Ғашықтық – ұлы сезім

207 Views

Жүрегінде сезім ұшқыны бүршік жарып, құлай сүйген жандар үшін ерекше мейрам бар. Ол 15 сәуір – Ғашықтар күні. Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың бейнесі қазақ жастары үшін махаббаттың символына айналған кіршіксіз сезімнің көрінісі. Аталған мейрамда бір-бірін жақсы көретін ғашықтар, ерлі-зайыптылар бірін-бірі құттықтап, сыйлық беруді борыш көреді.
Бұл мереке неліктен 15 сәуірде тойланады? – деген сұрақ барлық жанның көкейінде бар. Ендеше жауап беріп көрелік. Ұлы Дала қашаннан көктемде қызғалдаққа толы болған. Міне, осы мезгілде ел қыстаудан көктеуге одан жайлауға көшкенде жастар танысып, табысып жатады. Сонда қырдың қызғалдағын сүйгеніне сыйлау ықылым заманнан бері болған дәстүр.
Жасыратыны жоқ, аға толқын Әулие Валентиннің ныспысымен «ауырып» келді. Алайда кейінгі толқын төл мерекені асыға күтіп, ерекше тойлайды. Бұл күндері қол ұстасқан ғашықтар саябақты аралап, кешке шәйханаларда сырласып отырады. Көшеде құшағы гүлге толған қыздар да жиі кездеседі. Қазіргі таңда мереке мектеп қабырғасында да тойланатыны рас. Бір-біріне сезімдерін білдіріп, жылы лебіз айтқан оқушылардың бұл күні көңіл-күйі көтеріңкі.
Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектепте де Қозы Көрпеш — Баян сұлу күні жыл сайын ерекше форматта тойланып келеді. Былтыр білім ордасында «Ең әдемі қыз» номинациясы бойынша дауыс беріліп, көп дауыс жинаған қызға өзін-өзі басқару ұйымының атынан тәтті сыйлық берілген еді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, тек қазаққа тиесілі дара мейрам «Қозы Көрпеш – Баян сұлу күні» жастарға насихатталып, көз көрерлік, құлақ естірлік деңгейде тойлануы тиіс. Сөз соңында ізгі ниетпен:
«Ғашықпын!
Шын ғашықпын сол адамға!
Мен болмасам, болмайын. Сол аман ба!?
О, тәңірім! Неткен жан қайрылмайтын!
Жүрегі еттен бе, әлде қоладан ба?!» — деп ақиық ақынымыз Мұқағали жырлағандай, әр адам шын ғашық болып, махаббат атты жалынды сезімнің дәмін татуына шын жүректен тілектеспін. Ғашықтарыңыздың амандығын тілеп, оның жанарының ішінен өзіңізді ғана көріп, сүйіктілеріңіздің сүйіктісі болып жүре беріңіздер.

Нұрай Мұхит.

Поделиться ссылкой: