Адами қасиеттеріміз жоғалмасын…

159 Views

Жаратушымызға сансыз мадақтар мен мақтаулар болсын! Адамзаттың ардақтысы болған Пайғамбарымыз Мұхаммедке с.ғ.с. сансыз салауаттар болсын! Қадірлі оқырман, кезекті мақа­ламызда адамдық қасиеттердің артық­шылықтары жайлы азды-көпті сөз еткенді жөн санадық.

Адам сөзін араб тілінде «Инсан» дейді. Адам сөзі күнделікті тірші­лігі­міздегі көп атауға ие болған сөздердің біріне жатады.
«Инсан» сөзі араб тіліндегі «Әни­са» етістігінен алынып, достасу, та­ны­су, жақтыру, сүю, үйрету де­ген мағыналарды береді. Аталған әре­кеттердің баршасы тек адам баласына тие­сілі екендігін аңғартады. Өйткені, адам баласы бір нәрсені үйренеді және оны басқаға үйретеді. Ал енді күн­делікті өмірімізде адам баласын «адам, пенде, кісі, тұлға» деген сияқты түрлі атау­лармен атап жатамыз.
Адам сөзін қолданғанымызда пенде Адам Атаның ұрпағынан екендігі басты назарға ілініп, өмір сүру, ойлау, пікірлеу, еңбек ету сияқты көптеген мүмкіндіктерге ие екендігімізді түсі­неміз. Адам баласы әр адамға қызмет етуі үшін жаратылған. Мы­салыға айтар болсақ, оны құрметтеу, оған жәрдемдесу, әркез дұрыс мәміледе болу.
Рабғұзидің қиссасында мынадай бір ха­дис келтірілген. Пайғамбарымыз с.ғ.с. айтады: «Кімде кім бұл дүниенің ғажайыптарын көргісі келсе, Адам Ата қиссасына терең зер салып қарасын!».
Философтар адам баласына төмен­дегі­дей анықтамалар берген.
Демокрит: «Адамды тек оның ісі­не ғана қарап емес, оның ниетіне, әре­кетіне, ұмтылысына да қарап баға­лауы­мыз керек» десе, Ц.Сицерон: «Адам қалай ойласа, демек, ол өмірде де дәл сондай» деген.
Ал енді барлық анықтамалардан жо­ғары болған нәрсе, ол Алланың берген анық­тамасы. Бұл жайында Алла Тағала Құранда: «Егер сіздер Алланың берген нығметтерін санайтын болсаңыздар, оның санына жете алмайсыздар» – дейді. (Ибраһим сүресі 34-ші аят).
Сол үшін құрметті бауырлар, Алла Тағала баршамызды құрмет иесі етіп жаратқандығын еш ұмытпауымыз керек.Оның заңына бағына отырып, адами қасиетімізді жоғалтпай, абыройымызға еш кір келтірмей жүргеніміз абзал. Бар­лығымызды бірдей бидай өңді қылып жаратқан адамның адам­нан артықшылығы жоқ. Бәрі де бірдей, тек игілікті амалдарымен ғана ерек­шеленетіндігін түсіндіруіміз қажет.
Жалпы, адамды адам ететін нәрсе оның әдебі мен жақсы сөздері екен.Ғұламаларымыз адамның қасиеттілігі оның қолында не бар екендігінде емес, керісінше ол нендей нәрселер бере алғандығында екендігін айтады.Мысалы, күнделікті көріп жүрген, жарық күнімізде алау мен от-жалын бар, бірақ, ол күн айналасындағыларға өзінің шуағы мен нұрын беріп тұрады. Сол секілді бойында адами қасиеттерге бай болған әр адам да айналасындағыларға өзінің нұрын, жақсылығы мен пайдасын ти­гізуі ләзім.
Қасқыр жаңадан өсіп келе жатқан өзінің бөлтірігіне дәріс беру үшін бір жотаның үстіне алып шығып:
– Ұлым, қара! Анау жайылып жүрген отарды көрдің бе? Оларды қойлар дейді. Олардың еттері өте дәмді болады –депті. Ал енді сол отардың жанында жүрген екі аяқты адамды шопан дейді. Ол шо­пан­нан ықтиятты бол, ол өте сақ, егер оның қолына түсетін болсаң, саған үлкен азап шектіреді, – дейді.
– Әке, сол отардың қасында бізге ұқсаған тағы бір төрт аяқты бірдеңе жүр ғой, ол кім болады? – депті бөлтірік.
Қасқыр ауыр күрсінген халде: Түпкі жаратылысы бізден болған, бірақ та бізге еш бүйрегі бұрылмайтын «Ит» деген жануар сол болады, – деген екен.
Бұл ғибратты мысалда, адам де­ген атқа ие болып жүріп, кейде «бір-бірімізге жақынбыз, туыспыз» деп көкірегі сізді қағып тұрып, түрлі қия­наттарға (төрт аяқты хайуаннан да бетер) жол беріп жататынымызды мең­зеуде. Сол үшін де құрметті бауырлар, мұ­сылман мұсылманның бауыры екен­дігін ұмытпай, әркез адамға лайықты істерімізбен ғұмыр кешкеніміз абзал…

Үмбет Сабырханов,
«Әл-Хақ» мешітінің имамы.

Поделиться ссылкой: