Ғасыр жасаған АНА

182 Views

Біздің қазақ халқында «Шөберенің қолынан су ішкен жан – өмірдегі бақытты жан» деген адам жанын жадыратар қасиетті сөз бар. Менің осы мақалама арқау болып отырған кейіпкеріміз шөбереден шөпшек сүйіп, бүгінде 100 жасқа толып, шөпшектің қолынан май жалаған, бақытты әже Дайрабаева Балқия Қуанышқызы. Сондықтан Балқия анамызды өмірдегі бақытты жандардың бірі десем артық айтқаным емес. Балқия анамыз бұл бақытты күндерге жету жолында қаншама қиындықтарды бастан өткерді десеңізші. Балқия Қуанышқызы 1924 жылы қазіргі Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы, Жақсылық ауылында Қуаныш атамыз бен Нақыш апамыздың отбасында дүниеге келді.
Оның балалық шағы, жастық кезеңі оңай болған жоқ. Елімізді жайлаған ашаршылық жылдары, одан кейін Ұлы Отан соғысы бұл отбасына да тағдыр тауқыметін аямай тартқызды. Қуаныш атамыз бақуатты, малды кісі болған екен. Аймақтағы Шөңгер болыстығының биі болған. Бүкіл малын жаңа үкімет тәркілеп (кәмпескелеп) тартып алған соң көп ұзамай өзі де қайтыс болыпты. Ол кезде қызы Балқия небәрі жеті жаста екен. Нақыш әжеміз он бір құрсақ көтерген екен. Ашаршылық жылдарында қырғыз еліне Кетпентөбе деген жерге барып паналапты. Тағдырдың жазуы шығар, Балқия анамыздың бауырлары ашаршылық жылдарының зардабын тартып өмірден ерте кетті, ағасы Татарқұл Ұлы Отан соғысына аттанып майданда қаза тапты. Қайыпбай соғыстан елге келген соң қайтыс болған. Сөйтіп Нақыш апамыздың бауырынан өрбіген 11 баладан жалғыз ағасы Қайыпбай пен Балқия анамыз ғана өсіп, жетілді. Сол бір ел басына күн туған ауыртпашылық кезде бала-шағадан бастап, еңкейген қарттарға дейін таңның атысы мен күн батқанға қарамай қажырлы еңбек етті.
Майданда қан төгіліп, тылда тер төгіліп жатқан кезде әйелдер үлкен күшке айналды. Бір топ қыздармен бірге енді бойжете бастаған Балқия да Қарағандыға ФЗО-ға жұмысқа жіберіледі. Соғыс жүріп жатқан уақыт. Нақыш апа ұлдары Татарқұл мен Қайыпбай соғыста екендігін айтып қызы Балқияны Қарағандыдан қайтаруды сұрап Сталинге хат жаздыртады. Соның арқасында Балқия апамыз елге қайтарылады. «ФЗО-ға барған қыздардың ешқайсысы елге оралмады» – деп еске алады анамыз. 1945 жылы Ұлы Отан соғысынан жеңіспен оралған Дайрабаев Қырықбай Тельман колхозына парторг болып сайланып қызмет атқарады. Туған анасы Зыпан қайтыс болып кеткен, кейінгі анасы Шалтай апамен, жұбайы Шәрия және інісі Молдахалықпен Тельман колхозында бірге тұрады. 1946 жылы Қырықбай атамыз, анасы Шалтай екеуі құда түсіп, інісі Дайрабаев Молдахалық пен Балқия Қуанышқызын үйлендіреді. Жас отбасы Молдахалық пен Балқия сол кездегі аудан басшылығының ұйғаруымен ауданымыздың шаруашылықтарында қызмет атқарады. Атап айтқанда, Дайрабаев Молдахалық әкеміз Өрнек, Қаракемер, Калинин, Жалпақсаз, Тасшолақ, Сталин колхоздарында бас есепші, аудандық тұтынушылар одағында қойма меңгерушісі, «Путь коммунизма» колхозында тексеру комиссиясының төрағасы қызметтерін абыроймен атқарды. Ал, Балқия анамыз сол шаруашылықтарда қарапайым жұмысшы, қызылшашы болып еңбек етті. Балқия анамыз жалпы бес құрсақ көтерді. Жас отбасының өмірі соғыстан кейінгі ауыр жылдармен тұспа-тұс келді. Соның да әсері болған шығар, 1947 жылы туған тұңғыш қызы Роза, одан басқа тағы екі ұлы ерте қайтыс болды. Ұлдары Серік пен Жигули ата-анасының аяулы ұлдары аман есен үй-жайлы тәрбиелі, үлгілі отбасы болды. Молдахалық атамыз бен Балқия анамыз үлкен ұлы Серік пен келіні Орынкүлден екі ұл, үш қыз, кіші ұлы Жигули мен келіні Ұлбикеден төрт ұл, барлығы тоғыз немере сүйді.
Балқия анамыз 1949 жылдан 1975 жылға дейін бұрынғы Сталин колхозында, кейін «Путь коммунизма» колхозында алғаш қызылшашы, кейін 25 жыл бойы үздіксіз звено жетекшісі болып аянбай абыройлы еңбек етті. Партия мүшелігіне қабылданды. Қант қызылшасынан жыл сайын мол өнім алуға қол жеткізді. Қант қызылшасынан жоғары өнім алу қиынның қиыны. Балқия анамыз қарамағындағы 40 қызылшашыны үнемі сапалы жұмыс атқаруға жұмылдыра білді. Әсіресе ең алғашында қызылша сапалы жекеленіп бірден арам шөптерден тазартылуын қатаң талап етіп отырды. Одан соң түрлі тыңайтқыштардың дұрыс берілуін жіті қадағалайтын. Қарамағындағы қырық әйел әрқайсысы бір үйдің отанасы. Сондықтан олардың әлеуметтік-тұрмыс жағдайларына да үнемі көңіл бөліп, қамқоршы болды. Балаларына саналы тәрбие беру туралы да ақыл кеңестерін беріп отырды.
Звено қарамағындағы 110 гектар қызылшаның әр гектарынан 580 центнерден өнім алып биіктен көрінді. 1962 жылдан бастап, үш рет Москвадағы Бүкіл Одақтық Халық Шаруашылығы (ВДНХ) көрмесінің алтын медалін иеленді. «В.И.Лениннің 100 жылдығы», «Ерен еңбегі» үшін т.б. медальдармен, «Еңбек Қызыл Туы» орденімен, екі рет «Қазақ ССРы Жоғары Советінің Құрмет Грамотасымен» марапатталды. 1966 жылы Дайрабаева Балқияның звеносына Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаев атамыз арнайы ат басын бұрып келгені де үлкен мақтаныш. Бірнеше рет аудандық және селолық советтердің депутаты болып сайланды. Балалары мен немерелерін адалдыққа, адамгершілікке, еңбек­сүйгіштікке, отаншылдыққа тәрбие­ле­ді. Үлкен ұлы Серік туған колхозының экономикасының өсіп өркендеуіне мол үлес қосқан азамат. Шаруашылықтағы жүзге жуық автомашиналардың үздіксіз жұмыс атқаруын қамтамасыз етіп, автогараж басшысы болып өмірінің соңына дейін абыройлы еңбек етті. Келіні Орынкүл де өмірінің соңына дейін денсаулық сақтау саласында жемісті жұмыс атқарды. Ұлы Дайрабаев Жигули Молдахалықұлы «Путь коммунизма» колхозында еңбек жолын шопан көмекшісі, жүргізуші болып бастап, колхоз комсомол комитетінің хатшысы, аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы, кәсіподақ ұйымының төрағасы, Каменка селолық советі атқару комитетінің төрағасы, Луговой аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, Алғабас совхозының партком секретары, Жамбыл колхозы­ның бастығы, Қазақ ССР Жоғары Советінің депутаты, Элеватор ди­рек­торы, КАЗ ЭКСИМ басшысы, Жамбыл облыстық фермерлер ода­ғының төрағасы қызметтерін абырой­мен атқарып үлкен тәрбие және шаруа­шылық басқару мектептерінен өтіп, бүгінгі күнде Қазақстан Фермерлер Қауымдастығының төрағасы, Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер болды.
Қазір Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. Келіні Ұлбике мемлекеттік мекемелерде түрлі қызметтерді жемісті атқарып зейнетке шыққан. Құлан аймағындағы бақ-береке тұрақтаған шаңырақтың иесі де, киесі де Балқия анамыз. Ана бойындағы ақылдылық, еңбексүйгіштік, бауырмалдық, адалдық, қажырлылық сияқты мінезі мен адами қасиеттері ұрпақтарына дарыған. Бүгін­де екі ұлдан тараған тоғыз неме­реден 23 шөбере, 2 шөпшек Балқия анамызды шексіз қуанышқа бөлеп, киелі шаңырақтың шаттығын еселеп жүр. Балқия әже – балаларын саналы азамат етіп тәрбиелеген, сол еңбегінің жемісін жеп отырған бақытты ана. Немерелерінің барлығы жоғары білімді, еліміздің халық щаруашылығында әр салада еңбек етуде. Барлығы үйлі-жайлы. Өзі туралы сұрап білгеннен соң «Сіздің жастарға қандай тілегіңіз бар?» – деген сұрағымызға: – Балқия Қуаныш­қызы ойланбастан: «Қазақ еліміз аман болсын, бейбітшілік заман болсын, су тасқыны тоқтап, халқымыз берекелі өмір сүрсін, тілегім осы» – деді.
Бүкіл өмірін балаларына, өзі еңбек еткен еңбек ұжымдардың, ауданымыздың дамуына, өсіп өркен­деуіне арнаған сүйікті әжесі Дайрабаева Балқия Қуанышқызына немерелері 11 мамыр күні 100 жасқа толуына орай құрмет көрсетеді. Әрбір ана сүйікті әже атанып, бақыт биігінен түспесе екен дегім келеді.

Серік Өтегенов,
Қазақстан халқы Ассамблеясы Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов
аудандық ақсақалдар Кеңесінің төрағасы.

Поделиться ссылкой: