Сақ болыңыздар, қар көшкіні!

229 Views

Жыл сайын қар көшкіні қауіпті ке­зеңде Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Қазселденқорғау» ММ «Жамбыл аумақ­тық пайдалану басқармасы» филиалының мамандары Жамбыл облысы төтенше жағдай департаментінің өкілдерімен бірлесе отырып, таулы аудан­дардың аумағында қар көшкін қаупі бар аймақтарды анықтау мақ­сатында аэровизуалды зерттеу жұмыс­тарын жүргізіп отырады. Жамбыл облы­сының Жуалы ауданындағы Көксай және Қаралма шатқалдарында қар көшкін қауіпті учаскелері бар. Аталған учаскелерге филиал ма­мандары бекітілген кесте бойынша әр он күндікте жер бетілік зерттеу жұмыс­тарын тұрақты жүргізеді. Оған қоса, профилактикалық жұмыстар, яғни әртүрлі деңгейдегі әкімдіктерге, кәсіп­орын, мекеме, әскери бөлім, білім ошақтарына төтенше жағдай сала­сындағы мәдениетін арттыруға қысқы кезеңдегі қар көшкіні туралы кең ауқымда (қар көшкіні белгілері, түрлері, классификациясы және сақтық шаралары туралы) семинар-сабақтар өткізеді.
Профилактикалық жұмыстың тағы бір түрі жоғарыдағы мекемелерге, демалыс орындары, шаруа қожалық иелеріне, елдімекен тұрғындарына хабарлама-ұсыныстар беріп, түсіндіру жұмыстары барысында «Қар көшкіні кезінде қандай әрекет жасау керек» деген жадынамалары таратылады.
Халықтың табиғи сипаттағы төтен­ше жағдай (сел, қар көшкіні) туралы қауіпсіздік мәдениетін арттыруға, осы саладағы білімді кеңінен наси­хаттау мақсатында 2023 жылдың 20 қаңтарында «Қазселденқорғау» ММ «Жамбыл аумақтық пайдалану басқармасы», Жамбыл облысы әкім­дігі жастар саясаты мәселесі басқар­масының «Жастар ресурстық орта­лығы» КММ(волонтер) ұйымдар ара­сындағы ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы меморандум жасады.
Адам көп шоғырланған елдімекен­дерде профилактикалық жұмыс­тарды(жадынамалар тарату) осы волон­терлермен бірлесіп орындайды.
Қар көшкіні – тау беткейлерінен құлайтын немесе сырғитын қар массалары. Олар адам өміріне және шаруашылық нысандарға қауіпті табиғи процесс болып табылады. Қар көшкіндері, еңістігі 15˚ асатын, биіктігі 30 см асатын қар жамылғысына ие барлық таулы аудандарға тән.
Көшкiн жинағыш – көшкін қалып­тасатын беткейдің құлама учаскесі. Үш бөлікке бөлінеді: көшкiн туындайтын аймақ, көшкiннiң қозғалыс аймағы, көшкiннiң жинақталу аймағы (көш­кіннің ысырынды конусы).
Қар көшкiнiнiң көлемi – қар көш­кi­нінің шөгінділері деген сөз, текше метрмен өлшенедi. Көшкiннің өздігінен түсуі – табиғи себептердiң салдарынан көшкiнiнiң құлауы. Көшкiннің табиғи жолмен түсуі мен адамдар әсерінен болатын көшкіндерді (жару, беткейге шығу және т.б.) ажырата білу қажет.
Сондықтан да аудан тұрғындары және таулы аймақтағы демалыс орындарына келген демалушылар қар көшкінінен сақтану мақсатындағы қауіпсіздік шараларын білуі қажет.
Қар көшкінінің алдын алу мақсатында орындалатын қауіпсіздік шаралары:
• тұрғындарға желді және қарлы ауа-райында, 15-17 градусқа дейінгі қар жамылғысы қалың еңістігі бар тау баурайларына шығуға жол бермеу немесе шектеу қою;
• сондай-ақ, күн күрт жылығанда немесе қардың қатты еруі кезінде қарлы беткейлерге шығу ұсынылмайды;
• тауда саяхаттаған кезде қар көш­кініне жол бермеу үшін қатты дыбыс (айғайлау, ысқыру, мылтық ату) шығармау;
• адамдар арасында 10-20 м аралықпен еңістік бойымен қозғалу қажет;
• саяхаттағы барлық қатысушыларға бірдей аралықта белбеу немесе арқан байлау.
Қар көшкіні кезінде мына қауіпсіздік ережелерін жадыңызда сақтаңыз:
• таулы аймаққа шығарда, бұқа­ралық ақпарат құралдарынан көшкін, ауа-райы туралы ақпаратқа көңіл бөліңіз. Міндетті түрде тобыңызбен хабарлағыш құрылғыларды жаныңызға алып алыңыз. Оған қоса, барлық хабарлағыш құрылғы қосулы тұрғаны абзал. Құрылғыны киіміңіздің ішкі қалтасына салып қойғаныңыз жөн. Себебі, егер сөмкеңізге салсаңыз, қар көшкіні кезінде сөмкеңізден айырылып қалуыңыз мүмкін;
• жаныңыздағы серігіңіз көшкін астында қалса, құрылғыны іздеу режи­міне қойыңыз. Құрылғы қызметінің радиусы 50 метрге дейін жетеді. Осы аралықта жоғалған серігіңіздің хабарлағышын тапқан уақытта, сіздің құрылғыңыз қатты дыбыс беруі мүм­кін. Яғни, сіздің досыңыз құрылғы бағыт­таған маңда;
• егер құрылғы болмаған жағдайда, қауіпті аймақтан жоғалған адамды бір ғана адамның іздегені дұрыс. Ал қалған топ мүшелері оның қимылын бақылап тұрғаны жөн. Себебі, тағы да көшкін пайда болса, қар басқан маңды жаттап қалу керек;
• білектеріңізге қызыл түсті жіп немесе бау тағыңыздар, көшкін кезінде бір-біріңізді табуға септігін тигізеді. Егер киіміңіз қызыл түсті болса, тіптен жақсы;
• көшкін кезінде биік жерге, мүмкіндігіңізше, терекке өрмелеп шығып кетуге тырысыңыз;
• егер аяғыңыздың астынан қозғал­ған қабатты сезсеңіз, бар күшіңізді жи­нап, көшкіннің шетіне қарай ұмты­лыңыз;
• сөмкеңіз бен шаңғыңызды тас­таңыз. Себебі, мұндай жағдайда артық жүктің пайдасы болмайды;
• көзіңізге түскен қандай зат бол­масын, тас немесе ағаш болсын, ұстап тұрыңыз. Ол сіздің өміріңізді құтқарып қалуы мүмкін;
• көшкін астында қалсаңыз, ең бас­тысы, тыныс алу мүшелеріңізді қар тозаңынан сақтаңыз. Көшкін астында аяқ пен қолдың көмегімен кеңістікке шығуыңыз керек;
• айқайлауға болмайды, себебі бұл күш жұмсауды керек етеді, және де жоғарғы дыбыс әлсіреткіш қасиетінен сізді ешкім естімейді;
• құтқарушыларға белгі беру үшін және сақ болу үшін, қалғымау қажет.

Е.Омарбеков,
ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ «ЖАПБ» филиалының Меркі ӨПБ басшысы. 

Поделиться ссылкой: