Кітап – «көзі жұмыққа» арзан, көзі ашыққа маржан

165 Views

Кітап – сенің ақылгөй адал досың, өмірлік есті жолдасың. Саған ақыл айтудан жалықпайтын шебер ұстаз. Сен ала білсең, ол бере біледі. Кітап – жан айнасы. Оған қарап бойыңды да, ойыңды да түзетуге болады.

Кітап адамның мәңгілік досы болуы қажет. Кітаппен достаса білген адамның ой-өрісі кең, сөздік қоры бай, жан-жақты ойлай алатын, жеке пікірі бар тұлға болып қалыптасады. Ұлы Шекспирдің өзі «Кітап – маған тақтан да қымбат» деп айтқан. Дамыған қоғамда кітап кез келген байлықтан жоғары тұрады.
Тарих парағына көз жүгіртсек, қай ғасырда болмасын кітабы көп қоғам алда тұрғаны хақ. Әлемге әйгілі түркі халқының қаласы Отырар да өзінің ең үлкен кітапханасымен танылды. Ірі ойшылдар Отырарда туылды. Кітапхана қиратылып, кітаптар өртенген сәттен бастап Отырар халқының жалындап жанған шамшырағы сөне бастады.
Біз осы жағдаяттарды жас буынға ылғи айтып отыруымыз қажет. Кітап жас баланың бойында тұмшаланған шығармашылықты, адами қасиетті оятатынын оқушылар да түсінуі керек. Атақты жазушы Максим Горький «Мен бойымдағы асыл қасиеттер үшін кітапқа қарыздармын» – депті. Кітап оқудан қалған ұлт, әсіресе жас ұрпақ орны толмас рухани жұтқа ұшырап, азғындыққа құламай қоймайды. Сол себепті, мен балаға мұра етіп байлық қалдырғаннан гөрі, кітап қалдырған бағалы деп санаймын. «Кітап – көзі жұмыққа арзан, көзі ашыққа маржан».
Жас шыбықтай әлсіз, дара жолын қалыптастыра білмеген жас ұрпақ алғаш кітап әлеміне саяхатын «Қазақ әдебиетінен» бастауы міндет деп санаймын. Республикалық «Ұлан» газеті редакциясының ұйымдастыруымен болашағын журна­листикамен байланыстырған жас талап­кер­лер белгілі ақын Ерлан Жүніспен кездестік. Кездесу кезінде Ерлан Жүніс: «Он алтыға толмаған жас балаға шетелдік кітапты бермеу керек. Себебі кітап оқи отырып өскелең ұрпақ өз бойына сол ұлттың менталитетін сіңіреді. Міне, осыдан еліктеуіштік, мәдениеттің бұрмалануы басталады» – деп еді. Бұл пікірмен толықтай келісемін.
Жастар арасынан «Кітап оқитын уақытым жоқ» – деген жаңсақ пікірді жиі естіп жатамыз. Мұхтар Әуезов айтқандай, «Тегінде қай мамандық саласында жүрген адам болса да, шын интеллигент дәрежесіне жету үшін, әдебиетті білу – жалпыға ортақ шарт. Әр адамның ең жақын досы – бала күнінен көрге дейін бірге еретін өмір досы, ұзақ досы – кітап болғанда, сол нәрлі достық ең әуелі әдебиет кітабымен достасудан басталады». Кітап тек оқу мен білу емес, кітап тұлға болып қалыптасуға жетелейді. Тіпті, ұлы ойшыл Абай да Е.Михаэлис, С.Гросс, Н.Коншинді оқу арқылы жеке көзқарасын қалыптастырған жоқ па?
Әрбір кітап сүйер оқырманның сүйікті авторы болары сөзсіз. Мен көш басына Мұхтар Әуезовты қоямын. «Абай жолы» роман-эпопеясында Мұзтар Әуезов қазақтың нәрлі сөздерін көркемдік образбен жаза білген. Дулат Исабеков, Оралхан Бөкей секілді жазушыларды да осы қатарға қосамын. Әңгіме, романдары тілге жеңіл болғанымен, ойы зілдей. Екі алыптың қолынан шыққан еңбек қисық ағашты түзулеп шығады. Қазақтың кешкі у-ду кешін, көз тоймайтын табиғатын суреттеуі ешкімге ұқсамайтын шеберлік.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, кітап сарқылмайтын теңдесі жоқ алтын бұлақ және көнеріп тозуды білмейтін асыл қазына. «Артық білім кітапта, Ерінбе оқып көруге» – деп ұлы ақынымыз Абай жырлағандай, кітап оқуға, білім алуға асығайық. Кітапты түйсініп, жан тәніңізбен сезіне оқыңыз. Кітаптан алар азығыңыз көп болады.

Нұрай Нұрболқызы,
Әлихан Бөкейханов атындағы
орта мектептің 11 сынып оқушысы.

Поделиться ссылкой: