Бір кем дүние

136 Views

Ұстаз

Оны сол кездегі Қазақстан Үкіметі сонау Ленинградта оқып жүрген жері­нен, оқуын бітірткізбей Алматыға шақыртып алып, Жазушылар одағының бірін­ші бастығы етіп тағайындап қойып еді.
Бұл қандыбалақ 1937-ші зұлмат жыл болатын.
Ленинградтан шақыртып алып, ай-шай жоқ, лезде бастық етіп қойған азамат­тың аты-жөні Мұхамеджан Қаратаев еді.
Сөйтсе, Үкіметке көсек керек екен. Жап-жас бастыққа сол кездегі қазақ әдебиеті­нің марқасқаларына қарсы қаралап мақала жаздыру керек екен. Оны орындамаса, Мұхамеджанның өзі атылып кетер екен.
Ақыры, соның қолымен от көсеп алып, Мұхамеджан Қаратаевтың өзін он жылға итжеккенге айдатып жіберді ғой.
Он жылдан кейін Қаратаевты айдаудан босатып, Жамбыл қаласына мұғалім етіп жібереді. Ол сонда Жамбыл қазақ орта мектебі мен педагогика училищесіне қатар сабақ беріп жүреді.
Астанамыз Алматыда тұруға рұқсат жоқ.
Бірақ бір жарым жылдан кейін КГБ тарапынан қайтадан тұтқындалып, каторгаға айдалады.
Баяғы патша заманындағы Сібірге айдалған декабристердің әйелдері сияқты, Мұхамеджан Қаратаевтың жұбайы Мархума күйеуінің соңынан итжеккенге іздеп барған ғой.
1953 жылы Сталин қайтыс болғаннан кейін, «жылымық» кезең келіп, «халық жаулары» елге қайта бастағанда, Мұқаң Алматыдағы қазақтың көркем әдебиет баспасына қатардағы редактор болып жұмысқа орналасты.
Дәл сол жылы мен де университет бітіріп, дәл сол баспаға жұмысқа келдім. Бір кездегі ұстаз бен шәкірт бір столдың басында қатар отырдық.
Бұл да бір кем дүние.

(Жалғасы бар).

Поделиться ссылкой: