Өз миссиясын тиімді атқарған мекеме

166 Views

Азаттықтың ақ таңы атып, жаңа өмірге аяқ басқан елдің алдында көп­теген қиыншылықтар тұрған еді. Ескі байланыстар бұзылып, инфляцияның белең алып, жұмыссыздық жайлап, енді ғана аяғынан тұра бастаған елдің иығына ауыр жүк түсті. Аз уақыт ішін­де экономиканы тұрақтандыру үшін елдегі ақша айналымын ба­қылау мен айналымдағы есепті қам­тамасыз ету керек еді. Сол себепті, экономикалық құрылымдарды, оның ішінде мемлекеттік қаржы басқармасын реформалау қажет болды. Осылайша, ел қазынасын басқаруды жолға қою мақсатында 1994 жылы Қаржы министр­лігі жанынан Қазынашылық басқармасы құрылды. Алдымен аймақтардағы қазынашылық жүйенің алғашқы құрылымы жасалып, Ұлттық банктің есеп айырысу кассалары Қазынашылық басқарманың аумағына шоғырландырылды. Олар бюджет қар­­­жысының түсімін және оны мем­лекеттік мекемелердің шотына ауда­рылуын қадағалап отыруға тиіс болды. Ал, 1995 жылы Қазынашылық басқармасы бюджеттің шығындары мен кірістерінің жаңа бюджеттік клас­сификациясын жасап шығарды. Сол жылы Елбасы Жарлығымен Ұлт­тық банктің есеп айырысу касса­ларының орталығы Қазынашылық басқармасының базасында құрылған Бюджеттік банктің қарауына берілді. Қазынашылықтың қаржылық жүйесін дамытудағы аса маңызды жұмыстардың бірі – Ұлттық банкте оның бірыңғай шотын ашу болды. Осылайша, 1996 жылдан бастап, оған мемлекеттік және жергілікті бюджеттің ақша қаржылары шоғырландырылды. Бірыңғай қазы­на­шылық шоты (БҚШ) арқылы төлем тетіктері мен бағдарламалық қам­та­масыз ету мүмкіндіктері жаса­лып, БҚШ арқылы алынған ақпарат Үкіметке және басшылыққа жі­беріле бастады. Яғни, бюджеттің ахуалы, кірістер мен шығындарды, рес­публикалық және облыстық қаржы құры­лымындағы қалдықтарды күн сайын қадағалап отыруға мүмкіндік жасал­ды. Арада бірнеше жыл өткенде, 1998 жылдың қаңтар айынан Бюджеттік банктің таратылуына байланысты, оның құзыреті аумақтық қазынашылық органдарына берілді. Жалпы, қазынашылық жүйесі жаңа талаптарға сай жетілдіріп отыруды қажет етеді. Мекеменің бағдарламалық қамтамасыз ету негізінде жаңа қазы­на­шылық жүйесі жасалған. 2004 жылдан бастап қазынашылықтың ақ­параттық жүйесі республикалық ау­мақтарына толық енгізілді. Біз қол­данып жүрген Қазынашылық жүйенің жаңғыртылуы өте сирек модель ретінде де басқа елдердің тәжірибесінде қол­дану ұсынылуда. Қазақстанның 2050 жылға дейінгі стратегиялық да­муы аясында дамып келе жатқан қазы­нашылық ақпарат жүйесі салық­тарды және басқа да төлемдерді ау­дару, бюджеттік шығындарды жүр­гізу, қаржы ресурстарындағы жер­гілікті атқару органдары мен Үкі­­метті басқарудың тиімділігін арт­ты­ру, мемлекеттік бюджеттің атқа­ры­лу­ындағы транспаренттілік бағыт­тарына негізделген. Қысқаша қорытқанда, Елбасы жүктеген талапқа – ел бюджетін тиімді басқару басты міндетін қамтамасыз етуге бағытталған. 2007 жылы Бүкіләлемдік банк Орталық және Шығыс Еуропа, Азия елдерінің қазынашылық қызметтеріне талдау жүр­гізген болатын. Нәтижесінде қазақстан­дық жүйеге жоғары баға берілді. Сөйтіп, Бүкіләлемдік банк сарапшыларының пікірі бойынша Түр­киядан кейінгі екінші орынға ие болдық. Бірнеше жыл бұрын «Қазынашылық – Клиент» мемлекеттік мекемелер ара­сындағы электронды құжат айналымы жобасының тұсауы кесілді. Бұл уақыт тала­бынан туған, қаржыны бас­қару­дың халықаралық тәртіптеріне сай келетін шешім еді. Осы жобаның арқасында республика бойынша барлық операциялардың ашықтығына қол жеткізілді. Сондай-ақ, мемлекеттік мекемелерге қызмет көрсету уақыты қыс­қарды, қағазбастылық азайды, қаржылық құжаттарды өңдеу сапасы жақсарды. Операциялық және көліктік шы­ғындарды азайтты. Жаңа жүйе құжаттарды қабылдау мен өңдеу бойынша мекеменің функцияларын автоматтандыруға жол ашты. Ал бұл жемқорлықтың фактілерін болдырмауға әсер ететіні түсінікті. Мемлекеттік мекемелерге қашықтан қызмет көрсе­тетіндіктен жұмыстың тиімділігі ар­та түсті. Әкімшілік кедергілер әлде­қайда азайып, адами фактордың кесірінен болатын қателер де кеміді. Қазынашылық комитеті биылдан бастап азаматтық-құқықтық мәмілелерді тір­кеу деректерін жөнелту бөлігінде Электронды мемлекеттік сатып алу­лар мен «Қазынашылық-Клиент» ақпараттық жүйесін интеграциялауды бастады. Сол арқылы мемлекеттік сатып алуларды тіркеу бойынша құжат айналымын тағы да азайту көзделіп отыр. Осылайша, адам факторын, құ­жаттарды өңдеу мен рәсімдеу уақы­тын, қаржылық шығындарды азайтуға қол жеткізілді. Қаржылық заң бұзушылықтарды болдырмау және олардың алдын алу үшін алдын ала бақылау тетіктері қарастырылған. Бюджет қаражатын игеру бойынша былтыр Қаржы министрлігі және оның ішінде Қазынашылық комитеті де игерілмеген қаражат сомасын төмендетуге бағытталған жұмыстар атқарды. Бүгінгі таңда шетелдерге және өз еліміздің аумағында түрлі валютадағы аударымдар оп-оңай жасалады. Барлық төлемдерге Ұлттық банктің айырбас бағамы қолданылады. Бұл дегеніміз – ақша бірлігін конвертациялау кезінде комиссия болмайтынын білдіреді және ұлттық валютадағы қаражаттың транзиттік шоттарда тежелмейтінін көрсетеді. Сөз басында айтып кетке­німіздей, мемлекет қаржысын – ел қазынасын тиімді басқарудың кілті болған Қазынашылық комитеті өз миссиясын тиімді атқарып келе жа­тыр деген сенімдеміз. Тәуелсіздік жыл­дарында мекеме өзін уақыт пен қоғам талабына сай дамыған қаржы институты ретінде көрсетті.

Н.Маткаймов,
аудандық Қазынашылық басқарма басшысының орынбасары.

Поделиться ссылкой: