«СЕЛТЕТКІЗЕР» мен «ҰЙҚЫАШАР»

110 Views

Халқымыздың рухани қорында әсемдік пен әдептілік үйлесім тапқан дәстүрлер жетерлік. Шыр етіп жарық дүниеге жатырқап келген сәттен бастап мына ғапыл дүниені қимай қоштасқанға дейін қазақ баласының өмірі небір салтанаты сай, тағылымы терең, мағынасы мәнді салт-дәстүр, жоралғылармен өтеді. Осындай ілтипаты іңкәрлікке, ізгілігі ғибратқа жетелейтін дәстүрлердің бірі – «Селтеткізер» мен «Ұйқыашар».
Әзелде барқын даланың төсін еміп, төскейін мекен еткен халқымыз 21 наурыздан 22 наурызға қараған түнді той-думанмен өткізген. Себебі, бұл әлетте Күн мен Түн теңеседі. Халқымыз Жаңа жылдың ең алғашқы күні осы сәттен басталады деп ұққан. Сондықтан есерсоқ баладан бастап есті қарияға дейін бұл күні таңға дейін ұйықтамай, Жаңа жылды жақсы көңіл-күймен қарсы алады. Жастар жағы да бір тынбай, алтыбақан теуіп, ақсүйек ойнап, зипалықпен көңіл көтеріп жүреді. Жұдырықтай жүрегі көңіл кардиограммасындай алып-ұшқан бозбала мен бойжеткеннің бір-біріне ынтық сезімін білдіруі де осы сәтте. Жүректегі жылылықты сездіру үшін қыздар жағы өздерін ұнатқан жігіттерге жас малдың етіне уыз қосып дайындаған «Ұйқыашардан» дәм татқызады. Ал жігіттер бұған жауап ретінде қыздарға «Селтеткізер» ретінде сақина, білезік, шолпы, шашбау сынды әсемдік заттарын сыйлаған. Қос жүрек бірге соғып, ниеттері бір арнада тоғысып, қыз бен жігіт үлкен өмірдің ең алғашқы қадамын осылай жасайды. Тобық қағар қолаң шашты сырғалым мен түбіт мұрты тебіндеген ер жігіттің тілегі жарық түнде жымың қаққан жұлдыздармен қалықтайды. Жағасы жайлау, көңілі көлдей, мейірі асып-тасқан жастардың осы бір ғибрат пен ғақлияға толы «Селтеткізері» мен «Ұйқыашарының» тәрбиелік мәні де ора­сан зор.
Қазіргі таңда «Селтеткізер» мен «Ұйқыашар» архаизмге айналып кетті. Қолданыстан шығып, жас­тардың санасынан ұмыт болғаны да белгілі. Ескінің де озығы, жаңаның да тозығы болады. Ал жоғарыда атап өткен дәстүрлер эстетикалық тұрғыдан аса көркем. Әсте бұл ұмыт болған «Селтеткізер» мен «Ұйқыашарды» қайта тірілту біздің қолдан келмесі анық. Алайда, бұл дәстүр­дің өзгеше форматта реңге бөленіп жандануына мүмкіндік бар. Сыйластықтың озық үлгісі «Селтеткізер» мен ұяңдықтың белгісі «Ұйқыашар» жастардың таза да адал, нәзік те ілтипатты махаббат бесігінде бөленуіне зор ықпал етеді.

Ахмет ҚАМШЫБЕК.

Поделиться ссылкой: