Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс

262 Views

Өздеріңіз білесіздер, жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау жерінде өткен үшінші құрылтайда елдік мүддеге қатысты пайымды пікір білдіріп, сөз сөйлеген еді. Президенттің сөйлеген сөзі еліміздің барлық мерзімді баспасөз беттерінде жарық көрді. Газет ұжымы шығармашылық лездемеде ақылдаса келіп, Президенттің «Адал адам – адал еңбек – адал табыс» деп аталатын тұжырымдамалық баяндамасында айтылған пікірлерді жариялауды жөн көрді. Назарларыңыз есті сөзде болсын.

Баспана – жұрттың тұрмыс сапасын танытатын тағы бір маңызды көрсеткіш. Биыл 1 наурыздан бастап іске қосылған «Отау» ипотекалық бағдарламасы ел ішінде үлкен сұранысқа ие болып отыр. Бұған қоса ауыл және аудан орталығының тұрғындарына арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасын қолға алу керек. Бұл ретте әлеуметтік тұрғыда осал топтағы жандар үшін несие өсімі 7 пайыздан аспауы қажет. Сонымен қатар сатып алу құқығымен жалға берілетін баспана санын бірнеше есе көбейтуді Үкіметке тапсырамын. Жеңілдетілген жаңа ипотеканың енгізілуі және жалға берілетін тұрғын үйдің көптеп салынуы құрылыс қарқынын арттырады. Құрылыс саласында жүз мыңдаған отандасымыз адал еңбек етіп жүр. Ең бастысы, бұл бағдарлама баспанаға мұқтаж көптеген адамның үй алуына жол ашады. Жол салу және оны жөндеу жұмыстары да экономиканың дамуына тың серпін береді. Мұндай шаралар кемінде 12 мың шақырым автокөлік жолын қамтиды. Соның нәтижесінде елді мекендерге көлікпен қатынау едәуір жеңілдейді. Азаматтардың барыс-келісі жанданып, бизнестің белсенділігі артады. Бұдан бөлек, Үкімет газ тар­тылған елді мекендердің санын барын­ша арттыруға және 1700 шақырым газ желісін жаңғыртуға тиіс. Бұл 300 мыңнан астам адамды көгілдір отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осы инфрақұрылымдық бастамаларды жүзеге асыру барысында жергілікті бизнес пен отандық кәсіпорындардың мүмкіндігін толық іске жарату қажет. Экономиканы дәйекті дамыту үшін еліміздің бәсекедегі артықшылықтарын түгел пайдалану керек. Қазақстанды Еуразия құрлығындағы негізгі тран­зиттік хабтың біріне айналдыру үшін батыл қадамдар жасауға тиіспіз. Таяуда біз Сиань қаласында көлік-логистика орталығын іске қостық. Қазақстан мен Қытай болашағы зор бұл жобаны «Бір белдеу, бір жол» атты жаһандық бастама аясында бірлесіп жүзеге асырды. Дәл осы аптада Әзербайжанға Сиань қаласынан алғашқы контейнер пойызы келіп жетті. Жаңа логистика орталығы Транскаспий халықаралық көлік бағдары арқылы тасымалданатын жүк көлемін едәуір арттыруға ықпал етеді. Біз еліміздің аумағы арқылы өте­тін көлік дәліздерін біртіндеп дамытып, сыртқы сауда айналымының ұлғайуына барынша жағдай жасауымыз керек. Сол үшін логистика орталықтары мен қоймалар салып, темір жол құры­лысының қарқынын арттырамыз. Сондай-ақ, теңіз тасымалының инфра­құрылымын жақсартып, өзгертуге ың­ғай­лы тариф саясатын жүргіземіз. Мұның бәрі еліміздің тұрған жерін ба­рынша тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Экономиканың көптеген сала­сын дамытуға септігін тигізеді.

Akorda.KZ

Поделиться ссылкой: