Құлан ауылдық округі әкімі лауазымына үміткерлердің өмірбаяны мен сайлауалды бағдарламалары

142 Views

Өмірбаяны
Өскенбаев Көпжасар Төлегенұлы 1971 жылдың 18 қаңтарында Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келген. 1977-1987 жылдары Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектебінде білім алған. 1990 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түсіп, аталмыш жоғары оқу ордасын 1995 жылы бітірген. Мамандығы – биология пәнінің мұғалімі. Білімі – жоғары. Еңбек жолын 1995 жылы Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектебінде тәнтану пәнінің мұғалімі болып бастаған. Содан кейін түрлі қызметтік сатылардан өтіп, еселі еңбек еткен. 1998 жылы МУПК мастер, 1998-2001 жылдары №2 орта мектебінде биология пәнінің мұғалімі, 2001-2003 жылдары №2 орта мектебінде мектеп директорының орынбасары әрі психолог болып қызмет істеген. 2003-2005 жылдары аудандық білім бөлімінде әдіскер, 2005-2011 жылдары Октябрьшаруа орта мектебінің директоры, 2011-2014 жылдары Мұхтар Әуезов атындағы тірек мектептің директоры болып қызмет атқарған. Содан кейін Қаныш Сәтбаев атындағы шағын орталықты орта мектебінің директоры болып жұмыс істеген. Қазіргі таңда аудандық білім бөлімінде әдіскер болып жұмыс жасайды.
Сайлауалды бағдарламасы
Құрметті сайлаушылар! Мен үшін ашықтық, әділдік әрқашан алдыңғы орында тұрады. Менің пікірімше, ұлтқа қызмет ету – осы құндылықтардан басталады. Сондықтан осы уақытқа дейін жинаған тәжірибемді жеке мүддеге емес, мемлекетімнің өрісті дамуына жұмсасам деген ниетпен аудандық аумақтық сайлау комиссиясына кандидат ретінде тіркеліп, өзімнің сайлауалды бағдарламамды жазып шықтым.
Әкім болу – мен үшін атақ емес. Ол мен үшін – ұлтқа қызмет ету деген сөз. Ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызметте еңбек еттім. Осы қызметте жұмыс жасай жүріп, өміріме азық боларлық көптеген тәжірибе жинадым десем болады. Сол жинаған тәжірибені елдің мүддесіне жұмсайтын уақыт келді. Сол себепті, белді бекем буып, Құлан ауылдық округі әкімінің лауазымына үміткер болып, сайлауға қатысып отырмын.
Әлбетте, бірінші кезекте біздің елге керекті құндылықтың бірі – тұрақтылық пен бірлік. Оны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та ұдайы айтып жүр. Халық та оны түсінеді. Мен де еліміздің жас өскіндері берекелі бейбіт заманда ғұмыр кешіп, алаңсыз білім алса дейтін азаматтардың қатарынанмын. Сондықтан тәу етер Тәуелсіздігімізді қадірлеп, тұтастай ұлт берекелі бірліктің қадірін ұқса деймін. Егерде Құлан ауылдық округіне әкім болып сайланып жатсам, халықтың әл-ауқатының жақсаруына бар күш-жігерімді сарқа жұмсап, еңбек ететін боламын.
Рас, Құлан ауылдық округі жыл сайын жаңарып, жаңғырып келеді. Дегенмен, әлі де болса, асфальт төселмеген көшелер бар. Жарықшам орнатылмаған көшелерде кездеседі. Әкім болып сайланып жатсам, осы мәселелердің барлығы бақылауымда болады. Ауылдық округке қарасты Қарақат және Шөңгер елді мекендеріне де жіті көңіл аударамын. Көктем және күз айларында сенбіліктер ұйымдастырып, жалпы көріктендіру және абаттандыру жұмыстарын ұдайы басты назарға алатын боламын. Кәсіпкерлікпен айналы­самын деген азаматтарға қолымнан келгенше қолдау көрсетемін. Жұмыссыз азаматтарды қолдап қуаттап, шамамның келгенінше оларды да жұмыспен қамтамасыз етуге тырысамын. Біздің аудан – аграрлы аймақ. Ауылдағы шаруа қожалық жетекшілерімен бірлесе жұмыс жасап, егістік өнімдерінің жоғары сұранысқа ие майлы дақылдарын өсіру жұмыстарын жолға қойсам деген ойым бар.
Құрметті сайлаушылар! Маусымның 2-сі күні өз таңдауыңызды жасаңыз! Мен әрқашан ашықтықты қолдаймын.

Поделиться ссылкой: