Ботулизмнің алдын алу
32 ViewsБотулизм – жалпы организмнің улануына әкеліп соғатын инфекциялық аупу түрі. Ботулизм – Clostridium botulinum бөліп шығаратын улы затпен (токсин) бүлінген, ластанған тамақтан жұғады, токсин…
Хамит Есаман 1986 жылы 16 тамызда Тұрар Рысқұлов ауданы, Тереңөзек ауылында дүниеге келген. “Жас толқын” сериясымен “Ағаштың бүрі” және “Қараша хаттары” өлеңдер жинағы жарық көрді. Ақынның өлеңдері жас ақындардың ұжымдық жинақтарына енген. Бірқатар облыстық, республикалық жыр-мүшәйралардың жүлдегері.
Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты.
– Әркімге де туған жері, өскен ортасы қымбат. Туған жері азаматтың болмысына, тағдырына әсер етеді деп жатады. Туған жерге жиі атбасын бұрып тұрасыз ба?
– Иә, кімнің де болсын тәу етер темірқазығы, жүз бұратын құбыласы туған жері ғой. Туған жерім қасиетті Құлан жері, Тереңөзек ауылы. Тарихи деректерден Құлан туралы жазбаларды көптеп кездестіруге болады. Бұдан кейін бұл өлке арғымақ баптаумен аты шыққан жер. Кезінде біздегі арманшыл көңіл, бұла жүрек көне тарих пен жылқы рухын сабақтастырып, өзінше жетілуге ұмтылды ғой. Туған жер азаматтың болмысына да, тағдырына да шынында әсер етеді. Ауылға атбасын бұрып, мүмкіндігім болғанша араласып тұрамын. Туған жеріне ту тіккен азамат адаспайды деп сенемін.
– Бүгінде мемлекеттік тапсырыспен екі бірдей өлеңдер кітабыңыз жарық көрді. Әр нәрсенің де бастауы болады ғой. Алғаш рет әдебиет әлеміне қызықтырып, өлең жаздырған қандай тылсым деп ойлайсыз?
– Бұл енді тағдыр ғой. Адам ақын, не жазушы болайын демейді. Егер олай ойлаған адам, болғысы келсе де бола алмайды. Менде басқа таңдау болған жоқ. Ақындық – мамандық емес. Рас, мектепте оқып жүргенде әдебиет пәнін жақсы көрдім. Ауыл баласымыз, көп нәрсе таңсық еді. Әдеби кітап аз. Қазіргідей интернет деген жоқ. Әйтеуір қолға түскен кітапты оқу олжа. Орыс тілі мен әдебиеті пәнінен Серік Спаналиев ағай сабақ берді. Сынып жетекшіміз болды. Ешкімнен де, ештеңеден де қорықпайтын, бәрін бетке айтатын кісі еді. Өкінішке қарай, өмірден ертерек өтіп кетті. Сол кісі ылғи да Пушкин, Толстой, Лермонтов, Есенин сияқты орыс қаламгерлері жайлы әңгімелер айтып беретін. Олардың өмірбаянын ғана емес, жасаған қателіктері жайлы да көп айтатын. Болашақта өмірлеріне сабақ болсын дегені шығар мүмкін.
Ал қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген Назым Өмірбекова апайымыз да білімді кісі. Жыраулар поэзиясынан бастап қазақ әдебиетінің тарихын ерінбей түсіндірген мұғалім. Бір жолы үйінен Жүсіпбек Аймауытовтың қалың қоңыр түсті кітабын әкеліп, сабақтан соң маған жазушы шығармаларынан екі күн ішінде конспект жасап келуге тапсырма берді. Шынында мұның сабаққа еш қатысы жоқ еді. Бәлкім, үміт күткен шығар. Мектеп оқушысында қайдағы терең әдеби білім болсын, әйтеуір оқып, түсінгенімді жазып әкелгем. Ол кісі менің бұл жұмысыма көтермелеп жоғары баға берген. Расында, осындай жағдайлар әдебиет әлеміне қызықтырды. Адам анасынан шығармашылық қабілетті болып туу керек қой. Әйтпесе бәрі бекер. Бірақ осындай сәттер сол қабілетті оятып, сананы сәулелендіре түседі. Сол Назым апайымыз қабырға газетін шығарып, оған бізге шағын өлеңдер, хабарламалар да жаздырған. Оған мені жауапты қылып қойды. Бірақ бірге оқитын отыз баланың бәрінің де әдебиетке ынтасы жоқ қой. Солардың әкелгендерін қарап, түзеп, күзеп дегендей, әйтеуір шығаратынбыз. Бәлкім менің қолыма қалам алдырған да осындай тылсым сәттер шығар.
– Бүгінде көптеген ақындар да, жазушылар да газетте жұмыс істейді. Мұның шығармашылыққа қиянаты жоқ па?
– Талантты адам бәрібір тасты жарады. Талантсыз адамның тыныштықта да тындырғаны болмайды. Әлем әдебиетінен таратсақ, француздың әйгілі жазушысы Бальзак қаламақы үшін газеттерге жиі мақала жазып тұрған. Бұл туралы ол өзінің «Үзілген үміттер» романында ақын жігіт Люсьеннің атынан айтады ғой. Сол Бальзак бүгінде адамзаттық биікке көтерілді. Стефан Цвейг те сондай. Өзіміздің Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев сияқты арыстарымыз да қазақ баспасөзін құрып, сонда жұмыс істеген. Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Төлен Әбдік, Оралхан Бөкей сияқты дара тұлғалар да газеттен шыққан. Сондықтан бәрі де әуелі талантқа, екінші адамның өзіне байланысты. Оның шығармашылыққа қиянаты жоқ деп білемін.
– Әрбір қаламгер оқуға тиісті үш кітапты атап беріңізші…
– Талғамға талас жоқ. Әркім таңдағанын оқиды. Бірақ адамзаттың рухани есеп беруі кезінде дүниеге келген ұлы қаламгерлер бар. Мәселен Сағди, Фирдоуси, Жәми сияқты шығыстың ұлы ақындары әлем руханиятына ұстаз болғандар. «Құдіретті комедия» деген алып шығарма жазған Данте бүкіладамзаттық құбылыс. Оның негізгі идеясы қасиетті кітап Құран мен шығыстың көне әдебиетінен алынған. Жас күнінде «Жас Вертердің жан азабы» деген туынды жазып, әлемді таңдандырған неміс Гете. Дала данышпаны Абай. Абай шығармашылығы адамзат ақыл- ойының түп қазығына байланған. Қазақ әдебиетінің алтын ғасырын жасаған Асан Қайғы, Доспамбет, Қазтуған, Шалкиіз жыраулар да бүкіладамзаттық құбылыс. Тек, қазақ талай жыл отар ел болған, сондықтан да бүгінде әлем мұндай ғажайыптарды білмейді. Адамның түбіне жететін әуесқойлық. Қазір әуесқой ақын, жазушылар көп. Бұлар адамды рухани байапатқа ұшыратады. Осындайдан сақтану керек.
– Шабыт деген не нәрсе? Шабыт сізге қашан келеді және оны қайдан аласыз?
– Шабыттың өзі шартты ұғым. Әлдекімдер шабыт келгенде жанымызды қоярға жер таба алмаймыз деп жатады. Мен бұған сенбеймін. Шын шығармашылық иесі өзінің ішкі азабымен алысады. Дүниедегі әртүрлі құбылыстардың өзі сананы қозғап тұрады. Бәлкім жақсы шығарма сол кезде ғана туады. Өлеңді түнде жазамын. Жоспарлы түрде емес, әрине. Жазбауға болмайтын кезде ғана.
– Бүгінде Алматы, Астана қаласы сияқты ірі орталықтарда емес, Әулиеата өңірінде жүріп жатырсыз. Әдеби орта керек па өзі?
– Әдеби орта шығарма жазып бермейді. Сондықтан әрбір адамның өзі әдеби орта деп ойлаймын. Мен білемін, Алматы, Астана сияқты ірі қалаларда жүргеннің бәрі талантты емес. Реті солай болған, жүріп жатыр. Бізде қазір ірі қалада тұратын адамды ірі санау әдетке айналған. Бәлкім сіз бен біз білмейтін керемет ақын қазір ауылда тұратын шығар. Мысалы Құланда тұратын Қуандық Шолақ ағамызға әдеби орта не береді. Ол онсыз да табиғат тамыршысы, ғажап ақын. Сол сияқты Тараз қаласында жазушы Несіпбек Дәутайұлы сияқты дегдар қаламгер тұрады. Есесіне, ол кісімен еліміздің төрт құбыласы түгел санасып отырады. Ал шабыт буып, шалықтап жүрмін дегеннің бәрі керемет емес. Тіпті әдебиет дегеннің өзі өлең не әңгіме, повесть, роман жазудан ғана тұрмайды.
– Енді әдебиет деген не сонда?
– Колумбия деген шағын ғана мемлекеттен шыққан Габриэль Гарсиа Маркес деген жазушы болған. Соның Нобель сыйлығын алған «Жүз жылдық жалғыздық» дейтін романы бар. Сол шығармада ол Макондо тұрғындары арқылы адамзаттың азып-тозуын жазады. Яғни, адамзаттың хайуандық дәрежеге дейін түсуі, адам болмысындағы түрлі қорқынышты нәрселердің қайтадан бой көтеруі романда көрініс тапқан. Одан кейін мәңгүрттік тақырыбына әуелі Әбіш Кекілбаев, кейіннен Шыңғыс Айтматов қалам тербеді. Екі жазушыда да адам ақыл-есінің ауысуы, сол арқылы мәңгүрттенуі бейнеленеді. Яғни, талантты қаламгер өз шығармалары арқылы адамзаттық апатты алдын-ала ескертіп отырады. Ал қазір әлемді қарасаңыз, дүниенің көбі азып-тозып жатыр ғой. Ақыл-есі бүтін, бірақ өзі мәңгүрт жандар көп. Бұлар шын мәңгүрттен әлдеқайда қауіпті. Шығарма осындай күрделі болуы керек. Бірақ бұл түсініксіз болсын деген сөз емес. Талантты шығарма адамзаттың алдынан шығып келген, әлі де шыға беретін түрлі сауалдарға жауап бере алуы керек. Ал, көрген-білгеніңді жаза беру әдебиет емес.
– Еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшілігінен бөлек, Қазақстан Жазушылар одағының Жамбыл облыстық филиалының директоры екенсіз. Бұл ретте жергілікті қаламгерлерге қолдау қандай?
– Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ұлықбек Есдәулет филиалды маған сеніп тапсырды. Маған дейін бұл жерде Несіпбек Дәутайұлы істеген. Сол кісінің батасын алып, келдім. Жергілікті жас ақындардың жеке кітаптарын облыстық бюджет арқылы шығару ойда бар. Шама келгенше әртүрлі әдеби кездесулер өткізіп жүрміз. Болашақта да бірқатар жоспарлар бар. Сәтін салса, көрерміз.
Сұхбаттасқан
Қарлығаш КҮМІСБАЕВА,
журналист.