Заманауи сайлау жүйесі – саяси реформаның басты құралы

148 Views

Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов жақында облыстық басылымдарға сұхбат берді. Сол сұхбатты газетіміздің бүгінгі санында жариялауды жөн көрдік.

– Серғали Өмірзақұлы! Елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар сайлау саласына қандай өзгерістер алып келді?
– Соңғы жылдары «Қазақстан Республи­касындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңына бірқатар өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Онда осы аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшыларын кәсіби тұрақты негізге көшіру туралы арнайы тармақ енгізілді.
Осылайша, 2019-2022 жылдар аралығында барлық деңгейдегі аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшылары кәсіби тұрақты негізде жұмыс жасады.
2023 жылдың қаңтарынан бас­тап облыстық аумақтық сайлау комиссиясының барлық жеті мүшесі, ал, қалалық және аудандық аумақтық сай­лау комиссияларының үш мү­шесі, яғни төрағалары, орын­ба­сарлары мен хатшылары кәсіби тұрақты негізде жұмыс жасауда.
ҚР Орталық сайлау ко­миссиясының және облыстық сайлау комиссиясының ұйым­дастыруымен аумақтық, ок­руг­тік және учаскелік сайлау комис­сиялары мүшелерінің кәсіби деңгейін арттыру бағытында көптеген ауқымды жұмыстар атқарылды.
Алдымен комиссия мүше­лерінің сайлау жүйесіндегі білімі мен кәсіби біліктілігін шыңдауға арналған кезеңдік оқытулар, семинар-тренингтер, іскер­лік ойындар және т.б іс-шаралары ұйымдастырылды.
Өткізілген іс-шара­лар­да сайлау про­цесін ұйым­дас­ты­ру­шыларға сайлаудың заң талаптарына сәйкес өтуіне және оның ашықтығын қамтамасыз етуге басымдықтар берілді.
Осы атқарылған жұмыс­тардың нәти­жесінде облыстағы барлық дең­гейдегі сайлау ко­миссиялары мүшелерінің кәсіби деңгейі едәуір жоғарылады деп айтуға негіз бар.
Өйткені, өткен бес жылда сайлау комиссияларының сайлау процесін даярлауға өкілеттігі бар мемлекеттік органдар, сая­си партиялар және қоғамдық ұйым­дармен бірлесе отырып, ҚР Президентінің екі сайлауын, Парламенттің екі Палатасының (Сенат және Мәжіліс), бар­лық деңгейдегі мәслихат депу­тат­тарының екі сайлауын, Респуб­ликалық Референдумды және аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ және аудан әкімдерінің сайлауын заң талаптарына сәйкес өткізуі осының айғағы емес пе?
– 2024 жылы бұрынғы сай­ланған сайлау комис­сия­­ларының мүше­лерінің өкі­­леттігінің аяқталуына бай­­ланысты аумақтық және учас­келік сайлау комис­сия­лары­ның жаңа құрамдары сай­ланды. Ал олардың сапа­лық құрамы туралы сіз қандай пікір­десіз?
– ҚР Сайлау туралы заңына сәйкес сайлау комиссияларының жаңа құрам­дарын саяси пар­тиялармен қоғамдық ұйым­дардың ұсынысымен мәс­лихаттар қалыптастырады.
Аумақтық сайлау комис­сия­ларының құрамдарына сайланған комиссия мүшелерінің 72,6 па­йызы қайта сайланғандар, ал, 27,4 пайызы алғаш рет.
Айта кетуім керек, аумақтық сай­лау комиссияларының құрамы ҚР сайлау туралы заңына енгізілген өзгерістердің негізінде ҚР Орталық сайлау комиссиясымен бекітілген біліктілік талаптарына сәйкес жасақ­талды.
Ал, учаскелік сайлау комис­сияларының құрамдарына сай­лан­ған комиссия мүшелерінің 80 пайызы қайта сайланғандар, алғаш рет сайланғандары 20 пайызды құрады.
Әрине, алғаш рет сайланған комис­сия мүшелерінің сапалық құрамы туралы пікір айту әлі ертерек.
Ең бастысы – бұл азамат­тардың қоғам және заң алдын­дағы жауапкершілігінде.
Қазіргі таңда ҚР Орта­лық сайлау комис­сия­сы­­­­ның және облыстық сай­­­лау комиссиясының ұйым­дас­­­тыруымен жаңадан сайланған ко­­миссия мүше­лерінің кәсіби дең­­гейін арттыру мақса­тында олар­ға арналған кезеңдік оқыту­лар, семинар-тренингтер, іс­кер­лік ойындар және т.б іс-шаралар ұйым­дастырылуда.
Одан кейін сайлау процесін ұйым­­дастыру кезінде олардың кәсіби деңгейі туралы пікір айтуға болады.
Екінші өзгеріс, Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылдың 1 қыркүйе­гіндегі «ЖАҢА ЖАҒДАЙДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН: ІС-ҚИМЫЛ КЕЗЕҢІ» атты Жолдауында ауыл әкімдерімен халық арасындағы байланысты нығайту мақсатында әкімдерді тікелей халық сайлауы ар­қы­лы жасақтау қажеттігі айқын­далды.
Осыған орай, 2021 жылы «Қазақстан Республикасының сайлау туралы» Конституциялық заңына өзгерістер мен толық­тырулар енгізіліп, әкімдерді сайлау тікелей халыққа берілді.
Жалпы, 2021 жылдан бастап облыс көлемінде 135 аудандық маңызы бар қала және ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауы өтті.
Кандидаттарды ұсыну бары­сында саяси партиялармен бірге жеке аза­мат­тардың тарапынан өзін-өзі ұсыну белсенділігі едәуір артты. Бұның айғағы жоғарыда айтылғандай, 135 округке 516 ауыл әкіміне кан­дидаттыққа үміткердің өтініштері тіркелген.
Облыс көлемінде 135 ау­дандық маңызы бар қала және ауылдық округ әкімдерінің сайлауын өткізуге даярлық бары­сында сайлау өтетін округ­тердегі сайлаушылардың бір пайыз қолдауына ие болып, кандидаттыққа үміткер ретінде 391 адам өзін-өзі ұсынған. Олардың ішінде 31 азамат ауыл әкімдері болып сайланды немесе жалпы сайланған әкімдердің 30 пайызын құрады.
Өткен жылы алғаш рет Жуалы және Т.Рысқұлов аудандары әкімдерінің пилоттық режимде сайлауы өтті.
Бұл сайлауда да саяси пар­тиялар мен жеке азаматтардың тарапынан өзін-өзі ұсыну белсенділігі жоғары болды.
Бұл үрдіс, қоғамды демокра­тия­­ландыру барысында аза­мат­тарды мемлекеттік ор­гандармен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сай­лауға және оларға сайлануына, сайлау­шылардың жаңа саяси мәдениетін қалыптастыруға және сайлаудың ашықтығын қамтамасыз етуге ықпалын тигізуде.
– Осы сайланған әкімдердің кәсіби деңгейі туралы сіздің пікіріңіз қалай?
– Сайланған ауыл және аудан әкімдері өздері басқаратын округтермен, аудандарда мем­ле­кетіміздің халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында қабылдаған бағдарламаларын орындау барысында көшбасшысы болуы керек.
Ол үшін оларға білім, па­ра­саттылық, ізденіс және жа­уапкершілік қажет. Сонда ғана олар халықтың се­німі мен қолдауына ие бола ала­ды.
– Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәс­ли­хаттар депутаттарын сайлауы бойынша қандай өзгерістер енгізілді?
– «Қазақстан Респуб­ли­ка­сын­дағы Сайлау туралы» Консти­ту­циялық Заңына енгізілген өзге­рістерде, жаңадан сайланатын депутаттық корпустың таңдауын саяси партиялардан бөлек жалпы халыққа берілуінде және депу­таттық мандаттарды бөлген кезде үш санат өкілдерінің: әйелдер, жастардың, мүгедектігі бар адамдардың саны жиынтығында партия алған депутаттық ман­даттардың жалпы санының ке­мінде 30 пайызын құрауы тиіс­тігі айқындалған.
Өткен жылы республика кө­ле­мінде Парламент Мәжілісі мен бар­лық деңгейдегі мәс­лихаттар депу­таттарын сайлау науқаны өтті.
Мәжіліс пен облыстық мәс­лихат депутаттарының корпусы аралас сайлау жүйесі арқылы, яғни, кандидаттарды ұсыну пар­тиялық тізіммен және бір­ман­даттық аумақтық округтер бойынша заң талаптарына сәйкес қалып­тастырылды. Ал, қалалық және аудандық мәслихаттар толықтай мажоритарлық жүйе­мен бір мандаттық округтер ар­қылы сайланды.
Олардың ішінде өзін-өзі ұсы­­нып депутаттық лауазымға ие болғандар саны 20 пайызды құрады.
Яғни, сайлау жалпыхалық­тық болды деп айтуға толықтай негіз бар.
– Өңірдегі өтіп жатқан сай­лау проце­сіне қоғамдағы сая­си институттар қандай дең­гейде атсалысып, азаматтық позицияларын танытып жүр?
– Әрине, жоғарыда айтып өткенімдей, елімізде жүргізіліп жат­қан саяси реформалар сай­лаушылардың сайлау процесіне тікелей араласуына, өз таңдауын жасауына және олардың жер­гі­лікті жерлерде атқарушы ор­ган­дардың шешім қабылдау про­цестеріне қатысуға толық мүм­кіндіктер береді.
Бұндай оң өзгерістер өңірдегі саяси партиялармен қоғамдық ұйымдардыңда жұмысын жан­дандыруға ықпал етуде.
Дәлел ретінде айтуым керек, облыста 135 округте өткізілген ауыл әкімдерінің сайлауына саяси партиялар тарапынан 125 азаматтар кандидаттыққа үміткер ретінде өтініш берген. Олардың 104-і ауыл әкімдері болып сайланған.
Алайда, осы қоғамдық инс­ти­­тут­тардың саяси науқан ке­зеңіне өз кандидаттарын даяр­лаумен іріктеуде жоға­рыда қаралған арыз шағым­дар­да көрсетілгендей, олар­дың кадрлық резервті қа­лып­тас­тыруда әлі де жоспарлы түр­де нақты жұмыстар атқар­майтындықтарын көрсетеді.
Тағыда бір айта кететін мәселе, сай­лаудың заң талап­та­рына сәйкес өтуіне және оның ашықтығын қамтамасыз етуге әр түрлі тараптардан қатысатын байқаушылардың рөлі үлкен.
Мысалы, өткен жылы өт­кен Пар­ламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттары сайлауында 5202 кандидаттардың сенім біл­дірген адамдарымен сая­си партиялардың, өзге де акре­диттелген қоғамдық бірлес­тік­тердің, коммерциялық емес ұйымдардың және шет мем­лекеттер халықаралық ұйым­дардың байқау­шылары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Жоғарыда айтылып өт­кендей, сайлау барысындағы заң бұзушылықтардың орын алуын анықтаған негізінен байқаушылар.
Шынтуайтына келгенде, бай­қау­шылармен сайлау процесін ұйым­дастырып өткізушілердің мақсаты бір, ол сайлаудың ашықтығын қамтамасыз ете отырып заң талаптарына сәйкес өткізу.
Біз осыны дұрыс түсінуіміз керек.
– Жалпы, сайлау процесін даярлау және өткізу кезінде сайлаушылардың сайлауға қатысуына қандай ыңғайлы жағдайлар жасалынған немесе қан­дай жаңа технологиялар мен әдістер қолданылуда?
– Сайлау туралы заңда сайлау учас­келерін сайлаушыларға барынша қолай­лылық туғызу мақсатында жергілікті және өзге жағдаяттар ескеріле отырып құру айқындалған.
Бүгінгі күні облыста құ­рылған бар­лық 505 сайлау учаскелері заң талаптарына сәйкестендірілген.
Бұл учаскелердің барлы­ғында мүмкіндігі шектеулі аза­маттардың учаскеге келіп да­уыс беруіне толықтай жағдай жасалынған.
Әрбір сайлаушы сайлау жа­рия­ланған немесе тағайындалған сәттен бастап дауыс беру күніне 30 күн қалғанға дейінгі мерзімде тиісті жергілікті атқарушы ор­ганда сайлаушы ретінде тір­ке­луге құқылы.
Сайлау комиссиялары сай­лау­шылармен жұмыс іс­теуде жалпыға қолжетімді теле­коммуникациялық желілердің мүмкіндіктерін пайдалануда.
Мысалы, кейінгі саяси нау­қандарда Орталық сай­лау комиссиясының ұйым­дас­ты­руымен азаматтарды сайлау туралы барынша құлақтандыру шаралары ұялы байланыс опера­торларымен СМС хабарламалар тарату арқылы жүргізіліп келеді.
Сонымен қатар, сайлауға дейін сайлаушылардың тізімін нақтылау шаралары әкімдіктерде құрылған Саll-орталықтарда және дауыс беру күні учаскелік сайлау комиссияларымен Egov порталындағы онлайн-сервистер арқылы сайлаушылардың дауыс беруіне жағдайлар жасалуда.
– Сайлау процесін даярлау мен өткізу барысында өзі­ңіз айтып отыр­ған теле­ком­муникациялық желі­лерде, байқаушылар тарапынан жеке­леген заң бұзушылықтар туралы жария­лымдар болып тұрады. Сол сияқты, талап-арыздарда құзыретті орган­дардың қарауына түсетін болар. Олар бойынша қандай шешімдер қабыл­данды?
– 2023 жылдың көктемінде Қазақстан Республикасы Пар­ламенті Мәжілісінің депу­таттарын және мәслихат де­пу­тат­тарын сайлауы өткенін бәріңіз біле­сіздер.
Осы саяси науқанда үміт­керлер тарапынан соттарға жалпы саны 14 талап-арыз түсті. Оның ішінде 10-ы аудандық мәслихат, 2-еуі облыстық мәслихат және 2-еуі ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына үміткерлерден түскен.
Мазмұнына қарай, 3 үміт­кердің декларациясы сәйкес келмеуінен, 2-еуі сыбайлас жем­қорлық фактісі бойынша өтел­меген сот шешімінің болуы, 1-еуі мерзімінен бұрын үгіт жұ­мысын бастағаны бойынша, ал, 8-і сайлау қорытындысының нәтижелерімен келіспеу бойын­ша қаралды.
Барлық талап-арыздар сот­тарда толығымен қаралды. Заңға сәйкес талап арыздарын қанағаттандырусыз қалдыру ту­ралы соттың қаулылары шықты.
2023 жылғы 5 қарашада өткен екі аудан әкімдерінің пилоттық сайлауы бойынша барлығы 4 талап-арыз түсіп, олардың себебі мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың талаптарына сәй­кес келмеуі бойынша бол­ды. Яғни, комиссияның кан­ди­дат­тың сәйкессіздігі туралы хаттамасымен келіспеу бойынша орын алған.
Ауыл әкімінің сайлауы бо­йын­ша 1 талап арыз түсті. Онда кандидаттың мемлекеттік қыз­мет саласындағы заңна­маның та­лаптарына сәйкес келмеуі бойынша толтырылған сай­лау комиссиясының хаттамасымен келіс­пейтіні жөнінде жүгінген.
Арыз иесінің талап-арызын қанағат­тандырусыз қалдыру бойынша соттың шешімі шықты.
Сайлау комиссияларына тағылған айыптау мен келіспеу бойынша сотқа 1-талап арыз түсті. Яғни, сайлау комис­сия­ларының заң аясында өз жұмыс­тарының заңдылығын сот арқылы дәлелдеп, кандидатқа сот процесі кезін­де заң талаптары түсіндірілді.
Жамбыл облыстық сайлау комис­сиясына 2023 жылы жалпы саны 80 арыз-шағым түссе, оның ішінде 49 арыз-шағым 2023 жылғы 19 нау­рызда өткен Мәжіліс және барлық дең­гейдегі мәслихат депутаттарының сай­лауы бойынша тіркелген.
2023 жылғы 5 қарашадағы аудан әкімдері сайлауында 17 арыз-ша­ғым қаралды. Маз­мұнына қарай мемле­кеттік қыз­мет саласындағы заңна­ма­ның талаптарына сәйкес кел­меуіне байланысты орын алды. Ал, 14 арыз-шағым өзге де сайлау про­цесіне қатысушылардан түсті. Дауыс беру күні әр түрлі жағдайлар болады. Мәсе­лен, өткен жылғы сайлау нау­қан­дарында 15 факт орын алып, әр орын алған жағдай жеке-жеке қаралып, сайлауға қаты­сушыларға қатысты мемлекеттік ор­гандар тарапынан тәр­тіп­тік жауапкершілік туралы хатта­ма­лар толтырылды. Сондай-ақ, түсіндірме жұмыстары да жүр­гізілді.
Барлық арыз-шағымдар заңда белгіленген мерзімде қаралып арыз иелеріне тиісті жауаптары берілді.
Жалпы арыз-шағымдардың тү­суі сайлаушылардың ара­сын­да сая­си сауаттылықтың, сай­лауға қызығу­шы­лықтарының арт­қандығын біл­дірсе, екінші жағы­нан сайлау процесін ұйым­дас­тырушы органдардың жауап­кершілігі мен тәжірибесін артты­рады.
Сайлау қоғамдық саяси нау­қан болғандықтан, барлық мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, саяси партиялар, байқаушылар мен сенімді өкіл­дер тарапынан үлкен бәсеке­лестік ахуал қалыптасуы шартты жағдай.
Бұл барлық дамыған елдерде өтіп жатқан сайлаулардың тәжірибесінде көрініс табатын құбылыстар.
Сондықтан қоғам ішіндегі кез келген тараптар өкілдеріне таңдау жасау құқығы шектелмеуі тиіс.
Біздің мақсатымыз – елімізде Қа­зақстан Республикасының Пре­зиденті Қасым-Жомарт То­қаевтың басшы­лы­ғымен жүргізіліп жат­қан саяси ре­форманың негізінде сай­лау про­цесін заманауи талаптарға сәйкес үнемі жетілдіріп отыру бо­лып табылады.

Сұхбаттасқан Жүрсінгүл Жақып.

Поделиться ссылкой: