Бәрекелді балуан!

180 Views

Биыл жаз айында Франция астанасы Париж қаласында төрткүл дүние көз тіккен Олимпиада ойындары өтетіндігі белгілі. 4 жыл сайын өтетін Олимпиада ойындарында еліміздің спортшылары да бақ сынайды. Жақында Қырғызстанның астанасы Бішкек шаһарында күрес түрлерінен Азия чемпионаты өткен болатын. Бұл чемпионатта жерлесіміз Ержет Жарылқасынның жеңімпаз болғанын аудандық газет тілшілері жазды. Яғни оқырмандарымыз бұл ақпараттан хабардар деген ойдамыз.
Осы чемпионаттың ізін ала Бішкек қаласында Париж Олимпиадасына жолдама беретін лицензиялық турнир өтті. Айта кетейік, Азия чемпионатына 97 келі салмақ дәрежесінде күресетін Әлішер Ерғали қатыспаған еді. Оның орнына осы салмақта былтыр Белград төрінде әлем чемпионы атанған жас пері Ризабек Айтмұқан қатысып, жүлделі ІІ орынға ие болды. Ризабек пен Әлішердің жыл басында өткен Қазақстан чемпионатының финалында күрескенін жақсы білеміз. Сол кезде жерлесіміздің мерейі үстем болған еді. Еркін күрестен ұлттық құрама бапкерлері Азия чемпионатына Ризабекті қатыстырды. Ал жыл басында ғана Қазақстан чемпионы атанған Әлішер Ерғалиді Париж Олимпиадасына жолдама беретін лицензиялық турнирге қатыстыруды жөн көрген екен. Біздің ойымызша, бұл – әділетті шешім.
Әлішер Ерғали туралы да «Құлан таңы» газетінің тілшілері көп жазды. Ол талай байрақты додаларда еліміздің намысын абыроймен қорғап жүр. Бішкекте өткен лицензиялық турнирде де Әлішер өзіне артылған зор сенімді ақтап, Олимпиада ойындарына қатысуға жолдама еншілеп алды.
Айта кетейік, Бішкек шаһарында өткен лицензиялық турнирде күрес түрлерінен Париж Олимпиадасының 36 жолдамасы сарапқа салынды. Аса жауапты жарыста сары құрлықтың белді балуандарының дені күш сынасты деуге болады. Араларында Олимпиада ойындары мен әлемдік додаларда атой салған саңлақтар да болды.
Әлішер Ерғали осы турнирде әуелгі кездесуін қырғызстандық Андрей Ароновпен өткізіп, қарсыласына ешбір мүмкіндік бермеді. Жеңіс біздің спортшы жағында. Ал, талай байрақты жарыстарда атой салып жүрген қандасымыз, осы күндері Қытай елінің намысын қорғап жүрген Әбусайман Хабиламен өткен финалдық бәсеке Әлішерге оңайға соққан жоқ. Десе де, бар күш-жігерін сарқа жұмсап күрескен Әлішер Ерғали намысты қолдан бермей, қарсыласын сан соқтырып кетті. Осылайша, жерлесіміз еркін күрестен Париж Олимпиадасына қатысуға жолдама еншілеп алды.

Марат Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой: