Шет тілін оқытудағы жаңа сандық әдіс-тәсілдерді қолдану – заман талабы

143 Views

Тіл – тірі жүйе және ол мәдениетті түсінудің кілті. Сонымен қатар адам­дар­дың ойлары ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отыратын құрал. Қазіргі заман талабы ағылшын тілін үйрену мен оны әртүрлі жағдаятта қолдану арқылы қарым-қатыста болу. Ал, сол тіл білімін жетілдіру – ол ағылшын тілі мұғалімінің негізгі біліктілігін арттыру курстарына қатысу арқылы жетіледі. Осыған орай, «Өрлеу» Жамбыл облысы бойынша Кәсіби даму институтының ұйымдастыруымен Т.Рысқұлов ауда­нында №6 мектеп-гимназиясында ағылшын тілі мұғалімдеріне «Ағылшын тілін оқытудағы инновациялық техно­ло­гиялар» тақырыбында білік­тілікті арттыру курсы өтуде.
Курс мақсаты – ағылшын тілін тиімдірек оқытуға ықпал ететін заманауи технологияларды, интерактивті әдісте­мелерді және озық педагогикалық тәжірибелермен таныстыру. Оқытудың жаңа стратегиялары мен әдістерін зерделеу және пайдалану мұғалімнің тиімді кәсіби дамуын қамтамасыз етеді. Оқушыларды әртүрлі іс-әрекеттермен баурап алуға және белсенді оқу ортасын құруға мүмкіндік береді. Осылайша оқушылардың мотивациясын арттыру, ауызша сөйлеу дағдыларын дамыту, басқа пәндермен интеграцияда тілді оқыту, білім беру процесін цифрландыру, оқушы мен мұғалімнің ғылыми-зерттеу жұмысын ұйымдастыру мәселелерін нақты шешуге ықпал етеді.
Бұл біліктілікті арттыру курсында тыңдаушыларға ағылшын тілін меңгеру дағдыларын жетілдіруге бағытталған сабақтарды, ағылшын тілі сабақтарында оқушыларды ынталандырудың тиімді әдістерін, оның ішінде арт-терапия әдістерін, маңызды интерактивті оқыту ортасын құру әдістерін пайдалана отырып, тілді оқыту әдістемесін жетілдіруге бағытталған сабақтарды ұштастыру арқылы кешенді кәсіби дамуға бірегей мүмкіндік береді. Икемді дағдыларды дамыту және қолдану нәтижесінде сыни тұрғыдан ойлау және эмоционалды интеллектті басқару сияқты сандық дағдыларды игеруге және жетілдіруге бағытталған іс-шаралар жүзеге асырылады.
Оқыту нәтижесінде курсқа қатысу­шылар оқытудың жаңа әдістемелерін ғана емес, сонымен қатар оқушыларға ағылшын тілін оқытудың тиімділігін арттыра отырып, инновацияларды оқу процесіне біріктіру дағдыларын да меңгереді. Тыңдаушылар алған білімін өз тәжірибесінде қолдануға үлкен мүмкіндік береді.

Дина Сейданова,
«БАҰО АҚ филиалы «Өрлеу» Жамбыл облысы бойынша
Кәсіби даму институтының аға оқытушысы.

Поделиться ссылкой: