Құлан ауылдық округі әкімі лауазымына үміткерлердің өмірбаяны мен сайлауалды бағдарламалары

143 Views

Өмірбаяны
Жапар Бекболат Әбітханұлы 1993 жылдың 7 қазанында Жамбыл облысы, Талас ауданы, Майтөбек ауылында дүниеге келген. 2015 жылы Тараз инновациялық-гуманитарлық университетін тәмамдаған. Білімі – жоғары. Еңбек жолын «Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің қаржы бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы бастаған. Содан кейін Тұрар Рысқұлов аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы санитариялық-гигиеналық қадағалау және техникалық регламенттер талаптарының сақталуын бақылау бөлімінің жетекші маманы, Тұрар Рысқұлов аудандық тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының санитариялық-гигиеналық қадағалау және техникалық регламенттер талаптарының сақталуын бақылау бөлімінің жетекші маманы болып қызмет істеген. Қазіргі таңда Көкдөнен ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы болып қызмет атқарады.
Сайлауалды бағдарламасы
Құрметті сайлаушылар! «Жас келсе – іске» дейді дана халқымыз. Қарап отырсаңыз, мен қатарлы көптеген жастар мемлекеттік қызметте өздерін жақсы қырынан көрсетіп, еңбек етіп жүр. Мен де өзімнің қарым-қабілетімді мемлекетімнің қарышты дамуына жұмсағым келеді. Бар мақсатым – елдік мүддеге қызмет ету.
Өзін жан-жақты қырынан көрсетіп, еңбек етемін дейтін жас болса, онда оған толық мүмкіндік бар. Соның бірі – өзіммін дей аламын. Алғашқы еңбек жолымды «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы бастаған едім. Содан кейін әрдайым ізденіп, өзімнің жиған білімімді теориямен ұштастырып қана қоймай, практикалық тұрғыдан да тәжірибемді жетілдірдім десем болады. Мен әлі де болса өз мүмкіндігімді толық көрсетсем деймін. Сол себепті де Құлан ауылдық округі әкімінің лауазымына кандидат ретінде тіркеліп, сіздердің назарларыңызға сайлауалды бағдарламамды ұсынып отырмын.
Иә, түсінемін. Құлан ауылдық округі аудан аумағындағы халық саны көп ауылдық округтердің бірі. «Жас бала» бұл қызметті қалай істесін деуіңіз де мүмкін. Алайда, сөзімнің басында да атап өттім ғой. Дана халқымыз «Жас келсе – іске» деген. Осы сөздің астарының өзі біраз жайтты ұқтырып тұр. Тәуекел етпесең, тағы болмайды. Сондықтан тәуекел деп, іске кіріскен жағдайым бар. Егерде Құлан ауылдық округіне әкім болып сайланып жатсам, бар күш-жігерімді жаңа жұмыс орындарын ашуға жұмсайтын боламын. Өндіріс ошақтары салынса ғана біз жұмыссыздықты жоя аламыз.
Шүкір, қазір ел экономикасы қарышты дамып келе жатыр. Көптеген әлеуметтік нысандар салынып жатыр. Барлығын көзіміз көріп отыр. Ең бастысы, адал еңбек етсең болғаны. Адал азаматтың зор табысқа кенелетінін ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та Атырау жерінде өткен Ұлттық құрылтайда айтқан болатын. Менің басты мақсатым да сол, халыққа, мемлекетіме адал қызмет ету.
Әкімдік лауазымға өтіп жатсам, аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі жандарға қолымнан келгенше қолдау көрсетемін. Кәсіп ашамын деген жастар болса, оларға өз тарапымнан қолдау көрсетуге де әзірмін.
Құрметті сайлаушылар! Маған сеніп, дауыс берсеңіздер, мен сіздердің сенімдеріңізді ақтауға тырысамын. Ең бастысы, азаматтық ұстанымыңызды білдіріп, 2-ші маусымда өз таңдауыңызды жасаңыз!

Поделиться ссылкой: