз Дәурен жүрісін тежегенде. Сіз де папаңызды жақсы көресіз бе?
– Сен менің папам жоқ екенін білмеуші ме едің?
– Білемін. Ал ол қайда?
Дәурен қызды жерге түсіріп жетегіне алды. Абайсыз қойылған сұрақ жігіт кеудесіндегі ащы өксіктің аузын тырнап ашқандай болды. Көзайымның жүзіне қарап еді, риясыз пішінмен аңтарылып қалыпты.
– Ех… – деп күрсінді Дәурен, – менің папам соғыс құрбаны болған… Отаны үшін, елі үшін, жері үшін, ұлым Жалғасты білесің ғой, ә, мен онда дәл солай бесікте жатқанмын…
– Сонда ол өлген бе?.
– Жоқ! Ол тірі! Ол менің жүрегімде мәңгі жасайды! Әрине, сен оны танымайсың…
– «Мен де… танымаймын… Оның жүзін суретінен ғана танимын… Бірақ жан дүниесін жақсы білем. Ол – нағыз адам!..
– Дәу аға?
– Әу…
– Соғыс болса сіз де сөйтесіз бе?
– Жә, жә, жетер. Міне, Досқа да келіп жеттік.
– О-о, Дос! Сәлематсың ба, Дос!, – деп айқайлады қыз. Сосын қос алақанын шапалақтап, ілгері жүгіріп кетті.
Әлгінде ғана күреңітіп, ұсқынсыз жатқан төбе достары жақындап келгенде, жайнап сала беріпті. Шіркін, көктем-ай! Мамырдың шалғыны масатыдай құлпырып, төбенің тұла бойын мамық майсаға малып тастапты. Маңдайынан ұрған самал жел төбе төскейін сипай соғып, етекке қарай толқи төгіліп барады. Тек бүгін батыстан баяу жел тұрып, бұлт айдап келеді. Бәлкім, көкте күн күліп тұрды бар ма…?
– До-ос, біз келдік, Дос! – деп шаттана айқайлайды Көзайым.
– Дәу аға, мен Досқа гүл сыйлаймын!
– Өз гүлін өзіне ме? – деп күлді Дәурен.
– Иә.
– Сыйлай ғой, жаным. Бірақ көп ұзама, кешікпей қайтамыз…
– Жарайды…
Дәурен төбенің ұшар басына жеткесін сылқ етіп отыра кетті. Әлгіндегі қыздың әнтек сауалы сана сарайында тұншыққан қарақұрт қайғыны қайтадан қозғалтып жіберді. Тұс-тұстан қаумалаған ой біртіндеп қонып, көңілін пәс қып, айнала қара тұмандана бастады.
Күні бүгінге дейін қаншама тырысса да әкесін тірі күйінде көз алдына елестете алмайды. Тек суреттегі қимылсыз кейпінде көреді. Түсінде де сол…
«Қайтпадың-ау, әкем!… Рас, мен – Дәуренді көре алдың, бірақ өз дәуреніңді көре алмағаның… Мен сені осы жерде отырып қаншама күттім. Сарыла күттім. Күні бүгінге дейін елеңдеп, күтетінімді қайтерсің?!
… Сені суретіңнен ғана танимын десем кейбіреулер күледі. Несіне күледі, шындық сол болса… Уһ… Әкең болсын дүниеде…
Ой тұңғиығына батып, көп отырып қалыпты. Кенет селк етті, қаптап қонған қалың ой дүр етіп ұша жөнелді де көз алды көлбеген қара тұман жарқ еткен жарық дүниемен алмаса кетті. Оқыс дауыс шыққан жаққа жалт қарағанда Көзайымның көк көйлегі көзге оттай басылды. Көзайым шыр-шыр етіп шырқырай жылаған күйі бір орында тапжылмай тұр. Екі қолы ербең-ербең етеді.
Бір сұмдықтың болғанын сезген Дәурен қызға құстай ұшты.
Бар екпінімен жүгіріп келгенде байқағаны: қыз андаусызда ұйқыда жатқан жыланды басып кетсе керек. Жыланның басы ортан беліне дейін оратылған күйі аяқ астында қалған. Ал қалған денесімен қыз сирағын орап алған. Ине көзінен өтердей сүп-сүйір құйрығымен Көзайымның балтырын өшіге осқылайды. Ысылдаған дыбысынан жан шошырлық.
Дәурен алғаш не істерін білмей абдырап қалды. Сосын шалт қимылдап жыланның құйрығына жармасты да:
– Көтер аяғыңды! – деп айғай салды.
Көзайымда зәре-құт қалмаған. Ес жоқ. Тек құлағындағы дауысы құлақты жарып, шырқырай береді. Қорыққаннан ба, сасқаннаи ба, орнынан тапжылар емес.
– Көзайым, көтер аяғынды! Қорықпа! Көтер!..
Тіпті болмағасын Дәурен бар пәрменімен жыланды жұлқи тартып қалғанда қыз жалп етіп құлап түсті. Табанға тапталған ыза кернеген жылан да осы сәт ысылдай келіп, мұның білегіне оратыла кетті. Бос қолымен орауын жазамын дегенше болған жоқ, көз ілеспес шапшаңдықпен жылан басы күре тамырды бойлай шынтақтың бүрілмелі тұсына шап етіп жабысты да қалды. Бұл кезде үдесе көшкен бұлт та аспан төсін торлап алған еді. Найзағай жарқылдап, шатыр-шұтыр күн күркіреуімен Дәуреннің жан дауысы қоса шықты.
– А-а-ай!..
Бар пәрменімен құлашын сермеп қалғанда жылан ширатылып кетіп, таяқ тастам жерге топ ете түсті.
Шелектеп жауған жауыннан айналып айырып болар емес. Табиғат бар жауынын бүгін тауысардай… Шапшаң басып қыз жанына келді. Ол ауыр тыныс алып, екі көзі жұмулы сұлық жатыр екен.
– Көзайым, қорықпашы, Көзайым… жаным… бері қарашы… Міне, менмін… мен ғой бұл, Дәу ағамын… Көзайым…
Көтермекші болып еді, қыздың денесі былқ-сылқ. Тіл жоқ. Өн бойын майда діріл басып, жиі-жиі ішегін тарта өксиді. Осы сәт өзінің де оң қолының шымыр-шымыр ұйып қалғанын сезді. Зілдей боп төмен тартып барады. Әлгіндегі опыр-топыр қимыл мен жанұшыра айғайлағаны санасына сап ете қалды. Неге? Қарсы алдына тағы да білектей қара шұбар жылан қайқаңдап тұра қалғандай бол- ды… айыр тілі су-су етеді… Ойпырай, Жылан!.. Жылан шақты!..
Жалма-жан жейдесінің жеңін дар еткізбекші болып жұлқи тартып еді, тігісі мықты көйлек жыртыла қоймады. Есесіне төңірегі көгеріп, ісіне бастаған жарасын жанына батыра тартқанда жауын астында жалаңаш денені жарқ еткізіп, көйлек қақ бөлінді. Сау қолымен түймелік тұсын түгел жыртып, асығыс-үсігіс шынтағын шаңдып тастады. Қайбір қатты байлады дейсің, жандалбаса тірлік те. Жансауғалайтын мезгіл емес. Көзайымды тезірек дәрігерге жеткізбесе… жүрегі ұшып кетпесе не қылсын… тек аман болғай… аман болғай…
Жауын толастар емес. Үдеп барады. Дәурен Көзайымды көтеріп алды да асығыс ауылға беттеді.
Әлгіндегі жайнаған гүл мен жайқалған жапырақ кінәлі жандардай бастарын төмен иіп, біріне-бірі тығыла түседі. Бүгілген бүкір жоталарындағы мөлтек тамшылар бір сәт мөлие қарап тұрады да сорғалай жөнеледі. Әне бір екі-үш шоғайна етекке қарап елеңдей қалысқан. Бауырын жауын сабалаған төбе де қасіреттен қалжырап, езіліп жатыр.
Дәурен жаңа байқады. Оң қолы күп болып ісіпті. Жаңа шүберек бос байланған тәрізді еді, бүгілме тұстың еті бунақ-бунақ болып тырсылдап тұр. Қол сыздап ауырып қозғалтар емес.
Жайшылықта шөккен түйедей бүк түсіп жататын Дәуренге тым биік көрінді. Ауыл алыстап, тіпті, етекке ілінуге зор болып келеді. Жер тайғақ, жүрісті өндітпейді.
Әлден уақытта Дәурен әлсіреп бара жатқанын сезді. Қызды көкірегіне қыса ұстап алған. Ол әлі тілге келмей, қан-сөл жоқ, қимылсыз жатыр. Үсті-басы малмандай су. Оны көтеріп жүрудің өзі мұңға айнала бастады. Оң қолдан қайыр жоқ, қайта иықты салбыратып, салмақты ауырлатып келеді. Әредік екі аяқтан да әл кетіп, тұрып қалады.
Қыстап шыққан жыланның уы уытты болады деуші еді. Қанға тарап кетпесе не қылсын. Буындарының босаң тартуына қарағанда… Аяғы тайғанап кетіп еді, салмағын теңдей алмай етбетінен түсті…
Мынау не?.. Тұман ба?.. Жоқ, бұл түнерген аспан екен. Демек, бұл шалқасынан түсіп жатыр. Жантайып жығылғанда талма тұсы жерге қатты соғылып талықсып кетсе керек. Жауын әлі жауып тұр. Көзайым қайда?! Ышқынып атып тұрды. Сопаң етіп тұра келгенде басы зырқ ете қалды да көз алды қарауытып, қызылды-жасылды жарқылдар қаптап кетті. Табан астындағы төбе төңкеріліп бара жатқандай… Иә, иә… көтеріліп барады… гүрс етіп тағы та шалқасынан түсті… Қасына өксігін баса алмай Көзайым келгенде қуанып кетті. Аман екен, әйтеуір… Көзай-ым!..
Қыздың қанша уақыт жылағанын кім білсін, әйтеуір жанарында жас қалмаған тәрізді. Балғын дене жауынның суығына қайдан төзсін, еті тоңазып, көкпеңбек боп бүрісіп қалыпты. Бал жүрегін бір ғұмырға жетерлік қасірет езіп жіберген сияқты.
– Көзайым… Көзайым… – деп Дәурен әзер сөйлеп, тыныс жолы да тарылғандай, – қалай… қорыққан жоқсың ба? Қорықпа, сен… тоңып қалдың-ау… ештеме етпейді… Сен ауылға жүгір… хабарла…
– Сі…-сі…сізше?
– Менде… жылжи беремін…
Көзайым бірдеңе айтып еді, өксік үзіп-үзіп түсініксіз етіп жіберді.
– Бара ғой, Көз… бар… Мен жүре алар емеспін…
Көзайым ауылға қарай он шақты қадам жасады да тұрып қалды. Дәу-ағасын қимайды. Қалай ғана жалғыз тастап кетеді. Өксігі өсе түсіп, қарлыққан дауысын шығарып жылап жіберді. Мұндай, мұңлы үнді естігенше саңырау болсай, ей, құлақ!..
– Жылама Көзайым… жаным,.. бара ғой… бар…
Қыз еңіреген күйі етекке қарай жүгіре жөнелді. Ізінше Дәурен де ілби басып төбеден түсе бастады. Жүруінен тұруы көп. Бірақ қайткен күнде де алға жылжи беру керек. Қалың нөсерден ауыл мұнартып көрінеді. Әне, ана-ау шеткі үй… Сол жақтан қалбақтап әлдекім жүгіріп келе жатқан тәрізді. Бұл кім?! Кенет есіне әкесі түсті. Мынау сол ма? Жә, жә.. ол қайдан болсын… Өйткені ол – сурет қой…
Іле-шала бесікте бұлқынған баласы түсті есіне. Жалғас! Жал-ғас!.. Жүрегі сыздап қоя берді.
«Сұмдық-ай! Сарғайған сурет – әке тағдыры тарихта» тағы қайталанатын болғаны ма?! Жансыз бейне сурет – әке дегенді менен өзге тірі жанның басына бермесін деп тілеген ем. Тілеуімді теріс ағызған қу өмір-ай… Кешір Жалғас… кешір, ұлым, әкеңді,.. әке жолын қайталасам, кеше гөр!..
Дәуреннің дүрс-дүрс соққан жүрегі біз сұққандай шаншып кетті…
Маңғазтөбенің күнгей бетінде жалғыз ғана зират бар. Темір тормен қоршалған сол зираттың тұсында басын иіп екеу тұр. Мырза мамыр молаға да көк майса сыйлапты. Қоршаудың бір бүйірінде кішігірім құлпытас. Онда: «Ұмытпаймыз ағажан, мәңгі есіміздесің! Жалғас пен Көзайым» деп жазылған.
Келіп тұрғандар да сол екеуі. Мына жатқан гүл шоқтарын да сол екеуі қойған. Басқаның емес. Дос-төбенің гүлі.
Осыдан он жыл бұрынғы оқиға Көзайымның көз алдында. Жалғас биыл үшінші класта оқып жүр. Папасын суретінен ғана таниды…
ШЕР
Бұл пәнидің мен де бір үзіндісі,
Көріп пе екен о дүние жүзін кісі.
Бәріміз де пендеміз жұмыр басты,
Айырмасы бір – ұзын, бірі – кіші.
Я алпыс, я жетпіс жас – өткел едің,
Бұл қалай сол ғұмырға жетпегенім.
Өмір-ай, сен не деген қатал едің,
Мен де саған сырт беріп өкпеледім.
Жасымнан мұратыма жеткен едім,
Тіл-көзден сақтан шырақ, тек демедің.
Ескертсең менде де ес бар, ұғар едім,
Қидың ғой, қу желкемді текке менің.
«Арқаң» бар деп айтушы еді аталарым,
Білмеппін бұл сөзде де қате барын.
«Арқа» беріп алдамшы асылдарға,
Сұм ажал өз үйіне апарарын.
Қос мәрте мен түс көрдім, түнделетіп,
Жел ұшырып әкетті мені дөңгелетіп.
Мал сойып, қазан асып жатыр халық,
Ас беріп жатыр ма деп ұшып тұрдым.
Көзімнің тірісінде өлген етіп,
Жаздадым жарық күнде көрге кетіп.
Бұрын қаза болғандар жебеп жатыр,
Бесіктейін қорапқа бөлеп жатыр.
Бір аяғым сынған еді – сипап көрсем,
Япыр-ай, сұп-суық боп бөлек жатыр!
Жарқ-жарқ еткен мен сынды қазағына,
Керегі жоқ пейіш те, тозағы да.
Тірісінде көзімнің күлкі еттің,
Қалдырма енді бабалар мазағына.
Жалпақ бастық жалғанды судай кешіп,
Қымбат екен онысы – удай несіп.
Жатар ма екем, бір кезде тас қараңғы,
Төбемде шаш орнына қурай өсіп!…
Келте болды өмірім, қысқа тондай,
Қояр ма екен, мүрдеме құста қонбай.
Жатар ма екем, шашылып сүйектерім,
Жазда күймей ыстыққа, қыста тоңбай.
Дүниеге келмек те бар, өлмек те бар,
Құлағыңды сөз таситын жел кеп табар.
Бұл дүниеде не боп жатыр, ағайындар,
О дүниеге беріңдер жөндеп хабар.
Қу жүрек тағат таппай суылдайды,
Көзімде от, қос құлағым шуылдайды.
Басыма қонған бақыт, қайтейін-ай,
Қашқақтап, қайта-қайта жуымайды.
Түршігіңдер бәрің де өлем десіп,
Мен жатқан жаққа қарай елеңдесіп.
Бұл жаққа аяқ баспа, бауырларым,
Жүрмейік ақыретте сәлемдесіп.
1993 жыл, 23 желтоқсан.