ПРЕЗИДЕНТ БҰҰ АЗЫҚ-ТҮЛІК ЖӘНЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҰЙЫМЫНЫҢ (ҒАО) БАС ДИРЕКТОРЫ ЦЮЙ ДУНЪЮЙМЕН КЕЗДЕСТІ

132 Views

Италияға ресми сапары барысында Мемлекет басшысы БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) Римдегі штаб-пәтеріне барды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Цюй Дунъюймен кездесуде жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және агроөнеркәсіп кешенінің орнықты дамуын ілгерілетудің маңыздылығына назар аударып, Қазақстанның Ұйыммен ынтымақтастығын нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.
– Азық-түлік тапшылығы – жаһандық күн тәртібіндегі өзекті проблеманың бірі. Қазақстан бұл мәселені шешуге өз үлесін қосуға ұмтылады. Біздің еліміз дәнді дақылдар өсіру жөнінен алдыңғы қатарда. Бидай экспортының көлемі шамамен 6 миллион тоннаға жетеді. Біз астық және ұн өндіретін 10 ірі мемлекеттің қатарына кіреміз, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан­ның Ұйыммен арадағы ынты­мақ­тастықты кеңейтуге мүдделі екенін растады.
Мемлекет басшысының айтуынша, еліміз тұқым шаруашылығын жетілдіру, ауыл шаруашылығына арналған жерлердің тозуына қарсы күрес, жасыл ауыл шаруашылығын ілгерілету, жер-су ресурстарын оңтайлы және тиімді пайдалану мәселелері бойынша БҰҰ сараптамалық қолдау көрсетеді деп үміттенеді. Қазақстан жергілікті бірегей ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу үшін тұрақты өндіріс және сауда тізбектерін жетілдіруді көздейтін FAO-ның «Бір ел – бір негізгі өнім» бастамасына қатысады.
Мемлекет басшысы Цюй Дунъюйге Алматының әйгілі апортын таныс­тырды.
– Қазақстан алманың отаны ретінде кеңінен танымал. Апорт сұрпы еліміздің ең ірі мегополисі – Алматының ма­ңайын­да өседі. Біз алманың осы түрін өздеріңізбен күш біріктіре отырып, әлем нарығына шығаруға ниеттіміз. Осы бастамамызды іске асыру бары­сында Сіздің жеке қолдауыңызға арқа сүйейміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

– Азық-түлік тапшы­лы­ғы – жаһандық күн тәр­ті­біндегі өзекті проб­ле­маның бірі. Қазақстан бұл мәселені шешуге өз үле­сін қосуға ұмтылады. Біздің еліміз дәнді дақыл­дар өсіру жөнінен ал­дың­­ғы қатарда. Бидай экспор­тының көлемі шамамен 6 миллион тоннаға жетеді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Халықаралық Аралды құтқару қоры және Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының төрағасы ретінде Қазақстанның басымдықтары туралы айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұйымды Арал бассейніндегі жерлердің топы­рағын мелиорациялауға және су ресурс­тарын басқаруға қатысты жоба­лар әзірлеу ісіне жан-жақты қолдау көрсетуге шақырды. Сондай-ақ Прези­дент елімізде FAO-ның Орталық Азия­дағы өңірлік бөлімшесін ашуды ұсынды.
Азық-түлік және ауыл шаруа­шы­лығы ұйымының бас директоры жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және гуманитарлық көмек көрсету ісінде Қазақстан аймақта ғана емес, бүкіл әлемде елеулі рөл атқаратынын атап өтті.
Кездесу соңында Президент маз­мұнды әңгіме-дүкен құрғаны үшін FAO басшылығына ризашылығын білдіріп, оны алдағы Халықаралық Астана фору­мына қатысуға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.

AKORDA.KZ

Поделиться ссылкой: