Белгілі өлкетанушы 80 жаста

168 Views

Өткен жұмада Қарақыстақ ауылындағы Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің акт залында өлкетанушы, ардагер ұстаз, ауданның Құрметті азаматы, облыстың Құрметті ардагері, ҚР Құрметті азаматы Бекқұлы Әліұлының 80 жас мерейтойына орай «Отаншылдық негізгі – тарих» атты тақырыпта шығармашылық кеш өтті. Іс-шараға аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Рүстем Қырықбаев қатысты.
Өз кезегінде Қожайхан Қазыбайұлы Бекқұлы Әліұлының қажырлы еңбегін атап өтсе, Рүстем Қуанышбекұлы ардагер ұстаздың ерен еңбегі ұшан-теңіз екенін айтып, аудан әкімінің құттықтау хатын оқып берді.
Іс-шарада сөз сөйлеген ардагер ұстаз Бекқұлы Әліұлы да өзінің ұсыныс-тілектерін айта өтті.
Айта кетейік, Бекқұлы қария жұбайы Тұрсынкүл апа екеуі 8 ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан немере-шөбере сүйіп отырған сыйлы жандар. Бекқұлы ақсақалдың мамандығы – мұғалім. Тарих және алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ берген. Өлкетанушы біраз жылдан бері екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан азаматтардың тарихын зерттеп, зерделеп жүр. Ол Ресей же­рінде қаза тапқан 500 жауын­гердің дерегін тауып, игілікті іс ат­қарып келеді.
Атқарған қажырлы ісі еленіп, ол ҚР Мәдениет министрлігінің «Үздік өлкетанушы», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісін, Тұрар Рысқұлов ауданының Құрметті азаматы, сондай-ақ, аудан, облыс әкімдерінің Құрмет грамотасы мен алғыс хатын иеленген. Бекқұлы Әліұлы өткен жыл соңында «Қазақстан Республикасының Құр­метті азаматы» деген марапатқа ие болды.

«Құлан таңы» ақпарат.

Поделиться ссылкой: