Наурыз көже – ынтымақтың дәнекері
Наурыз мерекесінің басты тағамы – «Наурыз көже» екені мұқым қазаққа белгілі. Негізінде, Наурыз көженің тарихы туралы ел ішінде көптеген деректер айтылады. Шағын ғана мақаламда мен соның бірін жазсам деп отырмын. Ерте заманда халық арасында іріткі туындап, бүлік болыпты. Ер азаматтар өзара келіспеушілікке тап болып, үлкендерді тыңдамапты. Шаруашылық бұзыла бастайды. Осы уақытта әр жерден ақсақалдар жиналып, кеңес құрыпты. Ақсақалдар басқосуы Наурыз мейрамымен тұспа-тұс келген екен. Содан кейін аузы дуалы ақсақалдар үлкен қазанға ас дайындатыпты. Тамақтанып болған соң, ақсақалдар ішінен ең беделдісі тұрып:
– Ит екеш иттің өзі күшік кездерінде бір анадан сүт ішіп, бір-біріне туған бауыр екендіктерін сезінгендіктен, өзара тістесіп, таласу дегенді білмейді. Осы мейрамда біз де бір ананың сүтін ішкендей, бір қазаннан астың дәмін таттық. Осы сәттен бастап, туған бауырлар секілді бір-бірімізді құрметтеп, сыйлап өтейік, – деген ұлағатты сөз айтыпты. Бұдан соң адамдар бұрынғы өкпе-реніштерінің барлығын ұмытып, қайтадан бірлік пен татулықта өмір сүрген екен. Наурыз көжені халық арасында «Тілеу көже» және «Көп көже» деп те атай береді. Сондай-ақ, Наурыз көжені дайындаудың түпкі мәнінен – Қазақ елінің бірлігі мен ынтымақтастығын, жұртымыздың жан дүниесінің кеңдігі мен қонақжайлылығын аңғаруға болады.
Бибігүл Орын,
Ақтоған орта мектебінің тәлімгері.
Көгершін ауылы.