Әкімшілік сот ісін жүргізу
Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 29 маусымдағы № 350-VI санымен Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі қабылданған болатын. Жоғарыда айтылғандай, бұл кодекс 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілді.
Әкімшілік сот ісін жүргізудің негізгі мақсаты – әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыру барысындағы жеке тұлғалармен заңды тұлғалардың тепе-теңдігін сақтау, заң үстемдігі мен әділеттілікті, бұзылған құқықтармен азаматтардың мүдделерін қорғау болып табылады.
Сондықтан бұзылған құқықтарын қалпына келтіру және заңды мүдделерін қорғауда арыз шағымдарды соттардың қаралу аумағын анықтау қажет.
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 102-бабына сәйкес, әкімшілік сот ісін жүргізуді мамандандырылған аудандық және оларға теңестірілген әкімшілік соттар жүзеге асырады. Республикалық маңызы бар қалалар және Астана, облыс орталықтары шегіндегі мамандандырылған аудандық және оларға теңестірілген әкімшілік соттардың соттылығына жататын істерді қоспағанда, талап қоюшының арызы бойынша мамандандырылған аудандық және оған теңестірілген әкімшілік соттың соттылығына жатқызылған істерді талап қоюшының тұрғылықты жеріндегі сот қарауы мүмкін.
Әкімшілік істердің аумақтық соттылығы туралы нормалар аталған кодекстің 106 бабында нақты көрсетілген. Яғни, әкімшілік істер әкімшілік актінің шығарылған орны бойынша немесе жауапкердің орналасқан жері бойынша қаралуға жатады.
Кодекстің 103-бабына сай әскери соттар, егер әскери басқару органдары, әскери бөлім жауапкер болып табылса, мамандандырылған басқа соттардың соттылығына жататын істерді қоспағанда, Қазақстан Қарулы Күштерінің, басқа да әскерилер мен әскери жиындардан өтіп жүрген азаматтардың талап қоюлары бойынша әкімшілік істерді қарайды. Ал, кодекстің 104, 105-баптарына сәйкес, облыстық және оларға теңестірілген соттар әкімшілік істерді апелляциялық тәртіппен қарайды.
Кодекстің 108 бабы бойынша әкімшілік істі бір соттың іс жүргізуінен басқа сотқа беру мәселесі қарастырылған. Яғни, соттылық қағидалары сақтала отырып, соттың іс жүргізуіне қабылданған және сот отырысында қарауға тағайындалған әкімшілік іс, егер оны қарау барысында ол басқа соттың соттылығына жатқызылса да, ол мәні бойынша қаралады. Ол қағидалар келесі жағдайлар анықталған кезде қолданылуы мүмкін. Егер әкімшілік істі осы сотта қарау кезінде оның іс жүргізуге соттылық қағидалары бұзыла отырып қабылданғаны анықталса, бір немесе бірнеше судьяға қарсылық білдірілгеннен кейін не басқа себептер бойынша судьялар ауыстырылса немесе әкімшілік істі осы сотта қарау мүмкін болмаса, Кодекстің 107 бабының екінші бөлігінде көзделген негіздер туындаса, сот әкімшілік істі басқа соттың қарауына беруге тиіс.
Бұл жерде әкімшілік істі басқа сотқа беру немесе әкімшілік істі басқа сотқа беруден бас тарту туралы соттың ұйғарымы шығарылады, оған шағым жасалуы мүмкін. Әкімшілік істі басқа сотқа беру – шағым жасау мерзімі өткен соң, ал шағым берілген жағдайда шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы соттың ұйғарымы шығарылғаннан кейін жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, екі тарап сот айқындаған соттылықпен келіскен жағдайда, олардың жазбаша өтінішхаты бойынша әкімшілік істі бір соттан екіншісіне беру ұйғарым шығарылғаннан кейін дереу жүргізіледі.
Осы кодекстің 109 бабында соттар арасындағы соттылық туралы дауларды жоғары тұрған сот шешеді. Оның шешімі түпкілікті болып табылады және қайта қарауға жатпайды.
С.Узбеков,
аудандық соттың судьясы.