Жаңа спорт кешені пайдалануға берілді

55 Views

Өткен жұмада Ақыртөбе ауылындағы спорт кешенінің құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Естеріңізде болса, былтыр тамыз айының соңында дәл осындай спорт кешені Көгершін ауылында да ашылған болатын. Мінеки, осылайша Жаңа жылдың алғашқы айы ақыртөбеліктер үшін қуанышпен басталды. Жаңа нысанның ашылу рәсіміне аудан әкімі Ернар Есіркепов пен аудандық мәслихат төрағасы Ербол Әбутәліпов арнайы барып қатысты. Салтанатты шараның ашылу рәсімінде сөз сөйлеген аудан басшысы Ернар Серікәліұлы алдағы уақытта жаңадан пайдалануға беріліп отырған спорт нысаны жасөспірімдер арасында бұқаралық спортты дамытып қана қоймай, ауыл тұрғындары арасында да салауатты өмір салтын насихаттауға зор үлес қосатынын жеткізді. Содан соң сөз сөйлеген Ақыртөбе ауылының тұрғыны, зейнеткер Көкімбаев Кеңес ақсақал Жаңа жыл расымен де ақыртөбеліктер үшін өте қуанышты жаңалықпен басталып отырғанын тілге тиек етіп, өзінің ақ батасын берді.
Ақыртөбе ауылындағы спорт кешенінің құрылыс жұмыстарын «Авторэмс құрылыс строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Жобаның жалпы құны – 293 миллион теңгені құрайды. Айта кетейік, жаңа нысан «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша салынды.
Осы арада біз тағы бір ауыл тұрғынынан сұқбат алып, пікірін білген едік. Ол азамат та бұл қуанышқа дән риза екенін жеткізді.

– Мен өзім де талай жылдан бері спорт саласында елеулі еңбек еттім. Ауылымыздан талай спортшылар шыққан. Қазір де сол үрдіс жалғасын тауып келеді десем, артық айтқандығым емес. Иә, рас. Бұған дейін Ақыртөбеде спорт кешені болмады. Дегенмен, сонда да сақа спортшылар шығып отырды. Бүгін өздеріңізде көріп отырсыздар, мынадай зәулім ғимарат елдің игілігіне пайдалануға берілді. Өз басым шын жүректен қуаныштымын, – деді Ақыртөбе ауылының тұрғыны Әбілқасым Қайымбердиев.

Одан кейін «Авторэмс құрылыс строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Ақыртөбе ауылдық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің «Символикалық кілтін» мекеме директоры Нұрлан Тұрсынұлына салтанатты түрде табыс етті. Содан кейін аудан әкімі Ернар Есіркепов, аудандық мәслихат төрағасы Ербол Әбутәліпов және зейнеткер, Ақыртөбе ауылының тұрғыны Кеңес Көкімбаев жаңа спорт нысанының лентасын салтанатты түрде қиды.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: