Адалдықтан айнымаған жан

240 Views

Тәуелсіз Қазақстан­ның құқықтық мемлекет ретінде қалыптасып, заңдық мүдделерінің орнығуында сот жүйесінің алар орны ерекше. Ал, осы сот жүйесінде қарапайымдылықты ұстын етіп қаншама адамдар еңбек етуде. «Сот жүйесі – әділдік айнасы» деген ұлағатты ұғым Гүлнәр Орымбековаға арнайы айтылғандай. Өйткені Гүлнәр Орымбекова Тұрар Рысқұлов аудандық сот жүйесіндегі қай қызметті болмасын жан-тәнімен беріліп, абыроймен атқарып келеді. Осы сот жүйесіне жауапкершілігімен, еңбекққорлығымен елеулі үлес қосып келе жатқан қызметкердің бірегейі деп кейіпкерімізді толықтай айта аламыз.
Тұрар Рысқұлов аудандық соты әкімшісінің басшысы Гүлнәр Орымбекованың өмірі туралы айтатын болсақ, 1963 жылы Жамбыл облысы Луговой ауданы, Луговой ауылында дүниеге келген. Луговой ауылындағы Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейін үздік бағамен бітірген.
Еңбек жолын 1981 жылы маусым айында Жамбыл облысы, Луговой ауданының, Луговой халық сотының сот отырысының хатшысы қызметінен бастап, 1982 жылдан осы Луговой халық сотының кеңсе меңгерушісі қызметіне ауыстырылды. 2023 жылға дейін осы қызметті абыроймен атқарды. 2023 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін аудандық сот әкімшісі басшысы қызметін атқарып келеді.
Еңбек жолында жылдар бойы ерен еңбегі үшін сан мәрте мадақтаулар мен марапаттауларға ие болды.
Біздің кейіпкеріміз сот жүйесі ұжымына қадірлі сондай-ақ, зор бедел мен құрметке ие. Әрине, бұл абыройлы атақ тынымсыз еңбектің өз бойынан табылуымен қатар, темірдей тәртіп пен қызметті байланыстыра білгеннің арқасы.
Гүлнәр Орымбекова отбасында бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған аяулы ана, сүйікті жар. Гүлнәр Орымбекованың сот саласында еткен еңбегімен қатар сол ұжымда қызметтес болған шәкірттері өте көп. Ол шәкірттерін өзі сияқты адал, еңбекқор, жауапкершілікті, мәдениетті, қоғамдық орындарда өздерін әділетті, көпшіл етіп ұстауға тәрбиеледі. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» – деген хакім Абайдың өсиетін шәкірттерінің саналарына сіңдірді деуге болады. Қазіргі таңда Гүлнәр Орымбекованың тәрбиелеген шәкірттері сот жүйесінің сан саласында қызмет істеуде. Атап айтқанда, Түркістан, Жамбыл, Алматы және Астана қалаларында. Ақылбек Дауренбеков, Жазира Бейсенбина, Динара Кадерқұлқызы, Баян Егембердиева сынды шәкірттері судьялық қызмет атқарады. Әпкейлерінің айтқан ақылының, берген тәлім-тәрбиесінің арқасында бәрі де сүбелі еңбек етіп жатыр.
Тұрар Рысқұлов аудандық сот ұжымы Гүлнәр Садайқызы Орымбекованы құрметті еңбек демалысы зейнетке шығуымен және «24 маусым – Судьялар мен сот қызметкерлерінің күні» мерекесімен шын жүректен құттықтайды.
«Жас кезіңде бейнет көр, қартай­ғанда зейнет көр» дейді дана қазақ. Біз де кейіпкерімізге еңбегінің зейнетін көріп, жақсы қартаюды, дені сау болып, жемісті еңбек, берекелі тұрмыс, ұзақ өмір, шөбере-шөпшек сүйіп, елінің құрметті азаматшасы болып жүре беруін тілейміз. 

М.Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой: