Әлішер мен Ержет ерледі
Таяуда ғана грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Қазақстан Республикасының чемпионаты өз мәресіне жетті. Балуандар бәсекесін республикалық «Қазспорт» телеарнасынан көріп тамашаладық. Қуантатыны сол, біздің қос бірдей жерлесіміз тұғыр биігінен көрінді.
Әуелі еркін күрестен бастайық. Өз салмағына, яғни 97 келіге қайта оралған Әлішер Ерғали ақтық сынға дейін сүрінбей жетті. Финалда ол былтыр Сербия астанасы Белград қаласында өткен әлем чемпионатында алтын медаль алып, қазақтың туын көтерген Ризабек Айтмұханмен белдесті. Жасыратыны жоқ, белдесу өте тартысқа толы болды. Екінші кезең аяқталғанға дейін Әлішеріміз қарсыласына ұпай санымен жеңіліп тұрған. Алайда, Токио олимпиадасында белдескен тәжірибелі де әккі балуан емес пе? Ризабекті ІІ кезеңнің соңына қарай 14:10 есебімен жеңіп кетті. Осылайша, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионатының күміс және қола жүлде иегері Әлішер Ерғали ауданымыздың ғана емес, жазиралы Жамбыл өңірінің де абыройын аспандатқан жайы бар. Әлішерге әрдайым сәттілік жолдас болсын дейміз.
Ал, грек-рим күресінен 63 келі салмақ дәрежесінде белдескен тағы бір жерлесіміз Ержет Жарылқасын да осы салмақтың чемпионы атанды. Соңғы 1-2 жылдың көлемінде Ержетіміздің де шеберлігі артып келеді. Былтырғы ел чемпионатында да ол өзін жақсы қырынан көрсеткен болатын. Биылғы нәтижесі тіпті керемет. Грек-рим күресінен «Қазақстан чемпионы» деген атақпен елге оралып отыр. Өткен аптада Ержеттің табаны туған жерге тиді. Абай ауылының жастары жерлестерін ерекше құрметпен күтіп алды. Ауыл әкімі Мұратбек Арыстанбеков өзінің ізгі лебізін білдірді. Содан соң біз Ержетпен азды-кем әңгіме құрдық. Ол өз алдына үлкен мақсат қойып отырғандығын жеткізді. Мақсаты – олимпиада шыңын бағындыру.
Ержет Жарылқасын Астанада өткен ел чемпионатында қостанайлық Айбек Есмұратовты, Жетісу облысының балуаны Ілияс Дауытовты, түркістандық Марат Мырзатты, финалда Шығыс Қазақстан облысының балуаны Диас Әскербайды ұтып, алтын медаль иеленді. Қазіргі таңда Ержет Жарылқасын білікті бапкер Асылжан Байзақовтың қол астында жаттығады. Ал, алғашқы бапкері – Нұркен Қырбасов. Абай ауылының тұрғындары жерлестерінің осындай жетістігін елеп-ескеріп, балуанға 1000 доллар қаржылай сыйақы табыс етті.
Марат Диханбай.