Ұлыс күні айтылатын әпсана

45 Views

Осынау әпсана жадымызда ұялап қалғандықтан болар, Наурыз мейрамы келгенде «Ұлыс оң болсын!» деп айтып, ата салтымыз бен дәстүріміз арқылы төрімізге ту болып тігілген, қазақы қалпымызды жоғалтпай, оны аса қастерлеп ұстанамыз. Иә, жыл санауымыз өзгермегенмен, санамызда Жаңа күн, яғни Наурыз жаңғырып тұрады. Бірақ, егемендік алсақ та, Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Шаханов сияқты қазақ деген ұлыстың ұлттық құндылықтарын әлі де өз орнына қоя алмай келеміз. Еуропа жұрты жыл сайын Жаңа жыл келгенде Санта Клаусты қарсы алады. Ал, орыс халқы Аяз атаны қарсы алады. Бұл заңды үрдіс. Өйткені, Санта Клаус пен Аяз ата осы ұлттардың әпсаналарына енген ертегі кейіпкерлері. Біздің әпсанамызда әлімсақтан бері бірге өмір сүріп, жасап келе жатқан Қыдыр ата бар. Біздің балаларымыз неге сол Қызыр (Қыдыр) атаны Жаңа жылда қарсы алмайды? Қашанғы олардың санасын ұлтымыз бен ұлысымызға жат шетел­дік наным-түсінік­пен улай береміз? Балаларға жаңа жылдық сыйлықтарды өз ақшамызға сатып алып, оны Аяз атаның қолымен бергеніміз жөн бе? Неге сол тәтті сыйлықты Қызыр атаның қолымен балаларымыздың қолына ұстатпаймыз?
Ұлыс – ол атамыз Алаштың туысы екенін газетімізде жаздық. Наурыз Ұлыс бабаның жанама аты екенін де айттық. Біздің жақта «Наурыз көже» беру салты ықылымнан бері дәстүрімізден берік орын алған. Сондықтан болар, әр үйелмен (отбасы) ешкімнің ескертуінсіз-ақ, «Наурыз көже» береді. Ал, «Көрісу күні» Қазақстанның Батыс аймақтарында кеңінен тараған. 14-ші Наурызды «Көрісу күні» деп, біз де енді-енді атап өтуге бет бұрдық. Бұл күннің өзге күндерден ерекшелігі ағайын-туыс бұл күні өткен ренішін ұмытуы керек. Сөйтіп, бір-бірімен төс түйістіріп, жаңа күнді, яғни Жаңа жылды бірге қарсы алуы абзал.
Құрметті бауырлар! Биыл наурыз айы ақпанның ақ түтек боранын босағасынан ұзата алмай тұр. Үлкендер: «Күннің жаманы кетер, аурудың да жаманы кетсе екен…» – дейді. Лайым сол елдің тілеуі қабыл болсын. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
Жадырап жаңа Күн де келер. Сонда қолымызға күрегіміз бен тырмамызды алып, ауламызды күл-қоқыстан тазартып, үй іргесіне тал отырғызып, көктемді қарсы аламыз. Қазір төскейде қой қоздап, қорада сиыр бұзаулап, өрісте бие құлындап жатқан өліара мезгіл. Күн «жылт» етсе болды, диқандар да қосқа шығып, егінін салуға асығып отыр. Бір сөзбен айтқанда, диқанның сайманы сай.
Ұлыстың ұлы күні келгенде қыз бен жігітті жарастыру, ренжісіп қалған ерлі-зайыптыларды татуластыру, біздің ата салтымызда бар. Ендеше, отау құра алмай жүрген жастарды қара қазанмен ұрпақтың қамын ойлауға шақырайық, ағайын. Алашымның арда ұл-қыздары, босағамыз берік, шаңырағымыз шаттыққа толы болсын!
Ұлыс бәрімізге құт-береке әкелсін!

С.Қожеке.

Поделиться ссылкой: