Табиғат байлығымызды өрттен қорғайық!

148 Views

Орманның айналадағы қоршаған ортаға да үлкен әсері бар. Әсем тауларымыз бен ормандарымыз арнайы демалу орнына айналған. Аудан көлеміндегі орманды жерлеріміз, жанға дауа болуымен бірге жеміс-жидек, дәрілік өсімдіктер және жабайы аң-құстарға бай.Сонымен қатар 1 гектар орманды жер 1 гектар ауылшаруашылық алқабына қарағанда, 3-10 есе оттегіні көп шығарады. Табиғат әлемі өзара бір-бірімен тығыз байланыста, олар бір-бірінсіз тіршілік етіп, өмір сүре алмайды. Осы байлықты ел пайдасына айналдыру – біздің негізгі міндетіміз!
«Ақыртөбе ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі» КММ-нің қарамағында – 17038 гектар орман қоры жері бар. Оның ішінде – 5063 гектар жері орманды алқаптар. Орман қоры жерлері тау және құм алқаптарында Т.Рысқұлов аудан әкімшілігінің жеріне орналасқан. «Әр нәрсенің жауы бар» демекші, осы әсем дүниені түп орнымен құртып жіберетін орманның үлкен жауы өрт екенін білеміз. Өрттің кесірінен ағашпен бірге қаншама құнды өсімдіктер түбірімен жойылып, жабайы аңдар күйіп қырылатыны шындық. Сонымен қатар адам шығыны болып жатқаны белгілі. Өрттің шығу себептеріне келсек: үлкенді-кішілі топтар табиғат аясына шығып демалуы, жеке шаруа қожалық малшылары мен жұмысшылары от жағып, ас әзірлейді, техника жүргізушілері темекі тұқылын сөндірмей лақтыра салады. Ең өкініштісі, олардан соң күл-қоқыстар қалып, сөнбеген шоқтардан өрт шығып, табиғатқа үлкен зиян келіп жатады.
Орман дала өрттерінің қауіпті кезеңінің басталуына байланысты Қазақстан Республикасы Орман Кодексіне және Қазақстан Республикасы Өрт туралы заңына сәйкес, «Ақыртөбе ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ-нің аудан тұрғындарына:
– көктемгі дала жұмыстары кезінде, өрт қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауын қадағалауды;
– жергілікті жердегі орманшы-қорықшылармен бірлесіп, өртке қарсы іс-шаралардың орындалуына бақылау жасауды;
– орман өрті болған жағдайда шаруашылықтар мен ұйымдардың, жекелеген азаматтарды оны сөндіруге ұйымдастыруды және оған қажетті техникалар мен құралдарды дайын қалпында ұстауды сұрайды.
Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамағаны үшін ӘҚБтК-нің 367-бабына сәйкес, әкімшілік жауапкершілікке тартылатындығын ескертеді.
Өрт шыққан немесе байқаған жағдайда бірден өрт сөндіру бөліміне телефон арқылы 101 немесе Ақыртөбе КММ-не телефон: 5-34-97, 8705-737-10-33 нөмірлеріне, 7311/3*-рация байланысына хабарласыңыздар. Бұл сіздердің табиғатты қорғау жолында өз үлестеріңізді қосқандарыңыз болып табылады. Ормандарды тілсіз жаудан қорғау тек қана орманшылардың ғана емес, баршамыздың ортақ міндетіміз екендігін ұмытпайық.

Н.Сералиев,
«Ақыртөбе ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі» КММ-нің орман қорғау инженері.

Поделиться ссылкой: