224 Views
Тәуелсіздік алған жылдан бастап еліміздегі білім беру саласында көптеген реформалар жасалды. Оның бәрі жай реформа емес. Барлығы да ұрпақтың қамы үшін істеліп отырған бастамалар. Осы күндері білім саласында қандай да бір жетістікке жетсек, сол ілкімді істердің нәтижесі деп түйген жөн. Өткен аптада «Жайлы мектеп» жобасы бойынша салынып, пайдалануға берілген №6-шы мектеп-лицейінде аудан прокуроры Қалыбаев Болат Тоғанбайұлының қатысуымен аудандық білім қызметкерлерінің алқа мәжілісі өтті.Бұл жиында аудандық білім бөлімінің басшысы Майра Базарова баяндама жасады. Майра Айдарбекқызы өз баяндамасында:
– 2023 жылы аудан педагогтері республикалық, облыстық конкурстардан жүлделі болды. Атап айтқанда, 7 педагог халықаралық, 11 педагог республикалық, 27 педагог облыстық конференцияларға, педагогикалық оқуларға қатысса, 32 педагог облыстық шығармашылық және кәсіби байқаулардан жүлдегер атанды. 2023 жылы аудандағы 26 мектептен 739 оқушы ҰБТ-ға қатысып, 77,7 орташа балды көрсетті. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 3,69 балға өскен. Мектеп түлектерінің 42,4 пайызы мемлекеттік грантты иеленді. Бүгінгі таңда аудандағы 39 мектептегі 1965 педагогтің 188-і жоғары, 77-сі арнаулы орта білімді, 21 педагог-шебер, 406 педагог-зерттеуші, 501 педагог-сарапшы, 487 педагог-модератор болса, 5 педагог жоғары, 23 педагог бірінші, 31 екінші біліктілік санатты. Аудан педагогтерінің сапалық құрамы 48,7 пайызды құрайды, – деді. Жалпы аудандық білім бөлімі басшысының сөзінен ұққанымыз, аудандағы білім саласында ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже бар екен. Аталмыш алқа мәжілісінде проблемалық мәселелер де сөз болды. Бала тәрбиесінде тек қана мұғалімнің ғана емес, ата-ананың да рөлі басымдыққа ие екені айтылды.
Алқа мәжілісінде аудан прокуроры Болат Тоғанбайұлы да сөз сөйлеп, өз ұсыныс-пікірлерін айтты. Болат Тоғанбайұлы кез келген жерде тұрақтылық болу үшін бірліктің болғаны дұрыс екенін тайға таңба басқандай атап өтті.
Гүлнұр АМАНЖОЛ.
Поделиться ссылкой: