Ораза айт қабыл болсын!

191 Views

Сіздерді күллі мұсылман қауымының ұлық мерекесі – Ораза айтпен шын жүректен құттықтаймын! Айт мүбәрак болсын, ардақты ағайын! Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға береке тілеймін. Алла Тағала бәріміздің абыройымызды биік етсін!

Ораза айт – сый мен сияпатқа, құрмет пен нығметке, шексіз сауапқа бөленетін сәт. Бұл туралы ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ораза айт күні періштелер жер бетіне түседі де әр жолдың басында тұрып: «Уа, мұсылман қауымы, Раббыларыңа асығыңдар! Сендер түнді намазбен, күндізді оразамен өткізуге бұйырылғанда амал етіп, Раббыларыңа бойсұнғандарың үшін Алла сендерді үлкен сауап пен толассыз нығметке бөлейді. Сол үшін өздеріңе тарту етілген сыйлықтарыңды алыңдар» деп дауыстайды. Ал ораза айт намазын оқып болғаннан кейін бір періште адамдарға былай дейді: «Шүбәсіз жаратқан Раббыларың күнәларыңды кешті. Үйлеріңе Алланың жолынан адаспаған күйде оралыңдар! Расында бұл күн жер мен аспан әлемінде сый-сияпатқа кенелу күні деп аталады» деген.
«Айт» сөзі – мерекелеу, хал сұрасу, бір-бірін қуанту, қуанышқа топталу деген мағыналарды білдіреді. Исламдағы ұлық мейрамдар мұсылман қауымының, барша адамзаттың жүрегіне қуаныш сыйлауға үндейді. Айт күні отбасын, ағайын-туысты, көмекке мұқтаж адамдарды, қарттар мен қараусыз қалған балаларды, мүмкіндігі шектеулі жандарды қуантудың сауабы мол. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқандай, парыз амалынан кейінгі ең абзал амал – мұсылманның жүрегіне қуаныш ұялату. Адам баласы өзгені қуанту арқылы өзі де қуанышқа бөленеді.
Алла Тағала: «Мен парыз еткен оразаны пенделерiм өтеп, ақысын алуға (айт намазын өтеуге) мешiтке бет алды. Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн…» дейді. Жаратушы Жаббар Иеміз баршамызды екі дүние қуанышы мен нығметіне бөлегей.
Ораза айт мерекесі құтты болсын! Әр шаңыраққа бақ пен береке, бірлік пен татулық тілеймін. Тасқын судан зардап шегіп жатқан ағайындарға Алла жеңілдік пен жәрдем берсін. Алла Тағала сіз бен бізді келесі Рамазанға дейін аман-есен жеткізсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Хабарландыру:
Ораза айт намазы аудан бойынша 10 сәуір күні, сағат 6.40-та оқылады.

Қуаныш Түзелбеков,
Т. Рысқұлов ауданының бас имамы.

Поделиться ссылкой: