Көңілге ұя салған Көгершіндегі көрікті концерт

179 Views

Өткен жұмада дәл осы Көгершін ауылдық мәдениет үйінде «Ауылым – мақтанышым» атты ауыл көркем­өнерпаздарының концерті өтті. Концертке аудандық ақсақалдар Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Түзел Алагөзова, аналар кеңесінің мүшелері Ғалия Өтеулиева, Есенкүл Мұхтарова, сондай-ақ, Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің директоры Нұрдос Базарқұлов арнайы барып қатысты.
Біз де концертті тамашаладық. Сценарийлік бағдарламасы жұп-жұмыр. Ұйымдастырушылар жауапкершілікті сезініп, жоғары деңгейде дайындалған екен.
Концерттің шымылдығы ауылдық клуб жанынан құрылған «Домбыра – дастан» үйірмесінің орындауындағы Әбдімомын Желдібаевтің «Ерке сылқым» күйімен ашылды.
Неге екенін білмеймін, осы орындауды тыңдап отырып, менің есіме мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың:
– Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы,
Бұдан артық рахат табылмайды.
Бұлдырасын өткен күн сағымдай бір,
Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы, – деген өлеңі түсті. Осындай керемет көңілді нотада басталған концерт әрі қарай тіпті жан дүниемізді баурай бастады.
Содан соң ақын Нұрсұлтан Әлімқұловтың сөзіне жазылған композитор Әсет Бейсеуовтің «Ауылым» әнін Көгершін ауылдық клубы жанынан құрылған «Асыл әжелер» әуесқой клуб мүшелері нәшіне келтіре шырқады. Дәл осы клуб мүшелерінің орындауындағы Жәудір Артықбаеваның әні «Алтын бесік» те керемет шырқалды. Залға жиналған көрермендер ерекше құрмет көрсетті. «Асыл әжелер» әуесқой клубының мүшесі, ауыл тұрғыны Рыскүл Наурызбаева ел аузында жатқа айтылып жүрген есті әннің бірі «Алтайдың ар жағынан келген аруды» тамаша орындады. Осы сәтте де залда отырған көрермендер Рыскүл Наурызбаеваның орындауындағы сөзі мен әні келіскен әнге ерекше ықылас көрсетті.
Концертте тек қана ән айтылып қойған жоқ. Көркем сөз де оқылды. Мың бұралған бишілер де би биледі. Мәселен, Көгершін ауылдық клубы жанынан құрылған «Балауса» би үйірмесінің жас биші қыздары «Бипыл», қазақ биі «Сылқылдақ», «Кукарелла», сондай-ақ, түрік биін биледі.
Концертте өнер көрсеткен Азима Асқарәлі «Ел аман болсын», Ақнұр Қасымхан «Мерекем», Көгер­шін ауылдық кітапханасының кітап­хана­шысы Мархабат Ділдабаева ақын Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған маэстро Төлеген Мұхамеджановтың әні «Мен деп ойланы», жас орындаушы Әли Аңдабек Жандос Қаржаубайдың әні «Уақытты», «Көгершін әуен­дері» фольклорлық тобы халық әні «Айқаракөз» бен Шымберген Сүлейменовтің әні «Кездесерміз біз әліні» шырқап, жұрттың ыстық ықыласына кенелді. Концерт Ақтоған орта мектебінің мұғалімі Назгүл Аубакированың орындауындағы ақын Төлеген Айбергеновтің сөзіне жазылған әнші әрі композитор Роза Әлқожаның әніне жазылған «Атамекен» әнімен қорытындыланды.
Кеш соңында ауданнан келген қонақтар да ізгі лебізін білдіріп, сөз сөйледі. Аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Қазыбайұлы мен Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің директоры Нұрдос Базарқұлов концертте шырқалған әндердің барлығы жанды дауыста айтылғанын тілге тиек етіп, ризашылықтарын білдірді.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: