Әлихан мен Ақсезім жүлдемен оралды
Естеріңізде болса, былтыр газетімізде «Атына заты сай, «Жақсылық» деген ауыл бар» деген мақала жазғанбыз. «Қазір әлеуметтік желінің «дәурені» жүріп тұрған шағы. Экраннан да ұят кеткен заман болды. Мұхтар Әуезовтің сөзі еске түседі осындайда. «Ел боламын десең, экраныңды түзе» деп еді ғой заңғар жазушы. Оны санаға сіңіріп, көкірекке түйіп жатқан кім бар қазір?! Рейтинг қуып, «подписчик» жинаумен қашанғы өмір сүрмекпіз. Қазір қарап отырсаң, әке мен баланың, ене мен келіннің, қос ағайынды бауырдың, құда-жегжаттың арасындағы «болмашы нәрсені» экраннан таудай ғып көрсететінді шығардық. Біз жақсылығын асырып, жамандығын жасырған, асылын ардақтай білген ұлы халықтың ұрпағы емес пе едік… «Түймедей нәрседен түйедей қылық» шығаратын ғадет қанымызда жоқ қасиет еді ғой. «Осылай жазды» деп бізді де біреулер жазғырар. Бәріне төреші – Құдай бар. Бұдан да өтерміз. Ең бастысы, біз, жастардың болашағын ойлауымыз керек. Жас ұрпақ аға буыннан қандай үлгі алу керек? Міне, осы сауал бізді алаңдатуы керек» деп сөзбасын бастап, Жақсылық ауылындағы ескі дәрігерлік амбулатория спорт мектебіне айналып, қазіргі таңда онда еркін күрес пен қол күресінен балалар мен жасөспірімдер жаттығып жатқанын жазған едік қой сол мақалада.
Газетіміздің алдыңғы нөмірлерінің бірінде тіпті осында жаттығып жүрген жасөспірімдер нәтиже шығара бастағанын да сүйіншілеп, мақала жарияладық. Ол кезде еркін күрестен Еркебұлан Батырханов жаттықтыратын жасөспірімдердің бағындырған белестерін жазғанбыз. Осы жолы қол күресінен Құлан Мамықов жаттықтыратын жасөспірімдер облыстық чемпионаттан жүлдемен оралып отыр. Яғни, қол күресінен Тараз қаласында жасөспірімдер мен жас жеткіншектер арасында өткен облыстық чемпионатта Құлан Мамықовтың қол астында жаттығатын Әлихан Наурызбай 36 келі салмақ дәрежесінде жүлделі екінші орынды иеленді. Бұл чемпионатта қыздар да бақ сынаған екен. Құлан Мамықовтың тағы бір шәкірті, яғни Ақсезім Орынбек дәл осы чемпионатта 60 келі салмақ дәрежесінде жүлделі екінші орынға ие болды. Осылайша, облыстық чемпионатта жүлделі екінші орын иеленген Әлихан Наурызбай мен Ақсезім Орынбек Қазақстан чемпионатына қатысуға жолдама ұтып алды.
Біз жаттықтырушы Құлан Мамықовпен тілдестік. Оның алға қойған мақсаты – айқын. Бар көздегені – осы Жақсылық ауылынан аты әлемге әйгілі спортшыны баптап шығару. Құдай сол сәтті жазуды да бұйыртсын!
Марат Диханбай.