Тыңдасаң, Өрнекте де мәселе жеткілікті

167 Views

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 3 наурыздағы №826-шы Жарлығына сәйкес, аудан әкімі Ернар Есіркепов кеше Өрнек ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Ербол Әбутәліпов, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, сондай-ақ, аудандық газ шаруашылығы мен электр желілерін тарату мекемесінің өкілдері де қатысты.
Кездесу Өрнек ауылындағы Алғабас орта мектебінде өтті. Өйткені бұл ауылда мәдениет ошағы жоқ. Сондықтан осындай жиындар мектепте өтеді. Бұл жолы да солай болды. Өрнек ауылдық округіне қарасты 5 елді мекен бар. Олар: Өрнек, Сәлімбай, Әбжапар, Жарлысу және Сұмқайты ауылдары. Сәлімбай ауылына жаңа су іркуіш имараты салынды. Қазіргі күні тұрғындар сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Былтыр ол жөнінде аудандық газеттің тілшілері мақала да жазған.
Жарлысудағы «жыр болған» ауыз судың да мәселесі де рет-ретімен шешілуде. Өйткені, тиісті жұмыстар атқарылуда. Өрнекте мәдениет ошағының жоғын жаздық. Мектепке де күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізетін уақыт таяған секілді.
Осыдан бірер жыл бұрын Әбжапар ауылына да жаңа су іркуіш имараты салынып, ауылішілік көшелерге су жүйесінің құбырлары тартылған болатын. Былтыр осы елді мекендегі бір көшенің электр бағаналары жаңартылып, ауыстырылған екен.
Ал Сұмқайты елді мекенінде де талай жылдан бері сөз болып келген ауыз суға қатысты жағдай да былтыр өз шешімін тапқан болатын. Аталмыш елді мекенге кешенді модульді блок қойылып, қазіргі таңда «қойлы ауылдың» тұрғындары да сапалы ауыз судың рахатын көріп отыр.
Жалпы, Өрнек ауылдық округіне қарасты Сәлімбай, Әбжапар, Жарлысу ауылдарында газға қатысты ешбір мәселе жоқ. Оқушылар келісті ғимаратта оқып жатыр. Яғни, мектеп бар. Жыл сайын ауылдық округке қарасты елді мекендердегі көшелерге де жоспар бойынша асфальт төселіп, көше жарықшамдары орнатылуда.
Осы біз атаған мәселелердің барлығын аудан басшысы Ернар Серікәліұлы кездесуге қатысқан тұрғындарға қағазға қарамай-ақ, дәйекті ақпараттармен егжей-тегжейлі түсіндіріп айтып берді. Содан соң кезек «Сұрақ – жауапқа» да келді. Кездесуге қатысқан тұрғындар Өрнек ауылына кіре-берістегі жолдың «Алдардың шапанындай шұрқ тесік» екенін айтып мәселе көтерді. Бұл мәселе хаттамаға енгізіліп, келер жылға жобалық-сметалық құжаттары әзірленетін болып шешілді. Ал, оған дейін ауылға кіреберістегі асфальт жолдың «қырық жамау тесіктеріне» ағынды жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ал, келесі бір тұрғын барлық ауылдардағыдай Өрнекте де жайылым жердің тапшылығы бар екенін сөз етті. Бұл мәселеге де қатысты аудан басшысы өз пікірін білдіріп, елді дүрліктірмей, алауыздыққа салынбай, ауылдық ардагерлер кеңесі мен жергілікті қоғамдастық мүшелері ақылдасып, бір мәмілеге келудің жолын қарастыруды айтты. Ал, «Өнерлі көшпенділер» жайдарман тобының жетекшісі Ілияс Әмзеқұлов командаға аудандық атқарушы биліктен қолдаудың жоғын айтып мәселе көтерді. Бір жағынан талай жылдан бері облыстық, республикалық жайдарман ойындарында жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүрген бастамашыл әрі жас жеткіншектердің шын жанашыры Ілияс Әмзеқұловтың бұл сауалы орынды да болды. Аудан әкімі Ернар Есіркепов бастамашыл әрі іскер жастарды әрқашан қолдайтынын айтып, келесі аптада жетекшінің өзін жеке қабылдайтынын жеткізді.
Кездесуден кейін қоғамдық қабылдау өтіп, онда аудан басшысы жеке сұрақтарымен қайырылған тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдады.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: