Мерген Мырзабек

190 Views

Қызылшаруа ауылында көнекөз қариялардан ешкім де қалмаған шығар-ау. Осыдан отыз жыл шамасы бұрын Мырзекеңнен бірі үлкен бірі кіші Ауғамбай, Дүйсембек, Сәтімбай ақсақалдар жағалай қоныстанған шатырлы тамның алдындағы ағаш сәкіде отырып өткен-кеткенді әңгімелеуші еді. Сонда Шалғынбай, Атабай, Сансызбай қатарлы Мырзабектің майдандағы ерліктерін жыр етіп айтып отыратын. Әсіресе, Мырзабектің мергендігін сөз еткенде бала біткен құлақтарын түріп ентелей түсетін. Мырзекеңнің өзі тумысынан сөзге шорқақ, тегі мақтанғанды жақтыра бермейтін бір бекзат кісі еді ғой. Оның «Ерлігі үшін» алған медалін былай қойғанның өзінде омырауын үшінші дәрежелі Даңқ және «Қызыл Жұлдыз» ордендері толтырып тұратын. Онда да осы наградаларын майдангер көптің көзіне түсу үшін тақпайтын.
Бірде Қызылшаруа ауылындағы Бекнұрман келіні Ұлбосынға майданнан хат келеді. Соғыс жүріп жатқан кез. Мұндайда жұрт елге келген хат-хабарды жапатармағай жабыла оқитын. Оның үстіне солдат жарына хатпен бірге майдандық «Удар по врагу» атты газет те қоса келіпті. Жауынгерлік газеттің шыққан күні де жазылыпты. Оны пошташы бүкіл елдің алдында тұрып алып дауыстап оқып берді. «22-ші желтоқсан, 1943 жыл» деген жазуы бар. Онда былай деп жазылыпты: «… – Таңғы шапақ білініп келеді. Алдыңғы шеп жым-жырт. Бекнұрмановтың қай тұста жатқан жерін білгім келіп жан жақты ары шолдым-бері шолдым…селт еткен бір қимыл жоқ. Шамасы әбден мықтап жасырынған болуы керек, – деп жазады лейтенант П.Заякин. – Жаудың жасыл желекке оранған каскасын қалт жібермей аңдып отырған мерген бір кезде бар бойымен сорайып көрінген фрицті еңкейе беріп топырақ тырмалап жатқанда нысанаға алып, шүріппені басып қалды. Мерген мүлт кетпепті, оқ дәл тиіпті.
Мырзабек бар ынта-шынтасымен демін ішіне тартып, тағы да бір оңтайлы сәтті күтіп жатыр. Осы уақытқа дейін кіші сержант Мырзабек Бекнұрманов 140 немістің көзін жойыпты. Иә, ол әйгілі мерген Василий Ратаевтың өзінен дәріс алған ғой. Оның өзінің де шәкірттері жетеді. Мәселен, мерген Акимовтың есебінде 31, сержант Шеголевте 15, кіші сержант Смирновта 7 неміс бар. Біздің атқыштарымыз осылайша Сталин жолдастың бұй­рығын бұлжытпай орындауда» дейді майдандық газет тілшісі.
Биыл батыстағы соғыс өртінің сөнгеніне тура 79 жыл болады. Егер мерген жерлесіміз тірі болса 110 жасқа толатын екен. Мырзекең Меркі әскери комиссариатынан майданға 1939 жылдың қыркүйек айында аттаныпты. Қызыл Армия сапында бес жыл жүріп, Ленинград майданында болып екі рет жараланыпты. Ол Псков аралы маңында барлаушы жасағына қорған бола жүріп, бір топ гитлершілдердің тұтқынға түсуіне көмектеседі. Бұл 1944 жылдың 10-шы наурызы күні болатын. Әскери командование Бекнұрмановтың осы өжеттігін ескерусіз қалдырмай оған «Әскери қызметі үшін» медалін береді. Бірінші дәрежелі Отан соғысы орденімен де осы жолы марапатталады.
Майдангер Мырзабек Бекнұрманов 123-ші атқыштар дивизиясындағы 272-ші полк құрамында болып, Прибалтика майданында соғысты жеңіспен аяқ­тай­ды. Елге оралған соң алғаш Жалпақсазда парторг болады. Тұңғышы Ырысқан осы мекенде дүниеге келеді. 1948 жылы туылған қызы Седепкүл, одан кейінгі дүние есігін ашқан екі ұлы Рыскелді мен Рысжан да қазір үйлі баранды, балалы-шағалы болып отырған жайы бар. Майдангердің көзі кеткенмен ол кісінің ұрпақтары өсіп-өніп, бүгінде бұталы терекке сабағын жайған бәйтеректей ғұмыр кешуде. Мырзекеңнің Рысжан есімді ұлы биыл зейнет демалысына шықты. Иә, «Орнында бар оңалар» деген рас-ау. Рысжанның алты немересі бар. Өзі білдей инженер-механик болып, Жамбылдағы аяқ киім бірлестігінде мінсіз қызмет етіп, Луговойдағы аяқ киім фабрикасында, әскери бөлімдегі үй басқармасында, «Құлан мұнай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде басшы болып, зейнетке жас натура­листер мектебінде жүріп шықты.
«Әке көрген оқ жонар» демекші, Рысжанның Ерболы мен Нұрболы да өмірден өз орнын тапты. Олардың аналары Алтыншаш немерелерінің қызығын көріп ата-ана өсиетін берік ұстанып, майдангер аталарының рухына бағыштап құран оқытып, ол кісінің атақ-даңқын кейінгі ұрпаққа үнемі айтып отырады. Иә, аға ұрпақтың ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес. Өйткені, ол – мәңгі есте сақталады.

Мырзабек бар ынта-шынтасымен демін ішіне тартып, тағы да бір оңтайлы сәтті күтіп жатыр. Осы уақытқа дейін кіші сержант Мырзабек Бекнұрманов 140 немістің көзін жойыпты. Иә, ол әйгілі мерген Василий Ратаевтың өзінен дәріс алған ғой. Оның өзінің де шәкірттері жетеді. Мәселен, мерген Акимовтың есебінде 31, сержант Шеголевте 15, кіші сержант Смирновта 7 неміс бар. Біздің атқыштарымыз осылайша Сталин жолдастың бұй­рығын бұлжытпай орындауда» дейді майдандық газет тілшісі.

С.Қожеке.

Суретте: майдангер Мырзабек Бекнұрманов зайыбы Ұлбосын апамен және немересі Ерболмен бірге. (Сурет Бекнұрмановтардың отбасылық архивінен алынды).

Поделиться ссылкой: